Жыл басталғалы бері елімізде жемқорлық қылмысы үшін 300-ден астам адам заңды жазасын алған. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ақпаратына сүйенсек, олардың 78-і пара алғаны, ал 147-сі пара бергені үшін сотталған. Алаяқтық та азаймай тұр. Соңғы төрт айда бұл қылмыс түріне қатысты 40 дерек тіркелген.
«Аса ірі көлемде пара алғаны үшін ұсталды», «қызметтік лауазымын асыра пайдаланғаны үшін жазаға тартылды», «мемлекет қаржысын талан-таражға салғаны үшін сотты болды». Шыны керек, мұндай сөздерді жиі естуге қоғамның да еті өліп барады. Жан-жақтан ағылған ақпараттың дені жемқорлыққа қатысты. Оған да селсоқ қарайтын немқұрайдылыққа көзіміз де, бойымыз да үйреніп барады. Бұл тұста барлық мәселе пара алып, басы бәлеге қалған мемлекеттік қызметшілер мен лауазымды тұлғалардың жауапсыздығымен ғана шектелмейді. Сыбайлас жемқорлықтың әлеуметтік және қылмыстық салмағын әлі де саралай алмай жүрген еліміздің әрбір азаматының таным-түсінігі де көп түйінге шырмау болып тұр.
Мәселен, биылдың өзінде лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланғаны үшін 19 адам сотталса, лауазымдық өкілеттілігін асыра пайдаланған 7-і де жазасыз қалмаған. Бас бостандығынан айыруға – 85, бас бостандығын шектеуге 26 адам кесілген. Ең сорақысы, жыл басталғалы бері жемқорлығы үшін сотталған сол 300-ден астам адамның 60-сы арнаулы, әскери немесе құрметті атағынан, сыныптық шенінен, дипломатиялық дәрежесінен, біліктілік сыныбынан және мемлекеттік наградаларынан айырылған. Соларың бірі – таяуда ғана «полиция подполковнигі» шенінен айырылған Б.Билялов есімді экс-полиция қызметкері. Алматы облысының Іле аудандық полиция басқармасының орынбасары лауазымын атқарған ол Қылмыстық кодекстің 170-бабының 1-бөлігімен қозғалған адам денсаулығына қасақана орташа зақым келтіру ісін тоқтату үшін 870 мың теңге көлемінде пара алғаны үшін істі болған еді. Аудандық сот тәртіп пен заңдылықтың күзетінде емес, керісінше жемқорлықтың жағында жүрген сақшыны шенінен айырып қана қоймай, 26,1 миллион теңге көлемінде айыппұл төлеуге де міндеттеген.
Қызметтік лауазымын пайдаланып, пара алғандардың тағы бірі – ақтаулық мемлекеттік қызметші. Құжатқа қоятын «қолтаңбасын» миллионға бағалаған «Мұнайлы ауданы әкімі аппаратының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және автомобиль жолдары» ММ басшысы Б.Әбдіқалық «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» және «Жұмыспен қамту-2020» мемлекеттік бағдарламалары аясында жеке басының жағдайын да жақсартып алуды көздеген. Осы бағдарламалар бойынша жүзеге асырылатын Мұнайлы ауданындағы кентішілік жолдар құрылысын жүргізу кезінде орындалған жұмыс актілеріне қол қойғаны үшін пара алған басшыға қатысты Ақтау қалалық соты 30 миллион теңге айыппұл төлеу жөнінде шешім шығарды. Ал мекеме басшысына пара беріп, проблемасын тезірек шешіп алғысы келген «Жанрин» ЖШС директоры Н.Сүйінов 15 млн теңге айыппұл арқалады.
Сот шешімі шыққан әр деректің артында адам тағдыры тұрғаны түсінікті. Алайда заңды жазаға тартылған әр адамның азаматтық жауапкершілігін де естен шығармаған дұрыс. Себебі ең бірінші өзімізді, тәртіп пен талапқа деген көзқарасымызды, іс-әрекетімізді өзгертпей, қоғамдағы індетті түп-тамырымен жоя алмасымыз анық. Қоғамның өзгергенін қаласақ, мәселені парасыз шешуге талпынғанымыз жөн. Ол үшін жол сақшысы тоқтатса, заңсыздықты ақшамен емес, жауапкершілікпен шешіп үйренгеніміз жөн. Жұмысқа орналасу үшін таныс емес, ерік-жігер мен білім-біліктілікті араластырып әдеттенгеніміз абзал. Банк пен ХҚКО-да шаруаны тезірек бітіру үшін «бармақ басып, көз қыспай-ақ» құжаттарымызға мұқият болғанымыз жөн. Ең бастысы – өз проблемамызды заңсыз әрекетпен шешуге жол бермеуіміз қажет.