Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Таразға тарту» жобасы аясында Тараз қаласының «Қарасу» алабынан «Денсаулық саябағы» салынуда. Бүгінде аталған алаптағы каналдың жағалауы тазартылып, құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Саябақтың аумағы бес гектарды құрайды. Бұл қала халқының тынығуына, саламатты өмір салтын сақтауына қолайлы орталық болады деп жоспарланған.
«Денсаулық саябағын» одан әрі дамыту мақсатында облыстағы медицина саласының ардагерлері ұйымдасып, 80-нен астам шырша және ағаш көшеттерін отырғызды. Енді мұнда алдағы уақытта 1 мың түп тал көшеті егілетін болады. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиевтің айтуынша, медицина саласының қызметкерлері өздері бастап көпшілікке көгалдандырылған орында демалуды ұсынып отыр екен. Әрі бұл саябақ қалада халық тығыз шоғырланған аумақта болғандықтан, демалушылардың да қатары көп болатыны сөзсіз. «Таза ауа мен ағаштардың саясында демалу, сондай-ақ, саламатты өмір салтын сақтап, спортпен айналысу, жаяу жүру, далада тыныс алу жаттығуларын жасау – бұл тұрғындардың басты ұстанымына айналуы қажет. Бүгінгідей пандемия кезінде де бұл аса маңызды. «Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын іздеу» керектігін ұмытпаған жөн. Алдағы уақытта бұл жер барлық қала тұрғындары мен қонақтары да келетін демалыс орындарының бірі болады деген ойдамын», дейді ол.
Өңір дәрігерлерінің бастамасымен қолға алынған бұл жоба тарихи Тараз шаһарының сәулетін арттыратын, әсіресе жас буынға саламатты өмір салтын насихаттайтын орталық болады деп күтілуде. Аталған саябақтың құрылысына бюджеттен ақша жұмсалмайды. Жоба демеушілер есебінен жиналған қаражатқа жүзеге асырылып отыр.
Жамбыл облысы