• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 29 Мамыр, 2021

СҚО-да демалыс күндері ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері өтіп жатыр

220 рет
көрсетілді

СҚО-да азық-түлік бағасын тұрақтандыру мақсатында сәуір айынан бері ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері өтуде, деп хабарлайды Egemen.kz.

 

СҚО ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының мәліметінше, ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері – азық-түлік бағасын тұрақтандырудың бір жолы. Бірнеше жыл қатарынан өткізіліп келе жатқан іс-шараға тұрғындар да, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер де белсене қатысады.

Ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері әр сенбі-жексенбі сайын Петропавлдағы «Дария», «Алтын Арман», «Қызыл Жар-Ақбастау» базарларында өтеді. Оған әр апта сайын кезекпен 6 ауданнан қатысады. Бұл жерде ауылдықтар делдалсыз өз өнімдерін тиімді бағаға сата алады. Сөреге жұмыртқа, ет, бал, балық, картоп, сүт өнімдері сияқты 20-дан астам өнім шығарылады.

Жәрмеңкеге облыстың ауыл шаруашылығы өнімін шығаратын және өңдейтін ірі кәсіпорындары да қатысады. Тауар нарықтағы бағадан 10-20%-ға арзан.

Петропавлда сәуір айынан бері ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі 21 рет өткен. Осы аралықта 46,3 млн теңгенің өнімі сатылды. Соның ішінде 17,8 млн теңгеге 11 тонна ет, 5,7 млн теңгеге 18 мың дана жұмыртқа, 10 млн-нан артық теңгеге 11 тоннадан астам сүт өнімдері саудаланған.