• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Оқиға 25 Мамыр, 2021

«Ізгілікті қоғам» ізгі адамнан басталады

621 рет
көрсетілді

Жақында Түркістан облысы Қоғамдық даму басқармасының «Жастар ресурстық орталығының» ұйымдастыруымен облыс бойынша «Ізгілікті қоғам» тақырыбында психологиялық семинар-тренинг өтті. Іс-шараның бас­ты мақсаты – жастар арасындағы келеңсіз жағдайлар мен қалыпты емес психологиялық дағдарыстың алдын алу.

Аталған семинар-тренинг Түркістан мен Кентау қалаларында басталып, облыс бойынша барлық аудан мен қаланы қамтыды. Онда тәжірибелі психолог маман адамның ойы мен эмоциясы, ішкі сезімдері арқылы дұрыс жұмыс істеу турасында психологиялық терапия өткізді. Келеңсіз жағдайға тап болған жастарға мәселеден шығу жолдары бойынша семинар жүргізілді. Одан бөлек, тренинг барысында жастардың көшбасшылық қабілетін арттыру, өзіндік қалыптасуына ықпал ететін жаттығулар көрсетілді.

Бұл психологиялық семинар-тре­нинг­ті ұйымдастырған облыстық «Жастар ресурстық орталығының» бас­шысы Амалбек Өміртайдың айтуынша, бұл іс-шара жастардың қоғамда өз орнын табуына, эмоциясын басқаруына, ой­лау жүйесінің дамуына ықпал етеді.

Пандемияға байланысты онлайн және офлайн форматта жүргізілген семинар-тренингке 3200 жас қатысты. Оның ішінде карантиндік талаптар қатаң сақтала отырып, 800 адам офлайн форматта сабақ алса, 2400 жас Zoom платформасы арқылы онлайн қатысып, пайдалы ақпаратпен сусындады.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл іс-шара еліміздегі төтенше жағдайға байланысты өңір жастары үшін пайдалы болды. Себебі адам ұзақ уақыт үйде отыру және үнемі цифрлы құрылғыларға қарап отыру әсерінен психологиялық дағдарысқа түсетіні анық.

Психологтер қазіргі таңда жастардың бойына үміт пен сенім ұялату арқылы жылы сезімдерді дамыту керек екендігін айтады. Психологиялық тренинг барысында жастар мен жасөспірімдер арасында өмірдің дағдарыс кезеңдерінде жағдайдан шыға білу маңыздылығы сөз болып, оның жолдары талқыланды. Оған қоса, делинквентті (заң бұзу) және аутодеструктивті мінез-құлықтың алдын алу, сындарлы түрде мақсатқа қол жеткізу бойынша психологиялық бағыт-бағдар берілді.

Семинар-тренингте қамтылған өзек­ті мәселелерінің бірі – бүгінгі жастар­дың өз-өзіне қол жұмсауы. Осы ретте суи­цидтің алдын алу, жақын адамдармен күнделікті қарым-қатынаста дұрыс болу, жан дүниеге үңіле отырып, сау азаматты қалыптастыру жолдары талқыланып, мамандар өз тәжірибелерін бөлісті. 

Жастар арасында өзекті мәселе­лерді алдын алу мақсатында ұйымдас­тырылған «Ізгілікті қоғам» облыстық семинар-тренингі өңір жастарына ерек­ше серпіліс берген жоба болды. Себебі жоба форматы еркін бол­ған­дықтан, ең алдымен, жастар бір-бірін танып білу үшін «Бүгінгі күнге сәлем!» деген ойын арқылы танысып көңіл көтерсе, екінші ретте жастарға салмақты ой салар «Отбасындағы қа­рым-қатынас» тақырыбында әңгіме өрбіді. Әрине, аталған тақырыпта әр жастың өз көз­қарасы бары анық. Олар өз ойын ортаға салып, пікірін ортаға сал­ды. Ойдан ой туады демекші, жастар бір-бі­ріне жақсы ой айтып, үлгі бола алғандай. 

Десе де қазіргі жастардың белсен­ділігі олардың психология ілімінен алыс еместігін, дағдарыстың алдын алу­ға тырысатындығын байқатты. Ал семинар-тренинг жастарға жеке тұл­ға ретінде дамуға, психикалық ден­саулықты нығайту мен жетілдіруге, өзін өзі дұрыс бағалауды және өз қабілеттері мен мүмкіндіктеріне деген сенімділікті арттыруға, сондай-ақ  шиеленіскен шектеулі жағдайларда психологиялық тұрғыдан ұтқыр болу қабілетін меңгеруге ықпал етті.