• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Аймақтар 23 Мамыр, 2021

Тұрғын үйлердің түйінді мәселесі көп

1281 рет
көрсетілді

Қазіргі кезде қарапайым халық үшін баспана алудың мемлекет тарапынан түрлі жолдары қарастырылған. Барлық адамға бастапқы жарнасын төлеп, баспанаға қол жеткізуге болады. Бұдан бөлек түрлі әлеуметтік топтағы азаматтарға да мүмкіндіктер бар. «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында елімізде жыл сайын мыңдаған отбасына пәтер кілттері тапсырылуда. Әрине, әрбір адам үшін баспана алғанның қуанышы бөлек. Бұл үрдіс Тараз қаласында да өз жалғасын табуда.

Тараз қалалық құрылыс бөлімінің мәліметінше, 2017-2020 жылдар аралығында «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру мақсатында облыс орталығындағы «Арай», «Қарасу» тұрғын алаптары мен 15-шағын ауданнан 67 тұрғын үй пайдалануға беріліпті. Ал осы жылы өткен жылдан өтпелі 28 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Егер аталған үйлердің құрылысы аяқталса, тағы да 1 553 отбасы баспаналы болады деген сөз. Сонымен қатар биыл 45 пәтерлі 4 ірі панельді тұрғын үй мен 5 каркасты 60 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде.

«Жалпы, биыл 37 үйді пайдалануға беру жоспарлануда», дейді қалалық құрылыс бөлімінің басшысы Төлеген Бибосынов.

Бұл мақсатқа тиісті қаражат та қарастырылыпты. Аталған мәліметтерге қарап, Тараз қаласында құрылыс жұмыстарын қарқынды деуге толық негіз бар. Деректерге сүйенсек, баспаналы болып жатқандар да жетерлік. Мұның бәрі де жақсы көрсеткіш, әрине. Бірақ...

 Осыдан төрт-бес жыл бұрын облыс орталығындағы Ыбырайым Сүлейменов көшесінің соңынан 15-шағын аудан салына бастады. Қарқынды құрылысқа қарапайым халық шын қуанды. Баспанасыз жүрген талай отбасының мемлекет тарапынан берілген жеңілдікті пайдалана отырып пәтер алуына бұл керемет мүмкіндік еді. Нәтижесінде, талай адам баспаналы болды да. Әсіресе, айтулы мереке кездерінде әкімдік тарапынан тапсырылған пәтерлерге ие болған қарапайым жұртшылықтың қуанышы қойнына сыймаған сәттері көп. Талай жылдан бері тірнектеп қаражат жинап, оның игілігін көріп жатқан жанның қуанбауы мүмкін емес, әрине. Алайда аталған 15-шағын аудандағы кейбір тұрғын үйлердің құрылысы сапасыз жүргізілген болып шықты. Жауапты мердігер компаниялар солай істеді ме, болмаса, әкімдік үйлерді тұрғындарға тапсыру үшін уақытын жылдамдатуды талап етті ме, ол жағы белгісіз.

Енді қуанышы су сепкендей басылған тұрғындар бүгінде тұрып жатқан үйлерінің сапасыздығын айтып, дабыл қағуда. Көпшіліктің мәселе көтеретіндей де жөні бар. Бала-шағасының аузынан жырып, бақыр тиынына дейін баспана алу үшін жинаған ел енді шағынданбағанда қайтеді?!. Мәселен, 15-шағын аудан, №15-үйдің тұрғыны, жалғызбасты ана Назира Юсупова тұрып жатқан үйін алу үшін сол кездегі «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкіне» үш жыл бойы ақша жинапты. Содан әупірімдеп жүріп баспана құнының 40 пайызға жуық жарнасын төлеп, 8 189 600 теңгеге үш бөлмелі пәтер алған.

«Енді сол тірнектеп жинаған ақшаға алған пәтерге қазір өкінемін. Кезінде осы жерді елдің бәрі мақтады. Көпшілік бұл жер өзінше қалашық болады, барлық мүмкіндік жасалады деп жатты. Бірақ қалашық болмақ түгілі, үйдің өзі сапасыз салынған болып шықты. Шынымды айтсам, түнде қай жағымнан не құлап кетер екен деп қорқып ұйықтаймын. Таңертең аман-есен тұрғаныма тәубе етемін. Ас үйден бастап, барлық бөлменің төбелері түсіп қалды. Қазіргі кезде екі бөлме әлі қалпына келтірілген жоқ. Әлі сол күйі тұр. Есіктері де ыңғайсыз орналасқан. Мәселен, бір бөлмеге кіру үшін екінші бөлменің есігін жабу керек. Әйтпесе бір-біріне соғылып, есіктері де қирап тынатын болды. Мен бұл туралы жұмыс істеген құрылысшылардан да сұрадым. Алайда олар бәрін де әкімшілік шешетінін айтып, жауап берді. Есік алдында көлік тұрағы да жоқ. Балалардың ойын алаңшасы да дұрыс салынбаған. Енді болашақта мен бұл үйді сата аламын ба, жоқ па, айта алмаймын. Даладағы көліктер жүретін жол да тар. Екі бағыттан келген көліктер бір-бірімен айқасып өте алмайды», дейді тұрғын. Сонымен қатар ол жертөлелерде де біресе ыстық судың, біресе суық судың құбырлары үнемі жарылып жататынын жеткізді. Көпшілік үшін бұл да – мәселе. Ал тұрғындар бүгінде мұндай мәселелерді үйдің құрылысын жүргізген «Таразстрой» ЖШС-іне айтып, жөндетіп жүр екен. Ал аталған серіктестіктің үш жылдық мерзімі бітсе, көпшілік әрі қарай не істейтінін білмей дал.

