Батыс Қазақстан облысында коронавирусқа қарсы вакцинаның бірінші дозасын 64 037 адам, екінші компонентін 25 282 адам алып үлгерді.
Мамырдың 20-сы күні алынған мәліметке қарағанда, облыс аумағында пандемия басталғалы 21 503 оқиға тіркелген. Мұның ішінде 16 633 адам жазылып шықса, 319 адам осы дерттен қайтыс болды. Соңғы тәулікте жаңадан анықталған сырқат саны – 105 болды. Оның 79-ында ауру белгілері анық байқалған. Дегенмен өткен апта көрсеткішімен салыстырғанда вирус жұқтырғандар саны 9%-ға төмендегені байқалады.
2021 жылдың басынан бері ауырғандар саны 12 282 адам болса, 7 045 науқас – Орал қаласынан, 1 633 адам – Бәйтерек ауданынан, 1 340 адам – Бөрлі ауданынан анықталған.
Облыста коронавирустан емдейтін 18 инфекциялық стационар жұмыс істеуде, ондағы 1123 кереуеттің 646-сы бос. Жыл басынан 19 мамырға дейін облыста мектеп және балабақша жасындағы 1 184 бала вирус жұқтырғаны белгілі болды.
Дәрігерлер облыс аумағындағы ірі өндіріс орындарындағы эпидемиялық ахуалды да қадағалап отыр. Мәселен, «Жайық Мұнай» компаниясында жыл басынан бері 38 адамнан коронавирус анықталса, оның бәрі де жұмыс уақытынан тыс кезде жұқтырғаны белгілі болды. Шынар мұнай-газ кенішінде бір де бір жұмысшы аурумен тіркелмеген. Ал Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг компаниясында 1 қаңтардан бері 133 ауру тіркелді, оның 32-сінен вирус вахта басталарда, 50 адамнан – вахта кезегі аяқталған уақытта анықталған.
– Коронавирусқа қарсы инфекциялық стационарларда 355 қызметкер жұмыс істейді, оның 74-і – дәрігер, 155-і – орта буынды медицина қызметкері, 126-сы – кіші медицина персоналы. Эпидемияға қарсы құрылған орталықтарда маман тапшылығы жоқ, – дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Сәуле Зағидуллина.
Өңірде бір тәулікте 6 мың адамды тексере алатын 13 зертхана жұмыс істеп тұр. Бүгінге дейін облыста 559 011 ПТР зерттеу жасалса, соның 3 092-сі соңғы тәулікте шығарылған.
Вирус таралуының алдын алу, карантин талаптарының сақталуын қадағалау үшін облыста 170 мониторинг тобы жұмыс істеуде. Жыл басынан бері тәртіп бұзғандарға 267 хаттама толтырылған, 16 583 145 теңге айыппұл салынған. Соңғы аптада 8 хаттама жасалып, 350 040 теңге айып салынған екен. Жоғарыда салынған айыппұлдың 65-і – дәрі-дәрмек бағасын орынсыз көтерген, тіркелмеген дәрмекті сатқан дәріхана иелеріне тиесілі.
Соңғы дерекке қарағанда Батыс Қазақстан облысында коронавирусқа қарсы вакцинаның бірінші дозасын 64 037 адам, екінші компонентін 25 282 адам алып үлгерген. Жалпы, өңірге Спутник V вакцинасының І компонентінен – 84 050 доза; ІІ компонентінен – 44 510 доза келген еді. Денсаулық сақтау басқармасы облыста вакцинаның 6 860 дана екінші дозасы әзір тұрғанын хабарлады. Республика Бас санитар дәрігерінен түскен соңғы өзгерістерге сәйкес екі дозаның арасы 45 күнге ұзартылған. Бұдан бөлек, облыста 22 000 дозалық Hayat Vax араб вакцинасы да бар. Халық қандай вакцинаны таңдайтынын өзі шешеді.
Батыс Қазақстан облысы