Биыл Қостанай облысында 66 ауыл әкімінің өкілеттік мерзімі аяқталады. Бұған дейін аудандық мәслихат депутаттарының таңдауы бойынша сайланып келген әкімдер енді жергілікті халықтың тікелей дауыс беруі арқылы сайланатын болады. Елімізде тұңғыш рет кең көлемде жүзеге асырылғалы отырған саяси реформадан ауылдықтар не күтеді, сайлаудың жаңа жүйесі туралы әкімдердің өздері не дейді?
Бұл сауалдарды ауылда тұрып жатқан ағайын мен бүгінде ауыл әкімі болып қызмет атқарып жүрген азаматтарға жолдап, сөйлесіп көрдік. Жұрттың сөзінен байқағанымыз, енгізілгелі отырған мажоритарлық сайлау жүйесі өзі басқарып отырған ауылдың жағдайы үшін шын жаны ауыратын, істің көзін білетін, беделді де әділ әкімдердің қалыптасуына жол ашады.
Қазір ауылда талай жылдан бері күрмеуі шешілмей, қордаланып жатқан мәселе көп. Өңірдегі шалғай ауылдарға бара қалсаңыз, тұрғындардың әңгімесі, негізінен, жолдың нашарлығы, ауызсу мен «көгілдір отынның» жоқтығы, жайылым мен шабындықтың жетіспеушілігі, қыста жолдың жабылып қалатыны, мұны шешуге тиіс әкімқаралардың қолынан ештеңе келмейтіні сияқты түйткілді жайлар төңірегінде өрбиді. Олардың сөздерінен егер ауыл, ауылдық округ, аудан басшыларын тікелей халық сайлайтын болса, көкейкесті мәселелер бірте-бірте өз шешімін тауып, тұрмыс түзеліп, ауыл оңала бастар еді деген үміт сәулесін аңғарғандай болдық.
Шынында да қазіргі ауыл әкімдерінің шаруасы бастан асып жатса да, жұмыстарынан мардымды нәтиже шығып жатқаны шамалы. Мәселенің бәрі қаржыға келіп тірелетіндіктен, ауыл әкімдері – ауданға, аудан облысқа қол жаюмен шектеледі. Мысалы, Марат Нұржанов – 8 жылдан бері Ұзынкөл ауданына қарасты Обаған ауылдық округінің әкімі. Биыл тамызда екінші өкілеттік мерзімі аяқталады. Оның әкімдік қызметін әрі қарай жалғастыру-жалғастырмауын тікелей сайлау арқылы округ тұрғындары шешеді.
Марат Нұржановтың айтуынша, халықпен жұмыс істеу оңай емес. Қазіргі ауыл әкімдері аудан басшысының да, ауыл тұрғындарының да тілін табу керек. Әйтпесе, «не арба сынады, не өгіз өледі». Ауылда шешілмей жатқан мәселе көп. Бірақ ауылдық округ әкімінің қолындағы қаржы мардымсыз болғандықтан, қысқа жіп күрмеуге келмейді. Бүгінде Обағанда 652 тұрғын тұрады екен. Олардан төртінші деңгейлі бюджетке жылына 600-700 мың теңге салық түседі. Ал әкім мен әкімдік мамандарының айлығы, жүріп-тұратын көліктің күтімі мен жанармайы, компьютерлік техникасы, ғимаратты жылытатын отыны бар – бәріне жылына 13 млн теңге шамасында қаржы қажет. Әкімнің қолында мұндай қаржы жоқ. Сондықтан әлі күнге дейін мемлекетке қарап отыр. Әйтеуір, ауылдың әлеуметтік мәселелерін шешуге жергілікті шаруа қожалықтары көмектеседі.
