Өскемен қаласында өрт шыққан көпқабатты үйден 1 тұрғын құтқарылып, 6 адам эвакуацияланды, деп хабарлайды Egemen.kz.
ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 26 мамырда Жаңа-Ахмер кентінде орналасқан бесқабатты тұрғын үйдегі пәтерлердің бірінде өрт шыққан. Оқиға орнына дереу жеткен өрт сөндірушілер тұрғындарды эвакуациялауға кірісті.
«Тұрғын үйден 1 адам құтқарылып, 6 азамат эвакуацияланды. Анықталғандай, бесінші қабаттағы пәтерде жиһаз, жеке заттар мен тұрмыстық техника жанған. Көп ұзамай өрт сөндірушілер жалпы ауданы 20 шаршы метрді құраған тілсіз жауды ауыздықтады», деп хабарлады ведомство өкілдері.
Қызыл жалынды өшіруге жеке құрамнан 22 адам мен 7 техника жұмылдырылған. Өрттің шығу себебі анықталуда.