Күні кеше Чемпиондар лигасының финалы өтіп, ағылшынның екі клубы – «Манчестер Сити» мен «Челси» күш сынасты. Ақтық сында лондондық команданың шоқтығы биік шығып, «қос құлақты кубокты» басына көтерді. «Тұманды Альбионның» қос клубы әлемдегі ең абыройлы турнирдің финалына шығуы кездейсоқ емес. Өйткені Ұлыбритания – футболы ерекше дамыған мемлекет.
Англия ‒ футболдың отаны екені белгілі. Қазіргі таңда Ағылшын Премьер лигасы ‒ әлемдегі ең танымал әрі көрермені көп лига. Тарихқа көз жүгіртсеңіз, футболдың шығу тарихы, қазіргі кезі де түрлі драмалар мен қызықты оқиғаларға толы екендігіне куә боласыз.
«Тұманды Альбионды» аладоптың отаны санауының өзіндік себебі бар. Ағылшын топырағында 9 ғасырда доппен ойнаған адамдар туралы «Бриттар тарихы» дастанында айтылады. Сондай-ақ 1174-1183 жылдары Лондон көшелерінде футбол ойнаған балалар туралы абыз Уильям Фитцстефан да жазып кеткен екен.
Ал біз білетін қазіргі футбол ойыны мен оның ережелері XIX ғасырда сол Англияда қалыптасты. Әуелі Ұлыбританияда көптеген клубтар құрыла бастады. Мәселен, Гиннестің рекордтар кітабы 1843 жылы құрылған «Гайз Хоспиталды» ең алғашқы клуб ретінде таныған. «Шеффилд» командасының негізі Шекспирдің отанындағы тұңғыш дербес футбол клуб ретінде 1854 жылы құрылды.
1863 жылы регби мен футбол ұйымдары бірігіп, «Англия футбол ұйымы» (The FA) ретінде іргетасы қаланды. Бұл ‒ спорт тарихындағы тұңғыш басқарушы мекеме еді. Көп ұзамай, 1871 жылы ағылшын кубогы сарапқа салынды. Өз кезегінде, бұл турнир де тұңғыш ұйымдастырылған сайыс ретінде тарих парақтарына жазылды. Бір жылдан кейін «Тұманды Альбионда» алғаш рет ұлттық құрама құрылып, олардың өзара кездесуі өтті. Аталған матчта Англия мен Шотландия күш сынасып, тең тарқаған еді. Сондай-ақ тұңғыш ұлттық лига да Ұлыбританияда 1888 жылы басталды. Бүгінде аталған лига ‒ әлемдегі ең танымал турнир.
Ағылшын футбол лигасы жүйесі пирамида ретінде ұйымдастырылған. Онда 140-тан астам лига және 500-ге жуық дивизион бар. Жүйенің күрделілігі соншалық, оған қатысатын командалардың нақты санын білу қиын. Түрлі дереккөздер 5300-дей клуб тіркелгенін айтады. Аталған лига жүйесі 11 деңгейден тұрады. Соның ең жоғарғысы ‒ Премьер лига. Ал Чемпиончип, Лига 1, Лига 2 ‒ одан кейінгі деңгейлер. Бұларға «Ағылшын футбол лигасы» (EFL) жауапты. Қалғаны «Ұлттық лига жүйесіне» (NLS) тиесілі. Бұдан бөлек, тағы он шақты деңгей бар. Әйтсе де олар әуесқой лига саналады. Мұндағы әуесқой клубтардың санына жету қиын.
Ағылшын ұлттық лигасы құрылған жылы «Престон Норс Энд» командасы турнирдің тұңғыш жеңімпазы атанды. Төрт жылдан кейін бұл бәсеке атауын өзгертіп, «Футбол лигасының жоғарғы дивизионы» болып өзгерді. Бір ғасыр өткен соң турнирдің атауы тағы өзгерді. Соның нәтижесінде қазіргі Премьер лига құрылып, телевизиялық құқықтар бекітілді. Бұл қадам ағылшын клубтарына тың серпіліс әкелді. Әуелі командалардың танымалдығы мен қаржылай табысын арттырды.
