Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонның шақыруы бойынша Душанбеде ресми сапармен болып, екіжақты келіссөз жүргізді. Келіссөз барысында сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық, халықаралық және аймақтық қауіпсіздік мәселелері кеңінен талқыланды.
Жоғары деңгейдегі мемлекетаралық келіссөздер басталмас бұрын Қазақстан Президентін салтанатты түрде қарсы алу рәсімі өтті. Құрмет қарауылының бастығы рапорт жасап, екі елдің мемлекеттік әнұрандары орындалды. Мұнан соң Қасым-Жомарт Тоқаев Тәжікстанның мемлекеттік туына құрмет көрсетті. Мемлекет басшылары Құрмет қарауылы сапының алдынан өтіп, бір-біріне ресми делегациялардың мүшелерін таныстырды.
Салтанатты рәсімнен кейін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Қасри Миллат» сарайында Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонмен шағын құрамда екіжақты келіссөз жүргізді.
Тараптар қазақ-тәжік стратегиялық әріптестігінің кең ауқымды мәселелерін қарастырды. Сондай-ақ саяси диалогті нығайтуға ерекше көңіл бөле отырып, сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты арттыру жағдайын талқылады. Сонымен қатар Орталық Азиядағы қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету және халықаралық құрылымдар аясындағы өзара ықпалдастық мәлелелері қозғалды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Эмомали Рахмонға тәжік жеріне келгеннен бастап өзіне және қазақстандық делегацияға көрсеткен қонақжайлылығы мен құрметі үшін шынайы ризашылығын білдірді.
– Екіжақты ынтымақтастықты дамытуға және нығайтуға байланысты маңызды мәселелер қарастырылатын болғандықтан, біз осы сапарға зор мән береміз. Бұл ретте талқылайтын мәселе жеткілікті. Былтыр пандемияға қарамастан, өзара сауда-саттық көлемі 800 миллион долларға жетті. Бұл сауда-экономикалық саладағы әлеуетіміздің әлі де мол екенін көрсетеді. Әрине, біз де өз тарапымыздан бірқатар ұсыныс жасаймыз. Сондай-ақ сіздердің де ұсыныстарыңызды тыңдауға дайынбыз, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы халықаралық күн тәртібіндегі мәселелерге де тоқталып, екі елдің БҰҰ, ШЫҰ, ЕҚЫҰ аясындағы өзара табысты ынтымақтастығын атап өтті. Сонымен қатар Президент Қ.Тоқаев Қазақстанның Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестегі бастамаларына тұрақты түрде қолдау көрсетіп келе жатқаны үшін тәжік көшбасшысына алғыс айтып, Тәжікстанның осы беделді құрылымға 2018-2020 жылдары табысты төрағалық еткенімен құттықтады.
– Жалпы, барлық бағыт бойынша ынтымақтастықты нығайту үшін мол мүмкіндігіміз бар. Қазақстан мен Тәжікстан – бауырлас мемлекеттер. Бұл артық айтқандық емес, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Өз кезегінде Эмомали Рахмон Қасым-Жомарт Тоқаевқа Тәжікстанға ресми сапармен келгені үшін шынайы ілтипатын білдірді.
– Тәжік-қазақ қатынастары бүгінде ынтымақтастықтың барлық саласы бойынша қарқынды дамып келеді. Қазақстан – Тәжікстанның жетекші сауда-экономикалық серіктестерінің ішінде екінші орында. Рухани, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық және қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы ықпалдастық нығайып келеді. Елдеріміздің ТМД, ШЫҰ, ҰҚШҰ және АӨСШК аясындағы ынтымақтастығы табысты дамуда, – деді Тәжікстан Президенті.
Эмомали Рахмон екі ел арасындағы көпжақты қатынастардың барлық саласы бойынша ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға дайын екенін айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Эмомали Рахмон шағын пішіндегі кездесуден кейін екі елдің ресми делегацияларының қатысуымен кеңейтілген құрамда келіссөз өткізді.
