Қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық әскери сот кісі өлтірді деп айыпталған әскери қызметшіге қатысты үкім шығарды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Капитан кісі өлтіргені үшін, сондай-ақ атыс қаруын сақтағаны және алып жүргені үшін кінәлі деп танылды.
«Сот 2019 жылдың желтоқсан айында Талдықорған қаласында болған И. есімді капитан өзінің бастығы Д. есімді майорға 16 калибрлі қарудан жақын қашықтықта басынан оқ атқанын анықтады. Сотталушы қылмыстың ізін жасыру мақсатында қаруды өзенге лақтырған. Сот үкімімен И. капитанға 12 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды», делінген сот хабарламасында.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Еске салсақ, 2020 жылдың 26 желтоқсанында офицердің Талдықорған шағын аудандарының бірінде өз үйінің ауласында бет-жүзіне оқ атылғаны белгілі болды. 36 жастағы әскери қызметшінің денесін үйдің ауласынан өтіп бара жатқан адамдар тауып, полиция мен жедел жәрдем шақырды. Жергілікті әскери бөлімнің майор қызметкерін аман алып қалу мүмкін болмады. Ол дәрігерлер келгенге дейін қайтыс болды.