Қостанай облысында былтыр пандемияға байланысты жабылып қалған боулинг, караоке-бар, тойхана және компьютер клубтары Ashyk жобасына қосылған соң, жұмысын қайта жандандыра бастады.
Аталған жобаға бүгінге дейін бас-аяғы 133 нысан қосылған. Олардың ішінде көпшілік бас қосатын бизнес нысанмен қатар, театр, мәдениет үйі мен концерт залдары да бар. Мысалы, қазір Ілияс Омаров атындағы Қостанай облыстық қазақ драма театрына көрермендер тек Ashyq мобильді қосымшасы арқылы ғана кіре алады. «Ашыққа» тіркелгендердің толық тізімі жасалып, Қостанай облысы әкімдігінің ресми сайтына орналастырылған.
– Өткен жұмада бір жылдан артық уақыттан бері жабық тұрған караоке-барымыз ашылды. Мұндай мүмкіндікке Ashyq жобасы арқылы ие болып отырмыз. Мен тек караокеге ғана емес, өзімнің отбасылық мейрамханам мен жазғы ашық асханама да QR-код алдым. Енді бүкіл ұжым болып жұмысқа шығамыз. Бізге қойылып отырған талап та көңілге қонады: бір кезекте 50 адамға дейін қабылдай аламыз және түнгі сағат 2-ге дейін жұмыс істейтін боламыз. Осы салада жүрген соң, қаламыздағы біраз қоғамдық тамақтандыру орындарының иелерін танимын. Олар да қуанып жатыр, – деді кәсіпкер Бақыт Бейісова.
Әзірше облыста 86 нысан ғана Ashyq-тың толық қатысушылары болып тіркелген. 47 нысан тестік режімде жұмыс істеп жатыр. Бұдан өзге 12 нысан тіркеуден өту үстінде. Жобаға қосылуға өтінім бергендердің ішінде Орталық стадион мен «Тобыл Арена» сынды ірі спорт нысандары да бар.
– Ashyq-қа қосылып жатқан бизнес нысандары мен тұрғындар аталған жобаға ерікті түрде қатысып жатыр. Бұл жобаны енгізудегі басты мақсат – ең алдымен, қала тұрғындарын індет жұқтыру қаупінен сақтау екендігін естеріңізге сала кеткім келеді. Бұл қосымшаны орнатқан ғимаратқа коронавирус жұқтырған адам кіре алмайды. Әсіресе бизнестің ұтатын жері көп. Жобаға қатысқан кәсіпорындар, тіпті «қызыл» немесе «сары аймаққа» енген жағдайда да жұмысын тоқтатпайды, – деді облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Мұрат Әбенов.
Ashyq орнатып ашылған көпшілік орынның бірі – FitnessBlitz фитнес-орталығы. Ол QR-кодты таяуда ғана алыпты.
– Тіркелу көп уақыт алған жоқ. Алдымен қосымшамен өзіміз танысып алған соң, бұл туралы тұрақты клиенттерімізге хабар береміз. Алдағы күндері осы QR-код арқылы жұмыс істей бастаймыз. Ashyq жобасына қатысудағы мақсатымыз – біріншіден, біз өз клиенттерімізді індет жұқтырып алудан қорғауымыз керек. Екіншіден, бұл қосымша шықпай тұрғанда біздің фитнес-орталық эпидемиялық жағдайға байланысты көптен бері жұмыс істемей қалып, қыруар шығынға баттық. Ashyq қосымшасымен біз енді «қызыл аймақтан» да қорықпаймыз, – деді FitnessBlitz фитнес орталығының директоры Ренат Ким.
Қостанай облысы