• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Өнер 26 Мамыр, 2021

Британияда бақтары жанды

529 рет
көрсетілді

Дүние дидарын домбыра үніне елітіп жүрген өнерпаздар Темірлан Олжабай мен Ернат Наурыз Ұлыбританияда ұйымдастырылған халықаралық Golden Time Talent фестивалінде топ жарды. Атап өтерлігі, бұл олардың әлемдік деңгейдегі алғашқы ірі жеңісі емес, деп хабарлайды Egemen.kz.

Жер-жаһандағы қалыптасқан ахуалға байланысты дәстүрлі фестиваль әдеттегі қалпын өзгертіп, онлайн форматта ұйымдастырылды. Ауқымды шара әртүрлі санат бойынша жыл сайын өткізіледі. Темірлан мен Ернат 68 мемлекеттің өкілімен додаға қатар түсіп, 1-ші орынды иеленді.

«Фестивальдің алғашқы кезеңінде Құрманғазы мен Нұрғиса Тілендиевтің күйлерінен күй-шашу орындадық. Ал гранд-финалда Вивальдидің «Жыл мезгілдері» цикліндегі «Жаз» туындысын ұсындық. Дәлірек айтсақ, оның өзіміз өңдеген нұсқасын тарту еттік. Ақтық сынға арналған тамаша бейне баянды Ұлыбританиядан келген мамандар түсірді», дейді Темірлан Олжабай.

Golden Time Talent ұйымдастырушылары қазақстандық таланттарды 2018 жылы Голливудта өткен халықаралық World Championships конкурсында байқаған екен. Дәл осы додада Темірлан мен Ернат топ жарған болатын. Сол кезде-ақ оларға фестивальге қатысу туралы ұсыныс түскен.

«Жеңіске жеткенімізге қуаныштымыз. Ұйымдастырушылар бізге келісімшарт ұсынып отыр. Бұйыртса, әлемдегі эпидемиялық жағдай тұрақталып, ұшақпен қатынау қалыпқа түскен соң, Ұлыбританияға барып концерт бермекпіз», дейді Ернат Наурыз.

Темірлан мен Ернат – елордадағы Қазақ ұлттық өнер университетінің түлектері. 2017 жылдан бері жұп құрап, жұртшылықты тәнті етіп келеді. Бүгінге дейін домбырашы жігіттер Димаш Құдайбергенмен бірге Қытайда өткен I'm a Singer конкурсында өнер көрсетті. Сондай-ақ жоғарыда атап өткеніміздей, World Championships додасында топ жарды. Бұдан бөлек, Түркия мен Израильде және Еуропаның бірқатар қалаларында өнерін паш еткен. 

Қос талант енді осы жылы Түркия мен Дубайда жеке концерт бермек. Қазір жауапты шараға қызу дайындық жүріп жатыр.