Кездесу барысында Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайту, оның ішінде өзара тауар айналымын ұлғайту, инвестиция тарту, өнеркәсіп кооперациясын арттыру, ауыл шаруашылығы, көлік-транзит әлеуетін дамыту мәселелеріне баса мән берілді. Сондай-ақ су-энергетика, әскери-техникалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ықпалдастық жағдайы талқыланды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Эмомали Рахмонға қонақжайлылық танытқаны үшін алғыс айтып, бұл өзінің Қазақстан Президенті ретінде Тәжікстанға жасаған тұңғыш әрі пандемия жағдайындағы алғашқы ресми сапары екенін айтты.
– Бұл жағдай көп дүниеден хабар береді деп ойлаймын. Шын мәнінде, Тәжікстан біздің сенімді стратегиялық серіктесіміз әрі одақтасымыз. Біз де Тәжікстанмен арадағы ынтымақтастықты жоғары бағалаймыз. Сізді, құрметті Эмомали Шәріпұлы, Қазақстанда тәжік халқының барша жұрт мойындаған көшбасшысы деп таниды және құрметтейді. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Сіздің алдағы жұмыстарыңызға табыс тілеймін, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы екі ел арасында 80-нен астам шарт пен келісімдерден тұратын маңызды шарттық-құқықтық база бар екенін, оның ішінде, 2015 жылы қол қойылған Стратегиялық әріптестік туралы шартты ерекше атап өтті.
Президент коронавирусқа қатысты туындаған барлық қиындықты еңсеру кезінде Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы қатынастарды, атап айтқанда, өзара сауда-саттықты жаңа деңгейге көтеруге мол мүмкіндік бар екенін айтты. Осы ретте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тәжік экономикасына жан-жақты көмек көрсетуге дайындығын нақтылады.
Эмомали Рахмон өз елінің бауырлас Қазақстанмен стратегиялық серіктестікке құрылған қатынастарды жоғары бағалайтынын жеткізді.
– Қазақстан – Тәжікстанның сыртқы сауда айналымының жалпы көлемі бойынша екінші орында. Біз барлық бағыт бойынша екі ел арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту үшін жұмыла жұмыс істеуге ниеттіміз, – деді Тәжікстан көшбасшысы.
Эмомали Рахмон Қасым-Жомарт Тоқаев пен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тәжік-қазақ байланыстарының өзара тиімді дамуына қосқан зор үлесін жоғары бағалады.
Тәжікстан Президенті саяси-дипломатиялық, сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени-гуманитарлық, сондай-ақ қауіпсіздікті қамтамасыз ету салаларындағы екіжақты ықпалдастықтың дәйекті дамуына көңілі толатынын айтты.
Эмомали Рахмон Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл сапары Нұр-Сұлтан мен Душанбе арасындағы ынтымақтастықтың одан әрі тереңдей түсуіне жан-жақты септігін тигізетініне сенім білдірді.
Келіссөз соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Эмомали Рахмонды өзіне ыңғайлы уақытта Қазақстанға мемлекеттік сапармен келуге шақырды.
Сонымен қатар Мемлекеттер басшыларының қатысуымен ресми делегация мүшелері төмендегі құжаттарға қол қойды:
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі мен Тәжікстан Республикасы Денсаулық сақтау және халықты әлеуметтік қолдау министрлігі арасындағы туберкулезбен күрес жөніндегі ынтымақтастық туралы келісім;
Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі мен Тәжікстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі арасындағы 2021-2023 жылдарға арналған ынтымақтастық бағдарламасы;
Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі мен Тәжікстан Республикасы Мәдениет министрлігі арасындағы мәдени ынтымақтастық жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум;
Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен Тәжікстан Республикасы Өнеркәсіп және жаңа технологиялар министрлігі арасындағы өнеркәсіп саласындағы ынтымақтастық туралы шекті меморандум;
Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Аэроғарыш комитеті мен Тәжікстан Республикасы Үкіметі жанындағы Байланыс қызметінің арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум;
Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі мен Тәжікстан Республикасы Өнеркәсіп және жаңа технологиялар министрлігі арасындағы тауар өткізу жүйесін құру жөніндегі бірлескен жобаны жүзеге асыру мәселелері жөніндегі ынтымақтастық туралы меморандум.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев пен Эмомали Рахмон шағын және кеңейтілген құрамда жүргізілген екіжақты келіссөздер қорытындысы бойынша бұқаралық ақпарат құралдары үшін брифинг өткізді.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев журналистер алдында сөйлеген сөзінде Тәжікстанға ресми сапармен келуге шақырып, қонақжай тәжік жерінде құшақ жая қарсы алғаны үшін Президент Эмомали Шәріпұлы Рахмонға зор ризашылығын білдірді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Тәжікстанның Қазақстан үшін өңірдегі маңызды серіктес мемлекет қана емес, тілектес әрі бауырлас ел екенін атап өтті.
