Ресейдің бірнеше аймағында үй жануарларына коронавирусқа қарсы екпе салына бастады, деп хабарлайды Egemen.kz.
Вакциналау науқаны мал дәрігерлік емханаларда жүріп жатыр. Бұл туралы осы елдің Малдәрігерлік және фитосанитарлық қадағалау жөніндегі федералдық қызмет өкілдері мәлімдеді.
Ресей наурызда ит, мысық, түлкі мен қаракүзенге сынақ жасап, жануарларға арналған әлемдегі алғашқы вакцинаны тіркеген болатын. Жергілікті ғалымдар жасаған коронавирусқа қарсы бұл препарат «Карнивак-Ков» деп аталады. 2 дозасы шамамен 7 долларға сатылады. Екпе салынғаннан кейін жануарлардың бойындағы иммунитет жарты жылға дейін сақталады екен. «Қазір біз бұл вакцинаны Еуроодақта тіркету үшін жұмыс істеп жатырмыз. Бұл іске Польша, Германия мен Венгрия өте мүдделі болып отыр. Сондай-ақ Таиланд, Жапония, Малайзиямен де келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Ертең біздің вакцинаны Перуде тіркеу және жеткізу мүмкіндігін талқыламақпыз», дейді «Россельхознадзор» басшысының кеңесшісі Юлия Мелано.