• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қазақстан 28 Мамыр, 2021

Сенатор: Мемлекеттік басқару жүйесін инновациялық дамуға бағдарлау қажет

315 рет
көрсетілді

Сенатта «Қазақстан Республикасындағы инновациялық даму: жай-күйі, проблемалары және құқықтық реттелуі» тақырыбында дөңгелек үстел болды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің төрағасы Дәурен Әділбеков кездесуді аша келіп, ұлттық экономиканы дамытуда инновациялық жүйені дамыту маңызы зор мәселелердің бірі екенін атап өтті.

Сенатор бұл салада бірқатар бағдарламалар, жол карталары мен жобалар жасалғанын, алайда оларды жүзеге асыру нақты нәтиже бермей отырғанын атап өтті.

«Бізге мемлекеттік басқару жүйесін инновациялық дамуға бағыттау қажет. Ұлттық инновациялық жүйені дамытуда мемлекеттің, бизнестің, білім және ғылым жүйесінің тиімді өзара іс-қимыл процесін жолға қою талап етіледі», деді Дәурен Әділбеков.

Сенатор Еділ Мамытбеков өз кезегінде мемлекеттік басқарудың барлық деңгейлерінде мемлекеттік теңдестірілген шаралар стратегиясы мен оларды іске асыру тактикасының жоқтығы инновация саласындағы басты мәселе екенін атап өтті.

«Ғылыми-зерттеу және сындарлы тәжірибелік жұмысты коммерцияландырудың нашар болу себептерінің бірі өнеркәсіп пен ғылымның өзара байланысының даму деңгейінің төмендігі болып табылады»,  деді сенатор.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин сенаторлар алдында есеп берді. Ол айтылған проблемалармен келісе отырып, жоспарлы көрсеткіштерге қол жеткізуге және оң серпінге қарамастан, ол экономиканың озық инновациялық өсуін қалыптастыру үшін әлі де жеткіліксіз екенін айтты.

Сондай-ақ Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің, "Самұрық-Қазына", "Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы" КЕАҚ, Инновацияларды дамыту жөніндегі ұлттық агенттіктің өкілдері баяндама жасады.

Комитет төрағасы өзінің қорытынды сөзінде жобаларға мониторинг жасау және талдау құралдарымен қоса ұлттық инновациялық жүйені басқарудың жалпы кестесін ұсынды.

Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша бірқатар ұсыныстар әзірленді. Оның ішінде инновациялар және оның құрамындағы ұғымдарды айқындау, Технологиялық саясат жөніндегі кеңестің мәртебесін көтеру, инновациялық даму жөніндегі негізгі көрсеткіштерді қарастыру және басқа да мәселелер бар.