– Біздің халықтарымызды достықтың берік арқауы, ортақ тарих, рухани және мәдени құндылықтар біріктіреді, – деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ бүгінгі келіссөздер Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы қатынастардың жоғары деңгейде екенін тағы да бір мәрте көрсеткенін айтты.
Екіжақты және көпжақты ықпалдастықтың өзекті мәселелері бойынша нақты келісімдерге қол жеткізілгеніне тоқталып, оның екі ел халықтарының әл-ауқатын арттыруға ықпал ететініне сенім білдірді.
Қазақстан Президентінің пікірінше, жүргізілген келіссөздердің терең символдық мәні бар. Өйткені ол екі мемлекеттің Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойы аясында өтіп отыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев кездесу қорытындыларын жоғары бағалай келе, тараптар келешек ықпалдастықтың негізгі бағыттарын айқындай алғанын жеткізді.
– Қазақстан – Тәжікстанның негізгі сауда серіктестерінің бірі. Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша өзара сауда-саттықтың бұрынғы көлемін сақтап қана қоймай, сондай-ақ тауар айналымының өсімін 800 миллион долларға дейін жеткіздік. Пандемия жағдайында бұл жаман көрсеткіш емес, – деді Президент.
Мемлекет басшысы өнеркәсіп кооперациясы мен инвестициялық ынтымақтастықты дамытудың маңыздылығына назар аударды. Оның айтуынша, Қазақстан компаниялары Тәжікстанда автомобиль және автобус шығаратын, трансформатор зауытын салатын бірлескен кәсіпорын ашуға дайын. Сонымен қатар қазақстандық кәсіпкерлер темір жол құрал-жабдықтарын, тепловоздар мен вагондарды, тікұшақтарды, «Рогун» ЖЭС-і құрылысы мен басқа да нысанға металл өнімдерін жеткізу ісін ұлғайтуға мүдделі.
Қасым-Жомарт Тоқаев екі ел үкіметтерінің аталған бағыт бойынша жүйелі келіссөздер жүргізіп жатқанын, бірлескен ірі өндіріс жобаларын жүзеге асыруды көздейтін бірқатар құжатқа қол қойылғанын атап өтті.
Өзара сауда-саттықтың ұлғаюы ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға тың серпін беретініне тоқталды.
– Қазақстан өзара тиімді шарттар бойынша бидай, ұн, ет және сүт өнімдерін жеткізуді арттыруға ниетті. Өз кезегінде, Тәжікстанның Қазақстанға жеміс-көкөніс өнімдерін экспорттау мүмкіндігі зор. Фермерлерімізді қолдау, қажетсіз аралық кедергілерді азайту үшін Тәжікстанның ауыл шаруашылығы өнімдерін Қазақстан нарығына жеткізуді қамтамасыз ету жөніндегі бірлескен көтерме басқару орталықтарын құру идеясын қолдадық, – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы көлік-транзит әлеуетін тиімді пайдалану қажет екенін атап өтті.
Президент тасымал көлемін арттыруға тың серпін беру мақсатында екі ел үкіметтеріне тариф саясатын оңтайландыру және тасымал талаптарын жақсарту жұмыстарына қатысты шаралар қабылдауға тапсырма берілгенін айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев аталған уағдаластықтардың табысты жүзеге асырылуы өзара сауда айналымының межесін 1 миллиард доллардан асыруға және жақын болашақта бұл көрсеткішті екі есе ұлғайтуға мүмкіндік беретініне сенім білдірді. Бұдан бөлек келіссөздер барысында су-энергетикалық және әскери-техникалық салалардағы ықпалдастық мәселелері де талқыланды.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы мәдени-гуманитарлық байланыстарды кеңейту, оның ішінде, екі елдің мәдени күндерін өзара алмасып өткізу жайында айтты.
