Батыс Қазақстан облысында қатаң режимдегі РУ-170/3 мекемесіне келген сәлемдемелердің бірінен ұялы телефон табылды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Қамауда отырған сотталушыларға келетін түрлі сәлемдеменің арасында рұқсат етілмеген заттар да кездеседі. Түрме қызметкерлері ондай заттарды дер кезінде анықтап, тәркілеп отырады.
РУ-170/3 мекемесіндегі режим бөлімінің бастығы әділет майоры Асылан Батыровтың айтуынша, рұқсат етілмеген заттар, әсіресе есірткі көбінесе азық-түліктің, дәрі-дәрмектің ішіне, темекі өнімдеріне жасырылады, киім астарына тігіледі екен.
– Біздің мекеменің жедел бөлім қызметкерлері жақында әлдекімдер түрмеге тиым салынған заттарды кіргізуге әрекеттеніп жатқаны туралы хабар алды. Сөйтіп, Ұлттық ұлан сарбаздарымен бірге жедел тексеру іс-шарасын ұйымдастырды. Қамаудағы К. деген азаматқа келген бандерольдің ішінен ұялы телефон шықты. Акт жасап, тиым салынған затты тәркіледік, – дейді Асылан Батыров.
Адамның қиялы шексіз ғой, «өнертапқыштар» смартфонды үйге киетін жеңіл сүйретпенің ұлтанына жасырыпты.
Заң бойынша қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде жазасын өтеп жатқан тұлғаларға алкоголді ішімдік, есірткі сипаты бар дәрі-дәрмек, ақша, түрмеде тиым салынған басқа да заттарды беруге болмайды. Мұндай әрекет анықталған жағдайда ол заттар тәркіленіп, әкелген немесе жіберген адамға ескерту беріледі немесе айыппұлға тартылады. Ал есірткі заттарын өткізгендер қылмыстық жауапкершілікке тартылады.