Осыдан бірнеше ай бұрын Қостанай облысының Ұзынкөл ауданында компьютермен басқарылатын жаңа сауын фермасы жұмыс істей бастады. Новопокров ауылындағы «Тойсай» серіктестігінде ашылған «ақылды» фермадағы 300-дің үстіндегі сиыр тәулігіне 5 тоннаға дейін сүт береді. Мұнда орнатылған цифрлы қондырғының көмегімен операторлар бір мезгілде 32 сиыр сауады. Сүт фермасы бүгінде ауылдың 30 тұрғынын тұрақты жұмыспен қамтып отыр.
Серіктестік аталған цифрлы жобаны жүзеге асыруға 200 млн теңге қаржы жұмсапты. Фермадағы сиыр сауатын орын сүттің мөлшері мен сапасын автоматты түрде бақылап отыратын жоғары технологиялық құрылғымен жабдықталған. Бұл бағдарламаның көмегімен сауын алаңындағы әр сиырдың күйі, дене қызуы, жүрек қағысы, жемшөбі мен салмағы, күндік беретін сүтінің мөлшері мен құрамы туралы мәліметтер жинақталып отырады. Ферма мамандарының айтуынша, мұның бәрі өнім көлемін ұлғайтып, тауар сапасын арттыруға, сондай-ақ әрбір мал басын күйлі ұстауға көмектеседі. Сүт фермасы алдағы уақытта жоғарғы технология мүмкіндігін пайдалана отырып, өнім сапасын 4%-ға арттыруды, мал азығының 21%-ын үнемдеп, өндірістегі еңбек шығынын 24% қысқартуды көздеп отыр.
Сауын алаңындағы «ақылды» құрылғылардың қалай жұмыс істейтінін бізге мал шаруашылығының бригадирі Светлана Мацилевич айтып берді. Мұнда тұрған сиырлардың бәрінде ақпарат беріп тұратын автоматты сәйкестендіру жүйесі бар екен. Осы арқылы әр сиырдың қанша сүт бергені туралы және бұдан өзге де қажетті мәліметтер табынды басқарудың компьютерлік бағдарламасына еніп отырады.
– Қазір, орташа есеппен бір сауын сиыр тәулігіне 20 литрге дейін сүт береді. Күніне 5 тонна сүт өткіземіз. Цифрлы технология арқылы өнім көлемін 50 пайызға дейін ұлғайтуға қол жетіп отыр, – дейді компьютерлік бағдарламамен жұмыс істейтін маман Марина Алейник.
Сүт фермасында небары екі-ақ сауыншы жұмыс істейді. Бірақ оларды сауыншы деп айтудан гөрі «ақылды» сауын құрылғысын басқаратын оператор деген дұрыс. Светлана Ковалева мен Ольга Васильюк күнделікті жұмыс барысында сүт толы ауыр бидонды көтеріп бел майыстырмайды. Сауын алаңына бірден 32 сиырды жіберіп, әрқайсы орнына орналасқан соң, сиырдың желінін жуып, сауын апаратын кигізеді. Қалған жұмыс автоматты түрде жүреді. Көп ұзамай сауын аяқталып, аналық мал ғимараттың келесі жағындағы есікке беттейді. Ал оның орнына басқа сиырлар келіп кіреді. Сауын жұмысы аяқталған соң екі келіншек арнайы бөлмеге барып, киімдерін ауыстырады. Мұнда жуынып, демалатын орын да бар.
– Жұмыстың 90 пайызын Германиядан әкелінген Dematron сауын құрылғысы атқарады. Алғашқы кезде кейбір сандардан қате жіберіп қоятынмын, қазір «ақылды» құрылғыны толық меңгеріп алдым. Тетікті басам да, аппаратты іске қосам. Сәлден соң жіңішке түтікшелердің ішінде сүт жүгіре бастайды. Сиыр сауылып болған соң, аппарат автоматты түрде тоқтайды. Оған сиырлар да әбден үйреніп алды. 15 жылдан бері сауыншы болып жұмыс істеймін. Биыл «ақылды» сүт фермасы ашылғалы жұмысымыз көп жеңілдеді. Бұрынғыдай ауыр ыдыс тасымаймыз, бұл жердің ауасы да тап-таза. Қысы-жазы бір қалыпты ауа температурасы сақталып тұрады, – деді сауын операторы Светлана Ковалева.
Сауын алаңының еденіне қалың резеңке төсеніш төселген. Оны екінші бір жұмыскер «Керхер» жуғыш аппаратымен әлсін-әлсін жуып, тазартып отырады екен. Ферманың мал қорасының өзі ерекше еңселі: төбесі биік, іштегі ауаны желдеткіш тазартып тұрады. Мұндағы малшылардың жұмысы да жеңіл көрінді. Өйткені малдың жемшөбін беруді ауыл шаруашылығында пайдаланылатын шетелдің шағын техникалары атқарады.
Сүт фермасына аса қымбат автоматты тазарту жүйесі орнатылыпты. Бұдан өзге мұнда сиыр суаратын заманауи суат, азық үстелдері бар. Сүт фермасының ең басты артықшылығы – цифрлы технологияда. Жаңа технология арқылы сауынды автоматтандырып қана қоймай, табындағы әр сиырдың күйіне қатысты көрсеткіштерді бақылайды. Бұл көрсеткіштер басқару пультіне «сезімтал» әрі «ақылды» арнайы қондырғылар арқылы түсіп отырады. Компьютерде отырған зоотехник қай сиырдың сүтті екені, қайсысының сүті азая бастағаны, қай сиырдың дұрыс жем жемей жүргені туралы мәліметтерді онлайн режімде алып, зерделеп, сүтті табынның өнімділігін арттыруға қажетті шешімдерді алдын ала қабылдап отырады.
«Тойсай» серіктестігінің басшысы Ұзақбай Ағайдаровтың айтуынша, сүт фермасында жалпы саны 1 131 ірі қара бар. Оның 716-сы – сүтті мал. Шаруашылық бүгінде 315 сиыр сауып отыр. Күніне 5 мың литр сүт өткізіледі. Әр литр сүттің бағасын 150 теңгеден есептесек, «ақылды» ферма айына 24 млн теңгеге сүт өткізеді екен.