• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Оқиға 30 Мамыр, 2021

Әуе қатынасын тоқтатты

226 рет
көрсетілді

Еуропа Одағы Беларусьтің Ryanair ұшағына қатысты оқиғадан кейін санкция жариялады. Дүйсенбіден бастап бірқатар мемлекет өз әуе кеңістігінен Беларусь ұшағының өтуіне тыйым салып, өздері де Беларусьті айналып өтетінін мәлімдеді.

Оқиғаның негізгі себебіне тоқталайық, 23 мамырда Афинадан Вильнюске бағыт алған FR4978 рейсі Минск әуежайына қонуға мәжбүр болды. Ирландиялық әуе компаниясы Беларусь үкіметі ұшақты Минскіге қарай бағыттады дейді. Лайнермен бірге Беларусь көкке МиГ-29 жойғыш ұшағын да көтерген. Дегенмен Минск бұл мә­лімдемені жоққа шығарып, ұшақтың өзі төтенше жағдай туралы белгі берді деп хабарлады. Арнайы тексерістен кейін ұшақта кінәрат табылмағаны мәлім болды. Бір қызығы, 7 сағат кідірістен кейін діттеген бағытына аттанды. Алайда бортта болған беларусьтік журналист Роман Протасевич пен оның серігі София Сапегиге рейсті жалғастыруға рұқсат берілмеді.

Бұл жайт Еуропаны бейжай қалдырмады. Герма­ния канцлері Беларусь мәлімдемесіне сенбей­тінін ашық айтты. Одан кейін Одақ мүшелері келісіп, санкция салатынын хабарлады.  Еуропа Одағы, соны­мен қатар, Беларусь әуе кеңістігін айналып өтуге шақырды. Еуропа әуежайлары Беларусь ұшақ­та­рына қызмет көрсетпейтін болды.

Бұл шешім туралы жазылған құжатта көліктік қатынастан бөлек, Роман Протасевич пен София Сапегиге бостандық талап етіп, олардың ел арасында жүрулеріне тыйым салмауын талап етті. Оған қоса, Халықаралық азаматтық авиация ұйымына бұл жайтты егжей-тегжей зерттеуді тапсырды.

Ангела Меркель болса, «Бәріміз ұшақта бол­ған беларустік оппозиционер Протасевичтің ұстал­­ғанын көрдік. Бұдан кейін қандай да бір мәлім­деменің шындыққа ұласпайтыны анық. Алда жоспар­ланған Брюссельдегі кезектен тыс саммитте Еуропа Одағы ұшақты мәжбүрлі түрде қондыруға қатыс­ты жа­уапты талқылайды. Беларуске қарсы қандай шара қолданатынымызды да сол кездесуде шешеміз. Бұл – еуропалық ортақ шешім болады», деді.

Ал 26 мамырдан бастап Украина, Польша, Канада, Швеция мен Чехия Беларуске ұшатын рейс­терді тоқтатты. Минск – Украина үшін Ресеймен байла­ныстыратын транзит аймағы еді. Ал пандемия кезінде ресейліктер Минск арқылы Түркия мен Грузияға ұшып жүрді. Лондон, Париж, Вильнюспен қатар, тағы да он шақты Еуропа қаласы «Белавия» ұшағын қабылдамайтынын хабарлады.

Ұшақтар қауіпсіздігі еуропалық агенттігі қауіп­сіздік мақсатында әуе компанияларына Беларусь әуе кеңістігін айналып өтуге кеңес берді. Air Baltic, Air France, Finn Air, Wizz Air сынды еуропалық компаниялардан кейін 25 мамырда All Nippon Airways и Singapore Airlines сынды азиялық тасымалдаушылар да қатынасты тоқтататынын мәлім­деді.

Қазақстандық әуе тасымалдаушысы Air Astana 31 мамырдан бастап Минскіге қатынайтынын хабарлаған-ды. Алайда бірнеше күн бұрын ком­мер­ция­лық себептерге байланысты бұл рейс іске қосыл­майтынын мәлім етті. Ал Ресей әуе қа­­­ты­насы тоқта­майтынын білдірді. Росавиация Беларусьпен байланыс штаттық режімде жалғасып жатқанын жариялады. «Интерфакс» агенттігі: «Ресей Беларусь арқылы азаматтық ұшақ транзитін тоқтатпайды», деп жазды.

Беларусь әуе кеңістігінен тәулігіне 339 рейс ұшып өтеді екен. Reuters агенттігіне Еуропалық бақылау агенттігі Ұлыбританиядан күн сайын 100 рейс Беларусь арқылы қатынайтынын, енді олар 75 шақырым артық жүруі тиістігін айтты. Сонымен қатар ведомство «Жаңа жолмен ұшу әуе компаниялары үшін қосымша уақыт пен жанармайды қажет етеді», деді.

Осы уақытқа дейін Беларусь үкіметі әуе кеңіс­тігін қолданған әуе компанияларынан Airbus SE A320 ұшақтары үшін 245 еуро, ал үлкен ұшақтар үшін 770 еуро алып отырған. Бұл жаңалық үкімет үшін де, «Белавия» әуе компаниясы үшін де тиімсіз екені анық.