Англия футболы жыл өткен сайын нағыз бизнес көзіне айналып келе жатыр. БиБиСи арнасының мәліметінше, 2015-2016 жылғы маусымда Премьер лиганың табысы 3,6 миллиард фунт-стерлингтен асып түсті. Ал 2010 жылы бұл көрсеткіш 2,4 миллиард болатын. Яғни айналдырған 5-6 жылдың ішінде Премьер лига 1 миллиард доллар қосымша табыс тапты. Бұдан бөлек, әлемнің ең бай 30 клубының 12-і Англияға тиесілі. Ендеше ағылшын командалары ақшаны күреп тауып отыр деп айтуға толық негіз бар. Әрі көптеген атақты футболшылардың «Тұманды Альбионда» доп тебуге құмартуының негізі де осында жатыр. Айтпақшы, мұнда қаржылық ақпарат ешқашан құпия сақталмайды. Бәрі таза болған соң шығар, былайғы жұртшылық клубтардың «ішкі кухнясынан» хабардар.
Телевизия құқығы да «Тұманды Альбиондағы» футболға көп қаржы әкеліп отыр. Мәселен, Sky мен BT Sports арналары 2016-2019 жылдар аралығында Премьер лига матчтарын тікелей эфирден тарату үшін 5,136 миллиард фунт-стерлинг төледі. Осы аралықта 168 ойынды көрерменге көрсету жоспарланған, әр матчтың құны 10,2 миллион фунт-стерлингке тең. BBC арнасы ойындардың маңызды сәттерін көрсетуге ғана 204 миллион фунт-стерлинг төлеген. Сондай-ақ алыс шетелдерде ағылшын футболын көруге құмарлардың саны артып келеді. 2019 жылы Қытай Премьер лига ойындарын көрсету құқығы үшін 700 миллион долларды санап берді. Америкалық NBC арнасы да 250 миллион долларды аяған жоқ. Жалпы әлем бойынша 156 елдің телеарналары Премьер лига ойындарын көрсету құқығына ие. Соның нәтижесінде апта сайын аталған турнирді 4,2 миллиардқа жуық адам тамашалайды екен. Ал әр ойынды 12 миллион көрермен көреді.
Англияда кез келген дивизионда ойнайтын команда ел біріншілігін ұтып алуға теориялық тұрғыда мүмкіндігі бар. Мәселен, 11 деңгейден бастаған клуб 11 жылдан кейін кубокты бастарына көтеруі ықтимал. Өкінішке қарай, қаржылық және басқа да кедергілерге байланысты мұндай жағдайдың кездесуі неғайбіл.
Әйтсе де, төменнен бастап ел чемпионы атанғандар футболшылар арасында жиі кездеседі. Соның бірі ‒ «Лестер» клубының шабуылшысы Джеймс Варди. Оның өмір жолы драмаға толы. Варди бала кезінен аладопқа қызығып өседі. Арман қуып, өзі туып өскен қаланың «Шеффилд Уенздэй» командасының академиясынан тәлім алды. Алайда 16 жасында аталған клуб мамандары Джеймсті бойы мен қабілеті сай келмейді деп, команда сапынан шығарып жіберген екен. Төрт жыл бойы сенделген ол 2007 жылы 8-деңгейлі лигада өнер көрсететін «Стокбридж» командасына қабылданыпты. Бұл жақта Вардиға аптасына 30 фунт төлеген.
«Гардиан» газетіне берген сұхбатында шабуылшы аталған соманың өзіне жеткілікті болғанын, одан бұрын футбол арқылы ақы алмағанын айтады. Ең қызығы, жергілікті пабтардың бірінде Варди төбелесіп қалып, кешкі 6-дан таңғы 6-ға дейін үйден шықпауға міндеттеліпті. Кей кездері матч алыста өтсе, Джеймс ойынның жартысына ғана қатысып, үйіне қайтып кетіп жүрген. Өйткені кешкі 6-дан кешіксе, полиция оны ереже бұзғаны үшін ұстап әкетер еді.
