Ор қазғандарға айыппұл салынады. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган қоршаған ортаға залал келтіру фактісін анықтап, қажетті материалдарды жинау мен талдау жүргізеді. Сондай-ақ келтірілген залалға экономикалық бағалауды белгілейді және тұлғаларды әкімшілік немесе қылмыстық жауапқа тарту туралы материалдарды тиісті органдарға жолдайды. Қоршаған ортаға келтірілген шығын құнының мөлшеріне байланысты Қылмыстық кодекстің 333-бабына сәйкес, қылмыстық жауапкершілікке тарту көзделген.
Иә, бұл Түркістан өңірінде алдыңғы жылдан бері қайталанып келе жатқан келеңсіз жағдай. Түркістан облысының тарихи орындарын зерттеу мақсатымен жолға шыққан «Алқакөл» экспедициясы мүшелерінің тереңдігі екі метрден астам қазылған ордың табанында жыбырлаған тасбақаларды көріп, дабыл қаққаны, қосмекенділердің құтқарылғаны жөнінде жуырда ғана жазған едік. Сарыағаш ауданы Әлімтау ауылдық округіне қарасты ауқымды жер телімі қоршау ретінде заңсыз қазылып, терең шұңқырларға түскен тасбақалар шыға алмай қалған. Аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен еріктілер тобы орға түскен тасбақаларды шығарып, табиғат аясына қайта жіберген болатын.
Алғаш рет осындай оқиғаға байланысты мәселе 2019 жылы көтерілген, сол кезде экспедицияға қатысқан ғалымдар шаруашылық айналасындағы ордан 365 қосмекенді мен жорғалаушыны тапқан, оның ішінде сирек кездесетін жануарлар болған. Сол кезде тірі қосмекенділер мен жорғалаушылар өлімнен құтқарылып, ордан 10-50 метр қашыққа апарылған. Зерттеу кезінде бауырымен жорғалаушылардың 16 пайызы өлгені анықталған болатын. Келеңсіз оқиға өңірде күні кеше тағы қайталанды. Экспедицияға қатысқан мамандар Сарыағаш пен Шардара елді мекендері арасындағы орлардан бауырымен жорғалаушылар мен қосмекенділерді тапқан. Оның көбі – Орталық Азия тасбақалары. Тереңдігі екі метрге жуық қазылған орда кейбірі өліп қалған. Экологтер дабылынан соң облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов Сарыағаш ауданы әкімдігі қызметкерлерінің оқиға орнына баруын ұйымдастырды. Сырдария-Түркістан ұлттық табиғи паркінің аумағында қазылған ордың ұзындығы 2 шақырымнан асады. Ұзындығы 1 шақырымға созылатын тағы бір орда жорғалаушылардың бірнеше түрі, сондай-ақ 2 қозы мен 2 ешкі табылған, олар да өздігінен шыға алмай, өлім аузында болған. Фермерлердің айтуынша, мұндай қоршау өңірде кең тараған. Алайда бұл көптеген қосмекенді мен бауырымен жорғалаушының, соның ішінде Қазақстанның Қызыл кітабына енгендердің заңсыз жойылуына әкеледі. «Мәселе ертерек шешіліп, қорғаныс траншеяларында жануарлардың жаппай қырылуын болдырмауға бағытталған нақты шаралар қабылдау қажет. 2019-1920 жылдары Білім және ғылым министрлігі Зоология институты мен ҚБСА ресми түрде облыстық және республикалық деңгейдегі мемлекеттік уәкілетті органдарға жүгінген болатын», деп хабарлады ақпарат құралдары арқылы биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығы.
Бұл мәселеден облыс әкімдігі хабардар және нақты шаралар қолдану мақсатында жұмыс жүргізілуде. Облыс әкімі Ө.Шөкеев кей аудандарда орын алған жер иелерінің әрекетін және оған жол берген әкімдерді қатаң сынға алды. Жер заңнамасын бұзу деректері бойынша шара қолдануды және мәселені шешуді тапсырған болатын. «Облыс аумағында жерді қазып тастаған жағдайлар жиілеп кетті. Неге әкімдер қарамайды? Бұл дегеніңіз – табиғатқа қиянат қой. Ол жерге мал түсіп, мертігіп жатыр. Оны тоқтату керек. Қазып тастаған жерлерді реттеу керек», деп Ө.Шөкеев аппарат отырысында аудан әкімдеріне нақты тапсырма берді. Сондай-ақ егістікке мал түспес үшін шұңқыр қазып тастаған азаматтарға шара қолдану мақсатында облыстық жер инспекциясына арнайы хат жолданған.
