Індет қаупі әлі сейілмеген күрделі кезеңде балалардың жазғы демалысын ұйымдастыруға аса сақтықпен қараған жөн. Осы ретте балалар да ПТР-тесттен өткізіліп, Сovid-19 індеті анықталмаған жағдайда ғана лагерьлерге жіберілмек. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Балаларда 72 сағат бұрын жүргізілген Сovid-19 зертханалық зерттеудің теріс нәтижесі болған жағдайда жазғы сауықтыру лагерьлеріне кіруіне рұқсат етіледі. Мұның жай-жапсарын Денсаулық сақтау министрлігі Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің Тамақтану, білім беру және тәрбие объектілерін санитарлық-гигиеналық бақылау және қадағалау басқармасының бас сарапшысы Индира Басманова түсіндіріп берді.
Оның айтуынша, әрбір балада лагерьлерге келгенде денсаулық жағдайы туралы құжаттар – 079/у нысаны, сауықтыру лагеріне баратын оқушыға арналған медициналық анықтама, жұқпалы аурулармен, оның ішінде Сovid-19-бен ауырмайтыны туралы анықтамалар, келгенге дейін 72 сағат бұрын жүргізілген ПТР-тесттің теріс нәтижесі бар құжат болуы тиіс.
Биыл балалар лагерьлерінің қызметіне рұқсат етілген. Бірақ әлеуметтік-экономикалық нысандардың «жасыл аймақтағы» жұмыс өлшемшарттарына сәйкес жазғы лагерьлер шектеусіз, «сары аймақтағы» лагерьлерде 50% толғанда және «қызыл аймақтағы» лагерьлерде 30% толғанда жұмыс істейді.
И.Басманова комитет сайтында халықтың санитарлық-эпидемиялық саламаттылығы саласындағы нормативтік құқықтық актілердің талаптарына сәйкес келетін Балаларды сауықтыру ұйымдарының тізімі орналастырылғанын еске салды.
Қазақстан Республикасы Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің 2021 жылғы 26 мамырдағы №24 қаулысымен меншік нысанына қарамастан, балаларды сауықтыру лагерьлері (мектеп жанындағы, қала сыртындағы) қызметінің шектеу іс-шараларын, оның ішінде карантинді енгізу кезеңіне арналған алгоритмі бекітілді.