Шығыс Қазақстан облыстық Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 26 мамырда сағат 19.47-де Пихтовск орман шаруашылығының Кедровск орманшылығында терек мамығы өртенген. Оқиға орнына өрт сөндірушілер шұғыл келіп жетті, деп хабарлайды Egemen.kz
«Көп ұзамай жалпы ауданы 0,0366 гектарды шарпыған қызыл жалын ауыздықталды. Алдын ала мәлімет бойынша тілсіз жаудың шығуына отпен абайсыз әрекет ету себеп болған. Өртті сөндіруге жеке құрамнан 13 адам, 15 орманшы мен 8 техника жұмылдырылды», деп хабарлады ведомство өкілдері.
Департамент мамандары өңір жұртшылығына өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтау қажеттігін ескертеді.
Естеріңізге сала кетейік, 10 мамыр күні Риддер орман шаруашылығында шыққан алапат өрт 300 гектар аумаққа жайылып, соңы қайғылы жайтқа ұласқан еді.