Берікті өскемендіктердің тең жартысы біледі. Қымыз балмұздақ өндіретін жігіт деп таниды оны. «Еңбегіңнен ел таныр» деген осы шығар. Берік Рахметқалиевтың дөңгелетіп отырған өзге кәсіптері болғанымен, қымыздан балмұздақ жасап сатуға ерекше көңіл бөліп отыр. Заманның талабына қарай ұлттық бренд қалыптастырғысы келеді.
«Балмұздақ, қымыздан балмұздақ» деп айғайлап тұрған саудагерді көріп, дәмнен ауыз тигенбіз. Қышқылтым, қымыздың дәмі кәдімгі. Сөйтсек, қымыз балмұздақты айғайлап, халықты шақырып дәм татқызбаса, өткізу қиын» дейді Берік. Қымыздың өзі сұранысқа ие өнім болғанымен балмұздағы нарыққа енді-енді ғана шықты.
– Кәсіпте жүргеніме біраз жыл болды. Әрине, нәпақа табуымыз керек. Бірақ ұлттық дүние өндіргім келді. Қасымдағы көмекшілер де қазақи өнім керек десті. Содан Семейде Айдын Серікқазин деген азамат қымыз балмұздақ өндіретінін естіп, сонда бардық. Балаларымды алып алдым. Өйткені дәмін солар көру керек болды. Өзіме бірден ұнады. Өскеменге келе сала іске кірістім, – дейді жас кәсіпкер.
Ұлттық балмұздақты өндірмес бұрын шетелдік технологияларды да зерттеген. Сөйтіп, бабы келген балмұздақты былтыр сатылымға шығара бастаған. Дәмі тіл үйіргенімен, әу баста сату қиын болған екен. Себебі бұған дейін қымыз балмұздақтың бал дәмін көп ешкім татып көрмеген. Сол үшін де ғой, айғайлап, әрі-бері өткен халыққа дәм татқызып, үйретіп барып жолға қойып келеді. Балмұздаққа сұраныс жазда ғана болғандықтан, үш-төрт айдың ішінде көпшілікке ұсынып қалуға тырысады. Ал қазан, қарашадан бастап тек мейрамханалармен жұмыс істейді. Оның үстіне, қыста қымыз қоры аз, қышқылтым.
– Былтыр екі нүктеде ғана саттық. Биыл кеңейтуді көздеп отырмыз. Қымыздың литрі 1500 теңге болса да, балмұздақтың бағасын 300 теңгеден көтермейміз. Сонымен қатар әркімнің таңдауына қарай жеміс-жидектің де балмұздақтары бар. Өйткені алдыңа келген адам құр қайтпауы керек. Мақтанатыным, бәрі отандық өнім, – дейді балмұздақтың бабын білетін Берік Рахметқалиев.
Берік балмұздақты шұбат пен ешкінің сүтінен де жасап көрген. Алайда, қымыздың дәміндей тіл үйіре қоймаған. Мақсаты да, қымыз балмұздақты брендке айналдыру.
ӨСКЕМЕН