Бүгін бауырлас Әзербайжан мен Қазақстан Республикаларының экономикалық байланысы нығайтуға жол ашатын ерекше шара өтті. Екі ел Президенттерінің тапсырмасы бойынша Бакуде Қазақстан сауда үйі ашылса, Нұр-Сұлтанда Әзербайжан сауда үйі ашылды, деп хабарлайды Egemen.kz
Сауда үйінің ашылуына келген қонақтарға Әзербайжан Респбликасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Рашад Маммадов лебіз білдірді.
«Бүгінгі шараны мерекелік шара деп айтуға болады. Әзербайжанның тәуелсіздік күні қарсаңында Қазақстан астанасында осындай ерекше шараға куә болып отырсыздар. 28 мамырда Әзербайжан 103 жылдығын атап өтеді. Осындай мерекелік оқиғалардың алдында Әзербайжан сауда үйін ашып отырмыз. Мұндай нысанды ашуға екі ел Президенттері бастамашы болғанын айту керек. Бұл – Әзербайжанның Қазақстандағы алғашқы әрі жалғыз сауда үйі. Алдағы айларда бұл орталықтың Ақтау және Алматы қалаларында филиалдары ашылады. Келешекте Қазақстанның бүкіл аумағында осындай бөлімшелер ашылады деп үміттенеміз», деді дипломат.
Оның айтуынша, сауда нысаны Әзербайжаннан Қазақстанға экспорттауға болатын өнім шығаратын орта және шағын кәсіпрорындар үшін жақсы мүмкіндік болмақ. Ал қазақстандық тұтынушылар Әзербайжанның дәмді азық-түлігі мен өнеркәсіп өнімдеріне тікелей қол жеткізе алады.
«Коронавирус пандемиясы барлық елдердің жоспарын өзгертіп, арадағы сауда байланысына кері әсер еткеніне қарамастан, Қазақстан мен Әзербайжан пандемияға дейінгі байланыстарды дамыта түсуге қажетті қадамдарды жасап отыр. Қазірдің өзінде екі ел арасында ішкі және транзит жүк айналымының көлемі артып отыр. Елдеріміздің инфрақұрылымға салған миллиардтаған инвестициялары экономиканың белсенді дамуына мүмкіндік ашып, бүкіл өңірдің дамуына жақсы әлеует ашып отыр», деді Рашад Маммадов.
Қазақстан тарапынан сөз алған Энергетика вице-министрі Әсет Мағауов Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы байланыс сауда-экономикалық, көлік-логистика, энергетика, мәдени-гуманитарлық және басқа да салалардаы қамтитынын еске салды.
«Бірнеше жыл бұрын Баку-Тбилиси-Карс халықаралық теміржол желісінің ашылуына куә болдық. Ол сөзсіз Жібек жолы бойындағы елдер үшін экономикалық ынтымаққа жаңа серпін берді. Сондай-ақ, кезекті отырысы биыл Нұр-Сұлтан қаласында өтуі жоспарланып отырған Қазақстан-Әзербайжан сауда-экономикалық ынтымақтастық комиссиясының жұмысы екіжақты қатынастарды дамытуға ықпал етеді. Мемлекет басшылары арадағы тауар айналымын екі есе арттыруға міндет қойды. Бұл мінде екі арадағы байланыстың бауырластық рухына сәйкес келеді», деді вице-министр.
Былтыр Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы сауда айналымы 170 млн доллар болған. Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаевтың айтуынша, бұл олқылықты орнын толтыруға көптеген мүмкіндік бар.
«Бұл сауда үйі екі ел арасындағы сауда айналымын арттыруға арналған. Әзербайжан мен Қазақстан тек бауырлас елдер ғана емес, стратегиялық серіктестер. Арадағы қарым-қатынас 100 жылдан бері жалғасып келеді. Тәуелсіздік алған күннен бастап экономикалық байланысты нығайтып келеміз. Былтыр пандемиялық шектеулерге байланысты арадағы сауда айналымының долларға шаққандағы 30 пайызға түсіп кетті. Алайда көлемі сол күйінде сақталып отыр. Оның алдыңғы жылдары арадағы сауда айналымының көлемі 200 млн доллар болатын. Сол қарқынды қалпына келтіріп, әрі қарай өсіру үшін осындай сауда үйі ашылып отыр. Бұған дейін арадағы экономикалық қатынас энергетикалық келісімдер аясында жүретін. Ал бұдан былай сауда мен интеграциялық процестерге басымдық беріледі. Әзербайжан мен Түркияның арасы теміржол арқылы жалғанатынын ескерсек, Әзербайжанға үлкен үміт артуға болады», дейді Қайрат Төребаев.
Елордада ашылған сауда үйі үлкен көлемде тауар тасымалдайтын кәсіпкерлерге де, қарапайым тұрғындарға қызмет көрсететін болады. Тұрғындар өзіне қажетті әзербайжандық өнімдерді сатып алса, импорттаушылар әр өнімнің сапасын тексерігеннен кейін осы нысан арқылы үлкен көлемде келісімдар жасай алады.