• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 21 Мамыр, 2021

Алматы әуежайында «Ashyq» қосымшасы орнатылды

443 рет
көрсетілді

Бүгінен бастап Алматы халықаралық әуежайын да «Ashyq» қосымшасы жұмыс істеп жатыр, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Ashyq» мобильді қосымшасы мейрамханалар мен демалыс орындарынан бөлек, Алматы әуежайына да орнатылды.

Бүгінен бастап жолаушылар ұшаққа отырмас бұрын, өз статусын сканерлеу арқылы анықтап, әуежай қызметкеріне көрсетуі тиіс. Айта кетейік, жолаушыларға статус «ПТР-зерттеулердің бірыңғай интеграциялық порталы» және «Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің COVID-19 бақылау орталығы» ақпараттық жүйелерімен салыстыру негізінде беріледі.

«Жасыл» – жүріп-тұруында шектеу жоғын білдіреді, мұндай адам базада COVID-19 індетіне ПТР-тестілеуі теріс нәтиже көрсеткен пайдаланушы болып саналады.

«Көк» – ауру жұқтырған адамдармен байланыста болған адамдар есебінде жоқ, ПТР-тест талап етілетін жерлерден басқа кез келген орында еркін қозғалу дегенді білдіреді.

«Сары» – байланыста болған адамдарға берілетін мәртебе. Оларға азық-түлік алуға немесе үйдің жанындағы дәріханаға баруға рұқсат етілгенмен, басқа қоғамдық орындарға баруына тыйым салынады.

«Қызыл» статус — ПТР-тест тапсырып, коронавирус анықталған адамға беріледі. Мұндай мәртебе иелері үйде оқшаулану режимін қатаң сақтауы тиіс. «Қызыл» немесе «сары» түс мәртебесін көрсеткен жолаушылар ұшақ бортына жіберілмейді. Осылайша шектеу қою арқылы, өзгелердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді дейді мамандар.

Ал 18 жасқа толмаған балаларға қосымшаны пайданбай еркін кіруіне рұқсат. Алматы халықаралық әуежайының баспасөз қызметінің мәліметінше, әуежайда «Ashyq» мобилді қосымшасы 16 мамырдан бастап пилоттық режимде басталған. Осы аралықта 24 адамда қызыл түс, ал 15 адамда сары белгі анықталды. Олардың барлығы әуежайға өткізілмеді. Бұл ретте жолаушыларға әуе компаниясы билет құнын толықтай өтеп беруі керек немесе ұшу уақытын басқа күнге ауыстыруы қажет.

«Жобаны әзірлеушілер барлық техникалық тұстарын да қарастырған. Қазір жүйе жақсы жұмыс істеп тұр. Ешқандай ақаулар болмайды деп сенеміз. Жүйе істен шыққан жағдайда, біз шығарып салушыларға емес, бірінші кезекте жолаушыларды кіргізуге басымдық беретін боламыз. Одан бөлек, біз өз тарапымыздан жолаушыларды ұзақ күттірмеу үшін қосымша кіреберістер аштық, дәліздер ұйымдастырдық», деді «Алматы халықаралық әуежайы» АҚ баспасөз хатшысы.