Төртінші бюджеттің қоржыны тоқ болса, ауылда біраз шаруа облыстың араласуынсыз-ақ, жергілікті деңгейде шешілер еді. Бірақ бұл бюджеттің жергілікті әкімдікке берілгеніне біраз жыл өтсе де, оның ауылда қаншалықты мөлшерде қалуы тиіс екенін аудандық мәслихат емес, облыстық мәслихат шешеді. Ауыл әкімдері ең әуелі осы мәселені ауылдың пайдасына шешіп алу керек дейді. Төртінші бюджет қаражаты жергілікті әкімдіктің қатысуымен бөлінбей, іс оңға баспайды. Ауыл әкімін халық сайласа да, ол бәрібір қажет қаржыны алу үшін аудан әкіміне тәуелді болып қала береді. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, ауылдың дербес бюджеті тоғаймай, мықты әкім шығуы неғайбіл. Жергілікті бюджет жеткілікті болса, ауылда кәсіпкерлік те қарқынды дамыр еді. Өкінішке қарай, қазір көптеген шалғай елді мекенде әкімдер ауылды өркендетуге емес, осы қалпында ұстап қалуға ғана тырысып жүр.
– Қыстыгүні боранда жол болмай қалады. Ондайда мен шаруа қожалығының басшысына барамын. Ол тракторым далада тұр, от алмайды дейді. Қазір әр жерде өрт шығып жатыр. Оны сөндіруге көмек беретін шаруалар егіс алқабында жүр. Олардың өздерінің жұмысы бастан асады: техникасы сынады, адамы жетпейді, егіс жүріп жатыр, қызу уақыт. Ал өртті кім сөндіру керек? Еріктілер жасағының басын қосып мен сөндіруім керек. Жұртқа жағу да қиын. Қазір, міне, вакциналау жүріп жатыр. Елдің көбі әлеуметтік желідегі алыпқашпа әңгімеге сенеді. Ал оларға түсіндіріп айтсаң, тыңдағысы да келмейді. Біреуі түрік вакцинасы керек дейді, екіншісі ресейлік вакцина керек дейді, сұрағанын тауып алып келсең, қан қысымым көтеріліп тұр дегенді желеу етіп, екпеден бас тартады. Мемлекет беріп жатқан шағын несиелерге келсек, оны әуелде халық дұрыс түсінбеді. Пайдасын айтсаң, «Ойбай, несиеге жоламаңдар, ертең қосымша жұмыс орнын ашу керек екен, аш құлақтан, тыныш құлақ» деп кері тартып, бұра сөйлейтіндер бар. Қазір сол адамдар несие алатын едік деп жанталасып, жүгіріп жүр. Кеш болса да түсініп жатыр. Мен бәрінің бүкіл құжатын дайындап беремін, қолымнан келгенінше көмектесемін: анау Egov.kz. порталына үңіліп, аудандағы статистика, ауыл шаруашылығы, жұмыспен қамту орталығына дейін бірге барып, бизнес-жоспарын жасауға дейін көмектесемін. Өйткені солай жетектеп жүрмесең, жұрттың көбі өзі ізденіп, іс қылуға қырсыз. Біраз жүгіреді де, құрсын, болмайды деп қолды бір сілтейді. Ауыл тұрғындары әлі де болса, өз құқықтарын дұрыс пайдаланбайды, мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдауды әрі қарай ұқсатып, іліп әкететіндер сирек. Егер ауыл әкімін халық тікелей сайлайтын болса, онда жұрт шаруаның бәрін оған үйіп қоймай, ауылдың көркеюі үшін өздері де тырбана бастайды. Сайлау ауыл тұрғындарының да, әкімнің де жауапкершілігін арттырады. Дегенмен, Обаған округінен жылына 4-5 адам шағын несие алады, – деді ауылдық округ әкімі.
Мұның сыртында, ауыл әкімдігінде мамандар аз, жалақы төмен. Қазір ауылдық әкімдіктегі мамандар 80-90 мың теңге айлық алады.
– Жақында бір маманым шекара қызметіне ауысамын деп отыр. Онда 12 жарым жыл ғана жұмыс істеймін, баспана мәселесін шешіп береді, барлық жеңілдік жасалады. Мемлекеттік қызметтегідей күн сайын емес, күнара жұмысқа барамын дейді. Бізде сосын қағазбастылық өте көп, бәрі шұғыл, бәрі жедел. Ауылда интернет әлі күнге дейін жоқ. Биыл енді интернет қоямыз деп уәде беріп отыр. Қазір, шынын айтқанда, әдіскердің өзін табу қиын болып отыр маған, – деді Марат Нұржанов.
