Англия премьер-министрі Борис Джонсон үйленді. Іс-шара Уэстминстер шіркеуінде көпшілік назарынан тасада өтті.
Сенбіде үкімет басшысы бұған дейін сөз байласқан қалыңдығы Кэрри Саймондспен некесін қиды. Маңызды оқиғаға Борис Джонсонның отбасы мен жақын достары ғана куә болды. Жиында бас-аяғы 30 ғана адам болған. Дегенмен бұл жаңалық Британия баспасөзінің назарынан тыс қалмады.
Бұған дейінгі жаңалықтарға сүйенсек, неке қию рәсімі 30 маусымға жоспарланған.
Саясаткердің әріптестері әлеуметтік желілерде құттықтап, жылы лебіздерін арнады. Мәселен, алғашқылардың бірі болып Солтүстік Ирландияның бірінші министрі Арлен Фостер Twitter желісіндегі парақшасында құттықтап, жас жұбайларға бақыт тіледі.
Іс-шараға бірнеше шіркеу қызметкері қатысты. Негізгі бөлімі Дэниел Хамфрейс әкейдің басшылығымен өтті. The Sun басылымы «Даунин стриттің», яғни Парламент пен Сарайдың бұл оқиғадан хабары болмағанын жазады. Дегенмен екі құрылым да бұған қатысты еш түсініктеме бермеді.
Уэстминстр шіркеуіне келгендерден шіркеуді жергілікті уақыт бойынша 13:30-да босатуын өтінген. Бір жарым сағаттан кейін оқиға орнына үкімет басшысы мен ақ көйлек киген қалыңдығы келді. Шіркеуде ән айтқан музыканттар кешкі 10-да ғимараттан шыққаны фотоға түсірілген.
Борис Джонсон мен Кэрри Саймондс туралы медиада 2019 жылы хабарлар шыға бастады. Олар 2020 жылы сөз байласқанын ресми түрде хабарлады.
Кэрри Саймондс Консервативті партияда жұмыс істеген. Лондонның 33 жастағы тумасы – Уоруик университетінің түлегі. Оның әкесі – Мэттью Саймондс The Independent басылымының негізін құрушылардың бірі. Кэрри Саймондс өзін экобелсенді ретінде таныстырады.