Денсаулық сақтау министрлігінің 31 мамырдағы мәліметі бойынша 27 180 адам коронавирус инфекциясынан емделуде, олардың ішінде 10 908 пациент стационарда, 16 272 науқас амбулаториялық деңгейде ем қабылдауда. Індетке шалдыққандардың арасында 668 адамның жағдайы ауыр, 152 пациенттің жағдайы өте ауыр, 97 науқас ӨЖТ аппаратында жатыр.
Сонымен қатар елімізде 2 114 112 адам вакцина салдырған. Алайда халық арасында вакцинаға қатысты дүдәмал пікірлердің көп екені рас. Бұл туралы «Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы» ШЖҚ РМК Санитарлық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-практикалық орталығының дәрігер-эпидемиологі Лена Қасабекова айтты.
«Коронавирус инфекциясына қарсы вакциналау бүкіл әлемде, оның ішінде біздің республикамызда өте өзекті проблема болып тұр. Біздің міндетіміз – қазіргідей қате әрі теріс ақпараттар ушығып тұрған сәтте «екпе алу керек пе, керек емес пе» деген мәселеде халықтың дұрыс шешім қабылдауына көмек көрсету. Бүгінде халықтың басым бөлігінің тым болмағанда вакцинаның бірінші компонентін алуы маңызды. Бүкіл әлемде вакцина тапшылығы байқалатынын барлығы біледі. Бірақ осыған қарамастан, еліміздің тұрғындарына вакцинаның үш түрі қолжетімді. Мықты иммунитет қалыптасуы үшін вакцинаның екінші компонентін алу керек екені түсінікті. Вакциналау коронавирус инфекциясынан қорғауға кепіл бола алмайды. Вакцина алып, ендігі уақытта «толықтай қорғалдым» деп жүрген адамдарға мұның дұрыс емес екенін айтқым келеді. Адам екпе алса да бұл індеттен 100 пайыз қорғалмайды. Вакциналау коронавирустың ауыр түрінен, өлім-жітімнен қорғайды. Тіпті екпе алған адамның өзі де ауырып қалып, одан әрі сол вирусты таратушы болуы мүмкін», деді Л.Қасабекова.
Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы басқармасы төрағасының орынбасары Айнагүл Қуатбаеваның айтуынша, қазақстандықтар алып жатқан вакциналарды халықаралық тану сертификатын алу бағытында жұмыс жүргізіліп жатыр.
«Қажылыққа сапарлау мерзімінің жақындауына байланысты вакциналау өзекті мәселе деп есептейміз. Осыған орай, Денсаулық сақтау министрлігі өзге де мемлекеттік органдармен бірлесіп, сонымен қатар Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен ақылдаса отырып, Қазақстанда жасалған вакцинаны өзге елдерде де растайтын сертификатты қабылдау мәселесіне қатысты өте белсенді жұмыс жүргізіп жатыр. Бүгінде осы бағытта біздің ел мен Моңғолия арасындағы іс-шаралар нақтыланып жатқанын атап өтуге болады. Дегенмен бұл – бір күннің ішінде шешіле салатын мәселе емес. Меніңше, қажылыққа бару науқаны ұйымдастырылғанға дейін аталған мәселеге қатысты нақты жауап аламыз деп ойлаймын. Бұл ретте қазақстандықтарға екпе жасалып жатқан вакциналарды дәлелдейтін сертификаттарды тану жайында айтып отырмын», деді А.Қуатбаева.
Елорда тұрғындары мен қонақтарын коронавирус инфекциясына қарсы вакциналайтын сауда орындарының тізімін қаланың оң жағалауындағы «Еуразия» сауда үйі толықтырды. Мұнда азаматтар вакцинаның екі түрін қабылдай алады: ресейлік Спутник-V және қытайлық Hayat-Vaх вакцинасы.
«Қала тұрғындары тығыз орналасқан аудандардың бірін вакциналаумен қамту үшін «Еуразия» сауда үйінде де егу пунктін ашуды жөн көрдік. Аудан тұрғындары да аталған сауда орнында ашу туралы бірнеше рет өтініш білдірген. Нұр-Сұлтан қаласы бойынша санитарлық-эпидемиялық бақылау департаментімен бірлесіп, осы мәселенің мүмкіндігін қарастырдық және азаматтарға ыңғайлы болу үшін вакциналау пункттерін ашу туралы шешім қабылдадық. Эпидемиялық талаптарды сақтай отырып, осы жерде вакциналау жүргізіледі», деп атап өтті қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы.
Вакциналау орны «Еуразия-3» сауда үйінің 4-қабатында ұйымдастырылған. Вакциналауға тіркеу бригаданың кестесіне және сауда үйінің жұмыс режіміне сәйкес сағат 19.30-ға дейін жүргізіледі.
Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының қоймаларына демалыс күндері 6 мың доза мөлшерінде отандық вакцина жеткізілді. Бұл 3 мың дозадан екі компонентпен салуға арналған.
Бүгінде елордада I-компонент бойынша вакциналанған адамдардың саны шамамен 170 мың адамды құрады. Қоймада Спутник-V вакцинасының I-компонентінің шамамен 12 мың дозасы және қытайлық Hayat-Vax-тың I-компонентінің шамамен 18 мың дозасы бар.