Обаған ауылдық округіндегі күрмеулі мәселелер – тозығы жеткен жол мен орталықтандырылған ауыз су құбырының жоқтығы.
– Бұлар – жылда көтерілетін мәселелер. Аудандағылар бюджетте ақша жоқ, өздерің қаражат тауып, шешіңдер дейді. Одан жолды жөндеп бер деп шаруа қожалықтарына барсаң, көктемгі егіс бітсін дейді, одан шөп науқаны бітсін дейді, ол біткен соң, күзгі жиын-терінге дайындалу керек дейді. Сонымен уақыт өтіп барады. Біздің маңайдағы ең қуатты шаруашылық – «Олжа-Агро» компаниясы. Ол көмектесудей-ақ көмектесіп жатыр. Бірақ олардың жергілікті директорларында жеткілікті билік жоқ. «Осы округтің 18 мың гектар жеріне егін өсіріп, шаш-етектен пайда көріп отырсыздар. Жергілікті халыққа бір жағдай жасап, жолды жөндеуге қолұшын созыңыздар», деп айтып жатырмын. Жарайды деп, шығарып салады. Жоқ деп айтпайды. Осылай созыла береді. Бұлай болмас үшін, олар ақыры осы жердің игілігін көріп отырған соң, жергілікті шаруа қожалықтары мен ірі жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің табысынан белгілі бір пайызды төртінші деңгейдегі әкімдіктердің шотына аудару заңдастырылса, ол қаржыны қайда жұмсайтынын тұрғындар ақылдасып шешсе, сонда ғана ауылдың еңсесі көтеріледі. Біз қазір мүлік, жер, көлік салығын жинап отырмыз. Жеке табыс салығына 3 жылға мораторий жарияланды. Бұдан азғантай ғана қаржы түседі, онымен қай жыртығыңды жамарыңды білмейсің. Алдағы тамызда менің екінші мерзімім бітуі тиіс. Егер жұртшылық қаласа, алдағы сайлауға қатысамын. Ең бастысы, сайлау кезінде жоғарыда айтылған мәселелердің бәрін көп болып талқылап, ел болып шешу жолын іздестіреміз деген ойдамын. Сайлау бұған мені де, халықты да мүдделі етеді. Ол үшін, әрине жергілікті өзін өзі басқару тетіктерін жетілдіру керек, – деді Марат Нұржанов.
Бұған дейінгі мәслихат депутаттары сайлаған ауыл әкімдерінің бір кемшін тұсы – ауыл әкімдерін аудан әкімі таңдайтындықтан, олар, ең алдымен, халық алдында емес, аудан әкімінің алдында жақсы атанғысы келіп тұрады. Яғни түптеп келгенде, ең алдымен ауыл мүддесіне емес, аудан әкіміне қызмет етеді. Ал аудан әкімі бұл лауазымға өзіне қолайлы адамды ғана таңдайды. Қолайсыз адамнан құтылуға тырысады. Мәселен, осыдан екі-үш жыл бұрын Денисов ауданы әкімдігі тарапынан сол ауданға қарасты Тельман ауылдық округінің әкіміне қысастық жасалды. Бұрынғы әкім Нұрлан Доспаевтың айтуынша, бар пәле «Сыбаға» бағдарламасынан басталған.
– Бір жергілікті кәсіпкер аудан басшыларының қолдауымен «Сыбағаға» қатысып, қаржы алмақ болды. Мен ол кәсіпкердің жұмыс істеп тұрған мал фермасы бар, ірі қарасы бар деген анықтама беруім керек екен. Алайда ол кәсіпкерде мұның бірі де жоқ еді. Анықтаманы өзі емес аудандық ауылшаруашылық бөлімінің қызметкері арқылы сұратты. Ол келіп, бұл сол кездегі аудан әкімінің тапсырмасы екенін, егер орындалмаса, мен үшін арты насырға шабатынын айтып, қоқан-лоқы көрсетуге дейін барды. Мен анықтама беруден бас тарттым. Көп кешікпей маған қысым жасала бастады. Аудан әкімі тарапынан жұмысыма кедергі көбейіп, маған тіпті ауылдан шығуға тыйым салынды, – дейді бұрынғы ауыл әкімі.
