• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 25 Мамыр, 2021

«Қызылмен» қоштаса алар емес

184 рет
көрсетілді

Батыс Қазақстан облысы биылғы наурыз айының орта шенінен бері коронавирус таралуы жөнінен ең қауіпті «қызыл аймақ» мәртебесінде келеді. Пандемия басталғалы өңірде 21 890 адам вирус жұқтырған болса, осы дерттен 320 адам қайтыс болған.

– Батыс Қазақстан облысында 2021 жылдың басынан бері коронавирус инфекциясын жұқтырып, дүниеден өткендердің саны 152 адам болды. Оның ішінде қаңтарда – 28, ақпанда – 15, наурызда – 30, сәуірде 42 өлім тіркелді. Мамыр айының басынан бүгінге дейін 37 адам қайтыс болған. Марқұмдардың 80-і – әйел адам, 72-сі – ер адам. Ауданда қайтыс болғандар саны 18 болса, қалада 134 адам дүниеден өтті, – деді өңірдегі эпидемиялық ахуалға сараптама жасаған облыстық денсаулық сақтау бас­қармасы басшысының міндетін атқа­ру­шы Арман Қалибеков.

Марқұмдардың басым көпшілігінде жүрек-қан тамырлары аурулары, қант диабеті және басқа да ілеспелі созылмалы дерті болған.

Дәрігерлердің айтуынша, дәл қазіргі жағдайда 195 науқасқа арналған 4 каран­тиндік стационарда да, 1 123 төсектік орын­дық 18 инфекциялық стационарда да, инфекциялық стационарлардағы 72 реанимациялық бөлімдерде де төсектік орын жеткілікті.

Облыс бойынша 1 ақпаннан бастап COVID-19 қарсы вакциналау басталған болатын. Бүгінге дейін облыста вакцинаның 138 560 дозасы келіп түскен, оның 89 050 дозасы – I компонент, 49 510 дозасы – II компонент.

25 сәуір күні облысқа жеткізілген 2 мың доза (1 мың доза – І компонент, 1 мың доза – ІІ компонент) қазақстандық вакцина тұрғындарға толығымен егілген. Сонымен қатар Біріккен Араб Әмір­лік­те­рін­де өн­ді­ріл­ген 45 мың доза Hayat-Vax араб вакцинасы да облыс тұрғындарына жеткізілді.

Жалпы, облыс бойынша вакцинаның І компонентімен 65 547 адамға егілген болса, 24 мамыр күнгі мәлімет бойынша вакцинаның ІІ компонентін барлығы 27 773 батысқазақстандық алып үлгерген.

Арман Талғатұлының пікірінше, өңір­де­гі коронавирусқа қатысты эпи­де­миялық ахуал нашар. Инфек­циялық стационарға ауыр және аса ауыр халде түсіп жатқан науқастар азаймай отыр.

– 1 мамырдан бері облыста COVID-19-бен ауыр­ғандар саны 2 550 адам болды. Зертханаларда 51 870 мәрте ПТР-тест өткізілді, орта есеппен күніне 2 255 тест зерттелуде, – дейді облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Нұрлыбек Мұстаев.

Өңірде соңғы аптада өткен аптамен салыстырғанда аурушаңдық 7,7%-ға төмендеген. Бірақ босаңсуға ерте. Соңғы тәулікте, яғни 23 мамыр күні коронавирус 85 адамнан анықталған.

1 мамырдан бастап Батыс Қазақстан облысындағы мемлекеттік шекарадан барлығы 22 846 адам өткен екен. Оның ішінде 327 жолаушының COVID-19 анықтамасы болмаған. Арнайы стацио­нар­да жасалған тест қорытындысы бір адамда вирус бар екенін анықтаған. Ал шекарадан кедергісіз өтіп, халықаралық жүк тасымалын жүзеге асыратын 2 191 жүргізуші де тиісті анықтамасыз болып, олардан ПТР әдісімен COVID-19 тест алынған кезде, 9 адамда оң нәтиже көреткен. Мониторинг топтар 179 рейд жүргізіліп, 965 нысан қамтылды. 22 нысанда құқық бұзушылықтар анықталды. 22 хаттама толтырылып, 962 610 теңгеге айыппұл салынды.

Бүгінгі таңда Ashyq қосымшасымен облыс бойынша барлығы 391 нысан жұмыс істейді. 1 мамырдан бастап Ashyq жобасына қатысатын нысандарда «сары/қызыл» мәртебесі бар 136 адам анықталған.