Мұндай жағдай 6 айға созылған. Үш жыл сонда тер төккеннен кейін Варди «Халифакс» командасына ауысты. Тағы бір жыл төменгі дивизионда ойнап, келер жылы «Флитвуд Таун» құрамына қосылды. Аталған клуб сапында да Джеймс көп тұрақтаған жоқ. Бір жыл ішінде 31 гол соғып, командасының 2 Лигаға шығуына көмектесті. Вардидің мұндай жетістігі басқа клубтар назарынан тыс қалған жоқ. 2012 жылы «Лестер» Джеймсті 1 миллион фунтқа сатып алды. Бұл ‒ әуесқой футболшыға төленген рекордтық сома.
Варди өзіне артылған сенімді ақтады. «Лестер» 2015-2016 жылғы маусымда Англия чемпионы атанып, айды аспанға бір-ақ шығарды. Варди өз кезегінде 24 гол соғып, командасының жеңісіне өлшеусіз үлес қосты. Сондай-ақ ұлттық құрама сапына шақырту алып, 26 ойын өткізіп, 7 мәрте қақпа торын тулатты. Вардидің мысалы кез келген жасөспірімге шын қаласа, аңсаған арманына жетуге болатынын көрсетеді. Әрі сондай арманның орындалатын жері – Англия екенін де айғақтайды.
Осындай бай тарихы бар футбол отанында жүргенімде матчтарды тікелей тамашалаудың санаулы ғана мүмкіндігі болды. Мұның себебі ‒ «Тұманды Альбионда» билет табу оңай емес, әрі табылғандарының бағасы өте қымбат. Англия клубтары арасында «мемберчип» (мүшелік) жүйесі қатты дамыған.
Ойынға билет сатып алу үшін әуелі сол клубтың мүшелігін сатып алу керек. Оның өзі арзан емес. Мысалы, «Манчестер Юнайтед» клубының мүшелігі ‒ 30 фунт (шамамен 15 мың теңге). Тіпті мүшелігі барлардың да бірден билет сатып алуға мүмкіндігі жоқ. Билеттер әуелі «алтын», «платина» мүшелігі барлар арасында таратылады. Одан қалғаны қарапайымдарға сатылады. Соның өзінде ең арзаны 50 фунттың (20 мың теңге) шамасында. Мұндай билеттер сатылымға түскен бетте өтіп кетеді. Сондай-ақ «қонақжайлық» деп аталатын түрі де бар. Оның бағасы ‒ 200-500 фунт аралығында (100 мың теңгеден жоғары).
Футбол болатын күні қала көшелері, қоғамдық көліктер, стадион маңы екі клубтың жанкүйерлеріне лық толады. Былайша айтқанда, футбол өтетін күн ‒ үлкен мереке. Бір тұста «Юнайтед, Юнайтед» деп айқайлаған «Вэст Хэм» фанаттары жүрсе, келесі тұста «Челси» жанкүйерлері «Blue is the colour» деп ұрандатып келе жатады. Кейбір футбол құмарлар матч басталуынан 3-4 сағат ерте келіп алады. Стадион сыртында таныстарымен қауқылдасып, бір қолына қуырылған тамақтарын ұстап, келесісімен бір саптаяқ сырасын сіміріп тұрғандарды көресің. Қай-қайсысы болсын өз клубының жейделерін киіп, шарфтарын тағынған. Ара-тұра біз секілді шетелден келген туристер көрінеді. Ал қаланың басқа бөлігіндегі пабтар футбол көруге келген жанкүйерлерге толады.
Англиядағы футбол әлемі мұнымен бітпейді. Кез келген қаланың әр бұрышынан ала доптың артынан жүгіріп жүргендерді көруге болады. Оның үстіне, «Тұманды Альбионның» ауа райы да доп тебуге қолайлы. Жылдың көп бөлігінде жауатын жаңбырдың пайдасынан көгалдар бірқалыпты өседі.
Бүгінде ағылшын елінде футболдың кең тарауының негізгі себептері осылар. Тарихы тереңге кетуі, құрылымдық жүйесі күрделі болуы Англиядағы басты спортты танымал етіп, әлем назарын аудартады. Соңғысы өз кезегінде орасан пайда түсіріп тұр. Елдегі спорттық кешендердің қолжетімділігі де футболдың танымалдығын арттыра түседі. Осылардың нәтижесінде Англия ала доппен тыныс алып отыр.