Түркістан облысында полицейлер жылқы ұрлаған әйелді ұстады, деп хабарлайды Egemen.kz Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Түлкібас АПБ-ға жергілікті тұрғын жайылымда жүрген құны 800 мың теңге болатын биесін белгісіз біреулердің ұрлап кеткенін хабарлаған. Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша СДТТБТ-ға тіркеді.
Мал ұрлығын ашу мақсатында Түлкібас АПБ-ның аса тәжірибелі полицейлері қатарынан жедел-тергеу тобы құрылды. Олар учаскелік инспекторлармен бірге жақын маңдағы барлық жайылымдар мен шаруашылық аулаларды аралап, куәгерлерден сұрастырып, үй малын тасымалдайтын автокөліктерді мұқият тексеріп, барымташыларды іздестіру және ұстау бойынша басқа да іс-шараларды жүзеге асырды.
Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде Түлкібас АПБ полиция қызметкерлері орта жастағы күдікті әйелді анықтап бөлімшеге жеткізді. Күдікті мал ұрлығын пайдакүнемдік мақсатта жасағанын мойындады.
Белгілі болғандай күдікті әйел жайылымда жалғыз жүрген жылқыны ұрлап, қылмыс орнынан қашып кеткен. Содан кейін ол ұрланған малды 350 мың теңгеге сатып, ақшаны қажетіне жұмсаған. Ұрланған жылқыны тәртіп сақшылары тәркілеп алып, заңды иесіне қайтарды.
Қазіргі уақытта бөтеннің мүлкін ұрлау бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Полицейлер оқиғаның мән-жайын және мал ұрлығының басқа да ұқсас қылмыстарға қатысы барын анықтап жатыр.