Павлодарда полиция қызметкеріне пара бермек болған тұрғын сотталды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Полиция департаментінің өзіндік қауіпсіздік басқармасы ішкі істер органдарының сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағдарламасын іске асыру шеңберінде лауазымды тұлғаларға пара беру фактілерін анықтау бойынша тұрақты негізде іс-шаралар жүргізеді.
«Сәуір айында облыс орталығының тұрғыны өзін әкімшілік жауапкершілікке тартпау үшін Павлодар қаласының патрульдік полиция батальонының қызмет инспекторына екі мың теңге мөлшерінде заңсыз ақшалай сыйақы бермекші болғаны туралы телефон хабарламасы түсті. Жүргізуші жол қиылыстарынан өту ережелерін немесе жолдың жүру бөлігін кесіп өту ережелерін бұзғаны анықталды. Оны полиция қызметкерлері тоқтатып, ер адамға қатысты Қазақстан Республикасы ӘҚБтК 594-бабы бойынша әкімшілік іс қозғалды. Жүргізуші мәселені пара беру арқылы шешпек болған», деді Полиция департаменті өзіндік қауіпсіздік басқармасының бастығы Төлеген Алпысбаев.
Ер адамға қатысты Қазақстан Республикасы ҚК 367-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілді. Сот ер адамды кінәлі деп танып, 11, 25 АЕК (пара мөлшерінің еселенген) мөлшерінде, 22 500 теңге сомасында айыппұл түрінде жаза тағайындады.
Сондай-ақ ол өмір бойына мемлекеттік қызметте, судья, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі мен оның ведомстволарында, Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау мен қадағалау жөніндегі уәкілетті органда, мемлекеттік ұйымдар мен квазимемлекеттік сектор субъектілерінде лауазымдарды атқару құқығынан айырылды.