Түркістан облысында табылған үш жігіт оқиғаның мән-жайын айтып берді, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Олардың жағдайы жақсы. Медициналық көмек қажет емес. Екеуі 1999 жылғы, біреуі 2000 жылғы. Олар үш күн бұрын екі топқа бөлінгенін айтады», деді ТЖМ ресми өкілі Талғат Уәли.
Студенттер 21 мамырда шығып, екі күн жол жүргеннен кейін қайтып келе жатқан жолда адасып кеткен.
«Кейін жеті адамның біреуі ауырып қалды, сол үшін үшеуі бір орында қалды да төртеуі ары қарай кетті. Сол жерде үшеуіміз үш күн түнедік. Сосын бүгін шығып келе жатқан кезде ТЖМ қызметкерлері бізді тауып алды. Барша атсалысқан адамдарға алғысымызды айтамыз», дейді жігіттер.
Еске салайық, кеше, 27 мамырда Назарбаев университетінің баспасөз қызметі Түркістан облысы тауларында жоғалып кеткен жеті саяхатшының алтауы ЖОО студенттері екенін хабарлаған болатын.
21 мамырда университеттің алты студенті және Кентау қаласы лицей-интернатының түлегі Түркістан облысындағы тауларға 4-5 күнге жаяу саяхатқа шығып кеткен. Бүгін жоғалған 7 жігіттің үшеуі табылды.