Жерін қызғыштай қорып ор қазғандардың әрекетіне ауылдастары да наразы. Біразы шұңқырға түскен малын әзер шығарып алған. Мысалы, Қазығұрт ауданының Сарапхана ауылын айналдыра терең ор қазылған. Тереңдігі адам бойынан асатын шұңқырларға тұрғындар мен төрт түлік мал абайсызда түсіп кетіп, мертігуде. Бұл аздай жердің жоқтығынан таудағы жайылымға малын айдаған 3-4 ауданның шаруалары үйірлі жылқысын, табын-табын сиырын, қой-ешкісін отарымен ауыл ішіндегі көшемен айдап өтуге мәжбүр. Бұл да ауыл тұрғындарына ыңғайсыздық тудырады. Мақтаарал, Жетісай мен Сарыағаш, Келес ауданынан шыққан төрт түлік тауға жетемін дегенше, Қазығұртқа қарасты 4-5 ауылды басып өтеді екен. Кезінде малды айдауға бөлінген жерлердің көбі бүгінде егістік болып кеткен. 1,5 мыңға тарта шаңырағы бар ауылда жайылым үшін алақандай жер қалмаған. «Қазылған ордың зиянын жануарлар ғана емес, малмен күн көріп отырған біз де тартып отырмыз. Өткенде малымызды күні бойы іздеп таппадық. Келесі күні көргендер шұңқырда жатқанын айтты. Бәріміз барып шығара алмадық. Арнайы техника шақырдық. Мойны қисайып қалған. Емдетіп қосымша шығынға түстім», дейді ауыл тұрғыны Нұрғали Қоңыратбаев. Жалпы, Қазығұрт ауданында 650 гектар егістік осындай терең шұңқырмен қоршалған. Өзімбілермендік әрекет жасаған 7 шаруашылықтың үстінен әкімдік жер инспекциясына шағым түсіріпті. «Қазір оларға бір айда қалпына келтіру бойынша хабарлама бердік. Егер қалпына келтірмесе келісімшартты бұзып, жерлерін қайтарып алатын боламыз. Бірақ бәрібір Сарапханадағы оқушылар мен жүргіншілердің жағдайы қиын. Өйткені өзге аймақтың малын айдап өтетін жер тауып беру жылдам шешіле қоймайды. Төрт түлік жайылымға шығып біткенше ауыл ішіндегі қозғалысты реттеу үшін жол полициясына хат жолданды», дейді Қазығұрт ауданы жер қатынастары бөлімінің басшысы Сәбит Әлсейітов.
Күні кеше журналистер Бәйдібек ауданына барып, облыс әкімінің тапсырмасы аясында атқарылып жатқан жұмыстарға куә болды. Түркістан облысында жер телімінің шекарасын заңсыз ор қазып қоршаған жалпы аумағы 41 876,5 гектар 139 жер телімі анықталған. Аталған жер пайдаланушылар Жер кодексінің 140-бабының талаптарын бұзып, яғни жерді заңсыз бүлдіріп, құнарлы қабатын бұзып, сыдырып алып қоршаған ортаға зиян келтіруде. Түркістан облысының жер инспекциясы басқарма басшысының міндетін атқарушы Алтынбек Мырзаевтың мәлімдеуінше, зиян келтірушілерге Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 337-бабына сәйкес, қоршаған ортаға келтірген зиян сомасы мөлшерінде айыппұл салынып, жерлері сот арқылы мәжбүрлеп мемлекетке қайтарылады. Сонымен қатар жоғарыда айтып өткеніміздей, Экологиялық кодекстің 5-бабының 7-тармағы, 95-бабының 7-тармағы және 108-бабының 2-тармағына сәйкес, қоршаған ортаға залал келтіру фактісін анықтау, қажетті материалдарды жинау мен талдау жүргізіледі. Қоршаған ортаға келтірілген шығын құнының мөлшеріне байланысты Қылмыстық кодекстің 333-бабына сәйкес, қылмыстық жауапкершілікке тарту көзделген.
Заңсыз жер пайдаланушылармен қазылған жерлерді қалпына келтіру үшін рекультивация жүргізілетін болады. Бүгінде бұл бағыттағы жұмыстар басталған.