• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Білім 26 Мамыр, 2021

Қосымша білімге көбірек мән берілмек

701 рет
көрсетілді

Бас басылым бетінде бірнеше рет қосымша білім берудің көлеңкеде қалып қойғанын, шын мәнінде оның балаға өз жолын табуға септігін тигізер маңызды міндетін мәселе ретінде көтеріп жазғанбыз. Содан бері жауапты ведомстволардың бірқатар оң шешім қабылдағаны туралы айтылды. Соның басында 5 жыл ішінде барлық мектепте спортпен айналысуға жағдай жасалатыны жайлы жаңалық тұр.

 

Білім және ғылым ми­нистрі Асхат Аймағам­бетов 2021 жылғы 11 наурыздағы Үкімет отырысындағы баян­да­масын­да: «Дарынды балаларды қол­дау жұмыстарын жалғас­тырамыз. «Мың бала» жобасы жалғасады, Респуб­лика­лық олимпиаданың, Пре­зидент­тік олимпиаданың жа­ңа үлгілері енгізіледі. Оған қоса, жақында қабылданған заң­ның шеңберінде қосымша білім алуға кең мүмкіндік беру үшін мемлекеттік тапсырыс конкурстық негізде және же­кеменшік ұйымдарда да ор­наласатын болады. Соның нәтижесінде 2025 жылы бұл көрсеткіш 100 пайызға дейін жетеді. Бес жылдың ішінде барлық мектепте спортпен айналысуға жағдай жасалады. Сондай-ақ дене шынықтыру мұға­лімдеріне секциялар мен үйірмелер өткізгені үшін ай сайын қосымша 17 мың теңге ақы төленеді», деген еді.

Министрліктің қосымша білім берудің көкжиегін ке­ңейтуге қатысты бастамасын өңірлік әкімдіктер де қол­дай бастаған сыңайлы. Елор­да әкімі Алтай Көлгінов өзінің әлеуметтік желідегі парақ­шасында балаларды қосым­ша біліммен қамту жұмыс­тары қалай жүргізіліп жат­қанын жазды.

«Сапалы білім беру мен оқушылардың жан-жақты дамуы үшін мектептерді са­лып, оларды жөндеуден басқа, қосымша білім беруді дамы­туға ерекше назар аудару қажет. Мемлекет бас­шысының тапсырмасына сәй­кес балаларды қосымша білім­мен барынша қамту бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Балалардың спорт­тық, шығармашылық және зияткерлік әлеуетін іске асыруы маңызды. Бірқатар көпбейінді қосымша білім беру орталықтарының жұмыс барысымен таныстым. Оның ішінде Железнодорожный елді мекенінде орналасқан тех­никалық шығармашылық орталығы бар. Ғимарат бұ­рын бос тұрса, қазір жөн­деліп, қосымша білім бе­ре­тін орталыққа айналды (Ж.Жабаев көшесі, 27). Атал­­ған қосымша білім беру орталығында роботтехникамен, авиамодельдеумен, тех­никалық дизайнмен, қолөнермен, мотокроспен және т.б. айналысу үшін бар­­лық жағдай жасалған. Орта­лықтың 30-дан астам филиалы жұмыс істейді. Олар қала ішінде де, елді мекендерде де орналасқан. 7 жастан 18 жасқа дейінгі балалар орта­лыққа тегін бара алады», дейді бас қаланың әкімі.

А.Көлгінов өзінің жазба­сында тағы М.Өтемісов атын­дағы Оқушылар сарайын­да (Ә.Мәмбетов көшесі, 1) жөндеу жұмыстары жүргі­зі­ліп, қосымша үйір­мелер ашыл­ғанын тілге тиек еткен. Оның айтуынша, онда көр­кем және әлеуметтік шы­ғармашылықты, дене шы­нық­тыру мен спортты дамыту үшін барлық жағдай жа­салды. Орталықта лингвис­тика, домбыра, шахмат, то­ғыз­құмалақ, роботтехника, видеографика, спорт секция­лары (бассейн, баскетбол) және т.б. кабинеттер бар.

«Балаларды қосымша біліммен қамтуда аула клубтары да көмектеседі. Бүгінде Нұр-Сұлтанда 28 аула клубы жұмыс істеп тұр, ал он­дағы тәрбиеленушілерінің саны шамамен 3 мың баланы құрайды. Және биыл қосым­ша жаңа Оқушылар сарайы ғимаратының құ­рылысын бастаймыз», деді елорда әкімі.