Көпшілік үшін күрделі мәселеге айналған коронавирус індеті күн сайын күшейіп, Жамбыл жұртшылығын ғана емес, жаһанды да әбігерге салып отыр. Өңірде бүгінде қауіпсіздік шаралары мейлінше күшейтіліп, барлық талап сақталғанымен де 9 мыңға жуық адам індет жұқтырған. өкінішке қарай, қауіпті індеттің құрбаны болғандар да бар. Дегенмен де ел ішінде бұл індетті жеңгендер де кездеседі. Бұл ретте азаматтардың ‑мірін сақтап қалуда ақ халатты абзал жандардың еңбегі орасан. Дер кезінде тиісті шаралар қабылдап, көптеген науқастың аяғынан тік тұруына септігін тигізгені де ерлікпен бірдей.
«Ауру батпандап кіріп, мысқалдап шығады», дегендей, кез келген дерттің дауасы оңай табыла қоймайды. Ал коронавирус індетінің қауіптілігі күн сайын айтылуда. Онымен жапсарласып келе жатқан пневмония деген ауру тағы бар. Алайда көптеген азамат індетті жеңіп шықты. Мәселен, Талас ауданы Үшарал ауылының 68 жастағы тұрғынының дене қызуы үш күннен бері түспей, тыныс алуы қиындаған соң, науқас жедел жәрдем көлігімен орталық ауруханаға жеткізіледі. Оны тексеру барысында компьютерлік томография өкпенің 50 пайызы зақымданғанын анықтап, оған екіжақты полисегментарлы пневмония диагнозын қояды. Ал облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, пациентте стенокардия, бүйректің басым зақымдануымен артериялық гипертензия және қан айналымының бұзылуы сияқты ілеспе аурулар болған екен. Науқас шұғыл түрде жансақтау бөліміне жатқызылып, қосымша респираторлық қолдау көрсетілген. Араға бес күн салып жағдайы жақсарған соң, арнайы ортақ бөлмеге ауыстырылған. Дәрігерлердің көмегінің нәтижесінде ол 15 күннің ішінде сырқатынан толық айығып шықты. «Мен барлық медицина қызметкеріне алғыс айтамын. Облыс орталығына бармай-ақ, аудандық ауруханада қажетті ем-дом алып, отбасыма аман-есен оралдым. Ақ халатты абзал жандарға бақыт, денсаулық және осы пандемиямен күресте шыдамдылық тілеймін», дейді ол. Дәрігерлер де әрбір тұрғын үшін барынша қажетті шаралар жасайтынын айтуда. «Адамның аурудан жазылуы оның ішкі жағдайына, оның өмір сүруге, отбасына, жақындарына оралуға деген ниетіне тікелей байланысты болады. Бұл кісі біздің стационарымыздағы өмірге құштар науқастардың бірі болған. Сондықтан да ол коронавирус індетін жеңді», дейді емдеуші дәрігер Толқын Жаңабай.
Тараз қаласының 60 жастағы тұрғыны да қауіпті індетті жеңіп отыр. Әуелі ол ауыр халде қалалық көпбейінді аурухананың жұқпалы аурулар бөліміне келіп түседі. Туыстарының айтуынша, науқас тұмау белгілеріне ұқсас ауруды өз бетінше емдеуге тырысқан. Бірақ дерті одан сайын асқынып, тынысы тарылып, ентіге берген соң, шұғыл түрде қалалық көпбейінді ауруханаға келеді. Мұнда келушінің қан талдаулары тексеріліп, компьютерлік томографияға түсіріліп болған соң, өкпенің 100 пайыз зақымданғаны анықталады. Сөйтіп науқас жансақтау бөліміне жатқызылады. Зақымдалған өкпені қалыпқа келтіретін ем-шаралар 60 күнге созылыпты. Дәрігерлердің табанды еңбегінің нәтижесінде бұл науқас та індетті жеңіп шығады. «Мен өз-өзіме келе алмай, тыныс алу аппаратында жаттым. Маған қайта өмір сыйлаған ақ халатты абзал жандарға мың алғыс. Коронавирус індетінен қорғану үшін адамдарға вакцина салдыртып, өзіне күтім жасау керектігін айтқым келеді. Денсаулыққа артық қауіп төндірудің қажеті жоқ», дейді ол. Бүгінде науқас толық сауығып, үйіне шығарылды.
Жуырда Тараз қалалық көпбейінді ауруханасы жұқпалы аурулар құрылымының жансақтау бөліміне Мойынқұм ауданының тұрғыны келіп түседі. 28 жастағы жүкті әйел облыс орталығына өте ауыр жағдайда санитарлық авиация желісі арқылы жеткізілген. Компьютерлік томография мен талдау-сараптау қорытындылары бойынша оған коронавирус және ауыр дәрежелі өкпенің 88 пайыз зақымдануымен екіжақты вирустық пневмония диагнозы қойылады. Алайда жергілікті медицина қызметкерлері бір айдан аса уақыт бойы реанимация бөлімінде науқастың өмірі мен баланың өмірі үшін күрескен. «Өміріне қауіп төнген ана бүгінде кесарь тілігі арқылы аман-есен тұңғышын босанды. Нәрестенің салмағы 3400 грамм. Шақалақтан сынама алынды, нәтижесі сәбидің коронавирус жұқтырмағанын көрсетті. Бірақ босанғаннан кейін науқастың жағдайы нашарлап кетті. Сатурациясы төмен, температурасы жоғары, өздігінен дем ала алмайды, интоксикация синдромы өзгеріссіз қалды. Бірнеше рет консилиумдар жүргізілді. Нәтижесінде, экстракорпоралды мембраналық оксигенация аппаратына қосылды», дейді аталған аурухананың босану бөлімшесінің меңгерушісі Қымбат Абдраимова.
Қуанышқа орай, індетті жеңген ана дені сау ұл баланы дүниеге әкелді. Дәрігерлер мен медбикелер ана мен баланы қатаң бақылуға алып, емдеп, ерекше күтім жасаған. Нәтижесінде, олар көп ұзамай реанимациядан бейінді бөлімшеге ауыстырылмақ. «Біз жаңа босанған анаға жақынымыздай алаңдадық. Ол кісінің жұбайының да бізге толық сенім артып, жақсылықтан үміттенгені бізге күш берді», дейді емдеуші дәрігер-инфекционист Елена Пак. Төтенше режімде жұмыс істеуге дағдыланған аурухананың білікті мамандары сөйтіп бірден екі адамның өмірін сақтап қалды. «Менің ауыр халіме қарамастан, ана болу бақытын сыйлаған осы аурухананың ұжымына алғысымды білдіремін. Сіздер шынымен мықты екенсіздер. Адал еңбектеріңізді көрдім. Көрсетілген көмектеріңіз үшін мың алғыс», дейді жаңа босанған ана. Айта кетейік, жыл басынан бері ауруханаға коронавирус індетін жұқтырған 197 жүкті әйел және 37 босанған әйел келіп түскен. 72 жүкті және босанған әйел жансақтау бөлімінде емделіп шықса, бұл мекемеде 52 әйел дені сау балаларды дүниеге әкелген.
Психологтер қауіпті індетке шалдыққан адамның одан үрейленбей, қорықпай, тек қана оны жеңіп шығатынына сенімді болуы керектігін айтады. Дегенмен де дерттің аты – дерт. Өміріне қауіп төндіріп тұрған індеттен кім қорықпасын. Алайда «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» дегендей, ауру келмес бұрын барынша сақтық талаптарын сақтап, өз-өзімізді бақылауға алған жөн.