• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 28 Мамыр, 2021

Түркістан облысында ауласына көкнәр еккен тұрғын ұсталды

473 рет
көрсетілді

Түркістан облысының полицейлері ауласында көкнәр еккен тұрғынды ұстады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Түркістан облыстық Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы мен Мақтаарал АПБ-ның полиция қызметкерлері бірлесіп, «Дәрмек» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізуде.

Іс-шараның негізгі мақсаты – есірткі құралдарының, прекурсорлардың заңсыз айналымына тосқауыл қою, контрабандалық әкелу мен әкету, сондай-ақ бақылаудағы заттарды заңсыз айналымға шығару деректерін анықтау.

Осындай шара барысында іске кіріскен аудандық полиция қызметкерлері, ауласына есірткі затына ұқсас өсімдікті өсірген жергілікті тұрғынды ұстады. Полицейлер күдіктінің ауласынан 10-нан астам есірткі затына ұқсас өсімдікті тамырымен бірге топырақтан шығарып, заттай дәлел ретінде алды. Осылайша алынған заттарға сараптама тағайындалып, нәтижесінде көкнәр екені белгілі болды.

Сонымен қатар күдіктінің бұдан алдын ҚР ҚК-нің 296-бабы (Есірткі, психотроптық заттармен, сол тектестермен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу) бойынша сотты болғаны анықталды. 

Аталған жайт сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізіліп, ҚР ҚК-нің 300-бабы (Құрамында есiрткi заттар бар, өсiруге тыйым салынған өсiмдiктердi заңсыз егіп-өсіру) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі таңда осы іс бойынша сот сараптамасы тағайындалып, тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.