– Қазақстан тәжік студенттері үшін берілетін білім гранттарының санын көбейтеді. Бұл біздің жастарымызды одан сайын жақындата түседі. Ол біздің елдеріміз арасындағы шынайы достық қатынастардың сабақтастығын сақтауға ықпал етеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің айтуынша, келіссөздер кезінде Орталық Азиядағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қатысты өзекті мәселелерге ерекше көңіл бөлінген.
Ауғанстандағы ахуал туралы айта келе, Қасым-Жомарт Тоқаев тәжік тарапына және оның басшылығына әлемдік күн тәртібіндегі өзекті проблема бойынша мазмұнды консультация бергені үшін ризашылығын білдірді.
– Қазақстан өңірдегі бейбітшілік пен тату көршілікті сақтау және өзара сенімді нығайту үшін бауырлас мемлекеттердің күш-жігерін біріктіруді қолдайды. Орталық Азия – экономикалық, көлік-транзиттік және адами әлеуеті мол, бірегей мүмкіндіктері мен ресурстары зор аумақ, – деді Мемлекет басшысы.
Өңірлік кооперацияға тың серпін беру мақсатында тараптар Мемлекеттер басшылары мен үкіметтердің, сондай-ақ салалық министрліктердің жетекшілері деңгейінде жүргізілетін өзара консультацияларды жалғастыруға уағдалас- ты.
Қазақстан Президенті Тәжікстан Президентін өзіне ыңғайлы уақытта мемлекеттік сапармен келуге шақырғанын айтты. Мемлекет басшысы тәжік тарапының 2025 жылды Халықаралық мұздықтарды сақтаудың жылы деп жариялау туралы бастамасын қолдайтынын жеткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Тәжікстанға ресми сапары аясында тәжік мемлекетінің негізін қалаған Исмоил Сомонидің «Ұлттық келісім және Тәжікстанның қайта өрлеуі» мемориалды кешенінде орналасқан ескерткішіне гүл шоғын қою рәсіміне қатысты. Іс-шарадан кейін «Навруз» сарайында Қазақстан Президентінің құрметіне Тәжікстан Президентінің атынан ресми қабылдау өтті.
Қазақстан Президенті Тәжікстанның Маджлиси намояндагон Маджлиси Оли төрағасы Махмадтоир Зокирзодамен кездесті. Кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Махмадтоир Зокирзода Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы парламентаралық ынтымақтастықтың перспективаларын талқылады.
Мемлекет басшысының айтуынша, Тәжікстанмен жан-жақты ынтымақтастықты дамыту, оның ішінде, заң шығару саласы бойынша бірлесіп жұмыс істеу Қазақстанның сыртқы саясаттағы басым бағыттарының бірі.
Қасым-Жомарт Тоқаев Махмадтоир Зокирзодаға өзінің Парламент Сенатының төрағасы қызметін атқарған кезіндегі жұмысы туралы айтып, заң шығару қызметі мен парламенттік дипломатия институтының маңызды екеніне тоқталды.
Өз кезегінде Тәжікстан Парламенті төменгі палатасының төрағасы Мемлекет басшысына кездесуге мүмкіндік жасағаны үшін алғыс айтты. Сондай-ақ екіжақты парламентаралық байланыстардың тиімділігі мен даму деңгейінің жоғары екенін жеткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Душанбеге ресми сапарының соңында Тәжікстанның Премьер-Министрі Кохир Расулзодамен кездесу өткізді.
Екеуара әңгімеде Кохир Расулзодаға Тәжікстан Президентімен өткізген келіссөздердің негізгі нәтижелеріне тоқталған. Қазақстан Президенті екіжақты үкіметаралық комиссияның тетіктерін пайдалануға қатысты уағдаластыққа қол жеткізгені және Эмомали Рахмонның Қазақстанға алдағы уақытта жасайтын мемлекеттік сапары аясында қосымша келісімдер әзірлеу жөніндегі жоспары жайында айтып өтті.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев қазақ тарапы ықпалдастықтың барлық бағыты бойынша конструктивті және нақты жұмыстар жүргізетінін жеткізді.
Кохир Расулзода Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл сапары екі ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығында өтіп жатқанын және оның символдық мәні бар екенін айтты.
Кездесу барысында Қазақстан мен Тәжікстан Президенттері арасында жасалған бүгінгі уағдаластықтардың орындалуына, атап айтқанда, сауда-экономикалық әлеуетті және инвестиция көлемін одан әрі арттыруға баса мән берілді.