Тұрғындар бұл үйлерді тегін емес, өз қаражатымызға алдық қой деп налиды. Бастапқыда бірқатар ел мемлекет берген мүмкіндікті пайдаланып әрі жаңа шағын ауданда тұруға асығып осы жерден баспана алған. Алайда арада көп уақыт өтпей-ақ жаңа үйлердің жағдайы белгілі болып қалды. Қазір жаңа ауданның қай тұрғынымен сөйлессеңіз де, әйтеуір бір мәселені айтады.

«Біз осы пәтерді 2018 жылы ипотека арқылы алдық. Тұрғын үйдің құрылысын «Агроспецстрой» ЖШС жүргізген. Біздің үйдің басты мәселесі – канализация жүйесінің нашарлығы болып отыр. Тұрғындар да осы сауалды жиі көтереді. Биыл қыс мезгілінде соның салдарынан жертөлені су басып қалған жағдайлар да болды. Содан біз «Жамбыл су» мекемесіне хабарласып, олар бір апта дегенде әрең келіп, жөндеп берген. Білетіндердің айтуынша, жертөледегі құбырлар талапқа сай орнатылмаған. Кішкентай құбырлардан су дұрыс жүрмеген соң, ол бітеледі. Содан келіп мәселе туындайды. Одан кейін үйлердің арасында асфальт жол жоқ. Үйлердің нөмірі де белгіленбеген. Ел қазір үйлерінің нөмірлерін бор және тағы да сол сияқты басқа нәрселермен жазып қойған. Біздің үйдің де нөмірін анықтайтын ешқандай белгі жоқ», дейді №11-үйдің тұрғыны Талғат Берікбайұлы.

Жалпы, жергілікті тұрғындардың бір арнаға тоғысатын уәжі – тұрғын үйлердің сапасыздығы. Тіпті мұнда көшіп келген тұрғындардың басым бөлігі пәтерлерін қайтадан жөндеуден өткізіп, есік-терезелерін және өзге де жерлерін ауыстырыпты. Ал оған шамасы келмегендер әзірге төбесі құлаған, қабырғасы жарылған пәтерлерінде тұруға мәжбүр. Сонымен қатар №24-үйдің тұрғыны Гүлфия Мықтыбайқызының айтуынша, бұл үйде негізінен мүмкіндігі шектеулі жандар мен көпбалалы отбасылар тұрады екен.

«Мұнда тұрып жатқаныма бір жылдан аса уақыт болды. Көшіп келген соң, үйдегі барлық нәрсені қаражатымызға ауыстырдық. Себебі бәрінің сапасы өте нашар. Сыртқы есік, ішкі есіктен бастап сапасы сын көтермейді. Есіктерде шел көп. Бұл үйде көптеген мүмкіндігі шектеулі жандар тұрады. Бірақ олар үшін пандус мәселесі де қарастырылмаған. Сол үшін олардың ішке кіріп-шығуы өте ыңғайсыз. Негізі әрбір үйде мұндай нәрсе болуы керек қой. Тағы бір мәселе балалардың ойын алаңшасына байланысты. Бұл үйде көпбалалы отбасылар да тұрады. Әр үйде кемінде бес-алты баладан бар. Ал олардың ойнайтын жерлері де дұрыс болмай тұр», дейді ол.

 Жалпы, жұртшылықтың жаңа шағын аудан туралы пікірі сынға толы. Әуел бастан сынның астында қалған ауданның бірқатар тұрғыны енді ешкімге қарамай, өздері ұйымдасып, шамалары келгенше көлік тұрағын салып алыпты. Енді бейнебақылау орнату үшін тағы да өздерінше қаражат жинап жатыр екен. Себебі мұнда әуелгі кезде пәтерлердің есіктері дұрыс құлыптанбай, оңай ашылып кететін болғандықтан, ұрлық жағдайлары болыпты. Тұрғындар ұры-қарыдан қорғану үшін де өз қалталарынан есік алдына бейнебақылау орнатуға мәжбүр. Негізінен мұндағы кейбір үйлердің сапасыз салынғанын осы жылы болған қатты жел де айғақтап берген болатын. Сол дауылдың салдарынан 15-шағын аудандағы аумағы 1500 шаршы метр болатын №16-үйдің шатыры ұшып кетіп, №14-үйдің ауласына құлаған. Одан есік алдында тұрған көліктер бүлінгенімен, абырой болғанда ешқандай адам зардап шекпеген. Десе де, көпшілік үшін сапаның маңыздылығы бірінші орында. Ешқандай адам талай жыл бойы тірнектеп жинаған қаражатына сапасы нашар пәтер алғысы келмейді. Қазіргі таңда Тараз қаласында тұрғындарды баспанамен қамту жұмыстары жалғасуда. Ол үшін тағы да жаңа үйлердің құрылысы жүргізілуде. Бірақ билікке сеніп отырған бұқара ендігі кезекте тек сапалы жұмыс күтеді...