• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Аймақтар 03 Маусым, 2021

Шаңды дауыл шатыр шайқады

736 рет
көрсетілді

Сейсенбі күні екінтіде оң­түстік-батыстан екпіндей соқ­қан жел қала тұрғындарын біраз әбігерге салды. Маман­дар­дың есебінше, Шымкент қала­сында соққан желдің нақ­ты жылдамдығы секундына 26 метр болған.

Шаңды дауыл салдарынан қала бойынша 5 көпқабатты тұр­ғын үйдің, 3 коммерциялық, 2 білім беру нысанының шатыр­ла­ры ұшып, автокөліктердің, ғимарат­тар­­дың үстіне құлаған. Жалпы ғима­раттардың 3 223 шаршы метр ша­тыры құлаған, 6 автокөлік за­қым­­­­дал­­ған. ­Қазір келтірілген шы­­­ғын кө­ле­мі анықталып жатыр. Өкі­ніш­ке­ қарай, 2009 жылы туған бала зардап шеккен. Бүгінде оның денсаулық жағдайы орташа. Облыстық балалар аурухана­сын­да ем қабылдауда. Үшінші мега­полистің Қаратау ауданы Нұрсат шағын ауданында, Қызыл су, Исфиджаб, Өтеміс, Сайрам, Шапырашты тұрғын алаптарында электр қуаты сөнген. Аудандық электр стан­салардың маман­дары атқарған апатты қалпына кел­тіру жұ­мыстары нәтижесінде, түн жа­рым­ғ­а жақын аталған мекен­жай­лар­ға электр қуаты қайта қосылды.

Шымкент қалалық төтенше жағ­дай депар­таментінің хабарлауын­ша, оқиға орындарында 24 адам, 7 техника, сондай-ақ «ҚазТрансГаз» АҚ Шымкент филиалының, «Оңтүстік Жарық транзит» ЖШС-ның, «Су ресурстар маркетинг» ЖШС-ның қызметкерлері мен тех­ни­ка­ла­ры жұмыс атқарған. Де­пар­та­ментте жедел штаб құры­лып, тәулік бойы кезекшілік ұйымдас­ты­рыл­ған. Коммуналдық қыз­меттер мен апаттық бригадалар дауыл салдарын жоюда.