Қызылордада облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова, Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Серік Қожаниязов, аудан әкімдері мен тиісті құрылым басшыларының қатысуымен егістікті сумен қамтамасыз ету мәселесіне арналған селекторлық мәжіліс өтті. Жиында аймақ басшысы Сырдарияның төменгі алабында вегетациялық кезеңнің күрделі жағдайда өтіп жатқанын айтты.
– Бүгінде Сырдария өзенінің ағысын реттейтін Нарын-Сырдария су қоймаларындағы су көлемі өткен жылдан 2 млрд текше метрге кем. Шардараға түсіп жатқан судың мардымсыздығы да елді алаңдатуда. Биыл облыс бойынша 188,2 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылын егу жоспарланған. Оның ішінде күріш көлемі өткен жылдан қысқартылып, 84,4 мың гектарға түсті. Бірақ соның өзін егу мен суға бастыру жағдайы аса күрделі болып отыр. Су тапшылығының алдын алу үшін Су ресурстары комитеті мен облыс әкімдігінің бірлескен іс-шаралар жоспары бекітілді. Су алу режімдерінің кестеге сай орындалуына мониторинг жүргізетін топ құрылып, жұмыс жүргізілуде, – деді Гүлшара Наушақызы.
Вице-министр С.Қожаниязов Сырдария суын молайту мақсатында халықаралық келісімшарттар аясында жүзеге асып жатқан бастамалар туралы айтып өтті. Дария арнасына су бөлетін алып айдын Тоқтағұл су қоймасында 2018-2019 жылдары 18 млрд текше метр су болса, биылғы көлем – 8,7 млрд текше метр. Су тапшылығы – трансшекаралық өзен бойындағы барлық мемлекетке ортақ проблема. Халықаралық келісімдер негізінде Қазақстан мамыр айының соңына дейін Қырғызстанға 370 млн кВт сағат электр энергиясын беруді жоспарлап отыр. Қырғыз елі бұл электр қуатын тамызда қайтарып, жазда 370 млн текше метр су жібереді. Осындай келісім Тәжікстан мемлекетімен де жүргізілуде. Осы ел аумағындағы Қайраққұм су қоймасынан маусым, шілде айларында Сырдарияға қосымша 300-400 млн текше метр су алу үшін оларға қажетті техника, жанар-жағармай беріледі.
– Сырдариядағы ортақ суды бөлісу үшін 4 мемлекет өкілдерінен комиссия бекітіліп, жылына 2 мәрте кездесу өткізіліп тұрады. Комиссияның соңғы отырысында Өзбекстандағы Сырдария бассейндік су шаруашылығы ұйымына біздің елден өкілдер жіберуге уағдаластық. Бұрын өзендегі судың бөлінісін бақылайтын бұл мекеме жұмысына араласпайтынбыз. Су тапшылығынан қазір Әндіжан су қоймасынан Қарадария арқылы Сырға түсетін, Шарбақтың айдынынан Шыршыққа тасталатын лимиттерді де бақылауды қолға алдық, – дейді Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің орынбасары.
Жиында Арал-Сырдария бассейндік инспекциясының басшысы Сейілбек Нұрымбетов, «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорны Қызылорда филиалының директоры Хамит Биімбетов су тапшылығының зардабын азайту бағытында жасалып жатқан жұмыстар жайлы хабарлама жасады. Елді мекендерді сумен қамтамасыз ету мақсатында ұзындығы 45 шақырым болатын 8 каналға облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, тиісті жұмыстар атқарылуда. Сонымен бірге облыстық бюджет қаржысына ауылдар үшін 43 сорғы қондырғысын сатып алу белгіленіп, қазір соның 8-і жеткізілген.
Селекторлық мәжілісте облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Айнұр Тілеулеева су тапшылығына байланысты егісті әртараптандыру қолға алынғанын жеткізді. Өзі аз суды ысырапсыз пайдалану үшін биыл жергілікті селекция арқылы өндіріске енгізілген ерте пісетін күріш сұрыптары егілді. Өткен жылмен салыстырғанда күріш көлемі 5,1 мың гектарға қысқартылып, оның орнына суды аз қажет ететін әртараптандыру дақылдарына басымдық беріліп отыр.
Биыл 84,4 мың гектарға егіледі деп межеленген басты өнімнің көлемі әлі де қысқаруы мүмкін. Шаруалар арасында жүргізілген түсіндірме жұмыстарынан кейін Қармақшы, Жаңақорған аудандары тағы да азайтылатын күріш алқаптарының көлемін нақтылады. Селекторлық жиында аудан басшылары, су шаруашылығының мамандары егістің барысы, сумен қамту жайында хабарлама жасады.
Жиынды қорытындылаған Г.Әбдіқалықова Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне вегетациялық кезеңде Шардара су қоймасына жоғарыдан 2,7 млрд текше метр судың түсуін қамтамасыз ету жөнінде ұсынысын жеткізді.
Қызылорда облысы