Осылайша, Нұрлан Доспаев ауылдық округ әкімдерінің кезекті сайлауында өтпей қалады. Жергілікті тұрғындар наразылық таныта бастаған соң, аудан басшылары мұның себебін Н.Доспаевтың дұрыс жұмыс істей алмағанынан деп түсіндіреді. Мұның арты аудан басшылығы мен ауылдық округ тұрғындарының арасындағы дауға ұласқан. Ауылдық округ әкімінің ұйымдастырушылық қабілеті мен іскерлігін, міндетіне адалдығын жақсы білетін жергілікті халық бүкіл округ болып, облыс басшысына, астанаға шағымданып, әупірімдеп жүріп, Н.Доспаевтың кандидатурасын сайлау тізіміне енгіздіртеді. Бірақ бұрынғы аудан басшылығы үміткердің рейтингін қолдан төмендетіп, ең соңғы орынға қояды. Осылайша, халық қалап тұрған әкімді мәслихат депутаттары өткізбей тастайды.
Осы мәселемен біраз жыл айналысып, әділдік іздеп қажыған ауыл тұрғындарының бірі – бұрынғы ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы, зейнеткер Любовь Симченко. Ол қанша айтқанымен, халықтың үніне сол уақыттағы аудан басшылары құлақ аса қоймағанын айтып кейіді.
– Егер біз ауыл көркейсін десек, ауыл халқы тату-тәтті әрі жақсы тұрсын десек, біз жергілікті жердегі өз көшбасшымызды таңдауымыз керек. Ал мұндай міндетті атқара алатын біздің ауылдағы бірден-бір азамат – Нұрлан Доспаев еді. Ол біздің ауылды 2013 жылдан 2017 жылға дейін басқарды. Нұрлан әкім болып тұрған кезде қыруар іс тындырдық: соғыста із-түзсіз жоғалғандардың тізімін жасап, түгендедік, барлық тұрғынды ортақ іске жұмылдырып, ардагерлер кеңесін қайта қалпына келтіріп, ардагерлер хорын ұйымдастырдық. Ауылды абаттандырдық. Нұрлан әкім болып тұрған кезде біз кез келген іске құлшына кірісетінбіз. Ол отставкадағы подполковник, нағыз офицер, ұстанымы берік, шебер ұйымдастырушы, табанды азамат әрі әділ басшы еді. Халыққа берген уәдесін міндетті түрде орындайтын. Кез келген мәселені бізбен ақылдаса отырып, ауылдың пайдасына шешетін. Аудан басшылары ұсынған жалған құжатқа қол қоймағаны үшін ол кісіні екінші мерзімге өткізбей тастады. Біз ауыл болып жиналып, қол қойып, өз әкімімізді қайтарып беруін қанша талап етсек те, мұнымыздан түк шықпады. Ал қазіргі әкім жергілікті халықтың көңілінен шығып отыр дей алмаймын. Мысалы, былтыр төселген асфальт шұрқ-тесік болып ойылып, көшеміз бұрынғы таз қалпына қайта келді. Былтыр су өткізіп еді, қыста қатып қалды. Жер астында мұз болып қатып қалған су құбырын әлі күнге дейін жібіте алмай жатыр. Біздің тілегіміз – өзіміздің бұрынғы әкімімізді қайтарып алу. Енді, міне, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауыл әкімдерін тікелей сайлау жөніндегі саяси реформасы біздің өз көшбасшымызды қайтарып алуға деген үмітімізді қайта оятқандай болып отыр, – деді Любовь Ивановна.
Міне, осылайша, алдағы әкімдер сайлауынан ауылдықтар үлкен үміт күтіп отыр.