Облыстық білім басқармасының ұйытқы болуымен 2016 жылдан бастап балаларды қорғау күніне орай «Жүректен жүрекке» қайырымдылық акциясы ұйымдастырылып келеді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Акция аясында көпбалалы және аз қамтылған отбасыларының, ата-аналары мүгедек отбасыларының балаларынан Tylek.кz сайты арқылы 2944 тілек-хат орналастырылып, балалардың арман-тілектері орындалды.
Кішкентай шығысқазақстандықтар өздерінің хаттарында әртүрлі өтініштерін жазған. Айтар болсақ, велосипед, коньки, шаңғы, күртеше, конструктор, кроссовка, әдемі көйлек, бор мен бояу, мектеп жабдықтары сынды заттарды алуға тілектерін білдірген еді.
Балалардың бұл өтініштері бірқатар ұйымдардың демеушілік көмегінің арқасында орындалды. Жуықта олар қайырымды жандардан әртүрлі сыйлықтар алды. Ал ең белсенді демеушілер алғыс хаттармен марапатталды.