Мұнайлы шаһар тұрғындарының бірі атасынан қалған ескі қаруды полиция қызметкерлеріне тапсырды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Атырау қалалық полиция басқармасы бастығының міндетін атқарушы, полиция подполковнигі Ерлан Биғамбаевтың айтуынша, «Қару» профилактикалық іс-шарасы аясында тұрғындардан заңсыз сақталған атыс қаруын, оқ-дәрілерді мен жарылғыш заттарды сатып алу жалғасып жатыр.
«Әкімшілік полиция қызметкерлері тұрғындардан 13 тегіс ұңғылы, 4 иір ойықты қару мен 817 оқ-дәрі тапсыруға қатысты 15 өтінішті қабылдады. Мәселен, қала тұрғыны 18-калибрлі «Е57880» маркалы тегіс ұңғылы аңшы мылтығын тапсырды. Оның айтуынша, мылтық атасынан қалған. Енді оған тапсырған қару үшін 26 253 теңге көлемінде қаржылай сыйақы беріледі» дейді Ерлан Биғамбаев.