• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Оқиға 03 Маусым, 2021

Түлектер тартуы

1536 рет
көрсетілді

Әр жылдары мектеп бітірген түлектердің білім ордаларындағы соңғы қоңырау қарсаңында қайырымдылық жасап, мұқтаж жандарға көмектесуі, өз ауылының көркейіп-көріктенуіне үлес қосуы дәстүрге айналды. Биыл да түлектер Түркістан облысының барлық ауданында дерлік қайырымдылық жасап, ауылдастарының алғысын алуда.

Мысалы, Созақ ауданына қа­рас­ты Аққол­тық елді мекеніндегі Шоқан Уәли­ханов атындағы жалпы орта мек­тепті бітіргеніне 20 жыл болған түлектер тозығы жеткен мешіт­те жөндеу жұмыстарын жүр­гіз­ді. Мешіттің күмбезін ауыстырып, ажарын келтірді. Алдына 15 метрлік бас­тыр­ма, көпшілік жиналатын орын жасады, асхана салды. От жағатын қазандығын жаңартып, жылы еденді төседі. Мешіттің ішінара әрлеу-сырлау жұмыстарын жүргізіп, жаңартты. Құ­ры­лыс жұмыстарына 10 млн теңге қара­жат жұмсалған. «Ауылда қа­лып­­­тасқан дәстүр бар. Мектеп бі­тіру­ші түлектер жылда ауыл­­­­ды көр­кей­туге атсалысып, жағдайы төмен отба­сыларға көмек қолын созады. Білім ошақтарын ұмытпайды. Ал­дың­ғы жылдары мешітке «ГАЗель» авто­­көлігін де сыйлаған болатын», дейді ауыл округінің әкімі Болат Есенқабылұлы.

Ал Созақ ауданы, Тасты ауылының Абай жалпы орта мектебін 2001 жылы бітірген түлектері ауылдың орта­лық Наурыз және Абай көшесіне жа­рық­­тан­дыру жұмыстарын жүргізді. Осы ауылдың 2011 жылы мектеп бітірген түлек­тері латын тілінде жа­зыл­ған «жүрекше TASTY» мағы­на­сында­ мону­ментін тарту етті. Сондай-ақ Созақ ауылының «Созақ» мектеп-гимн­а­зиясының түлектері жал­ғыз­басты анаға тұрғын үй салып берді. Төрт бөлмелі үйде ауыз су, жа­рық және жылу жүйесі орнатылған. Соңғы үлгідегі заманауи құралдармен жабдықталған. Ауласы да әрленген. Жаңа баспанаға ие болған жалғызбасты ана Саламат Ералиева қуанышын бөлісіп, жерлестеріне алғысын біл­дір­ді. Жалпы созақтық мектеп біті­ру­ші түлектердің 20 жылдық мере­­келеріне орай демеушілік жасап, туған жердің түлеуіне үлес қосуы дәс­түрге айналған. Мәселен, былтыр бір үй көпбалалы жалғызбасты анаға берілсе, биыл Созақ ауылында үш үй бой көтеруде. Сонымен қатар, бұған дейін ауылдың кіреберісіне киіз үй мен ауыл орталығына бәйтеректің мүсіні орнатылған болатын.

Түлкібас ауданының орталы­ғын­дағы Абай атындағы мектеп-лицейінің 20 жыл бұрынғы түлектері тұрғын үйге қол жеткізе алмай жүрген көпбалалы отбасыға 4 бөлмелі баспана сыйлады. Отағасының мүгедектігі бар отбасы 13 жыл жалдамалы пәтерде тұрып келген. Бұдан өзге, аудандағы Қарағашты ауылында Дауан жалпы орта мектебінің түлектері төрт бірдей мүмкіндігі шектеулі жаны бар Тәжібаевтар отбасының құлап қалған үйін қайта тұрғызып, баспанасын жаңартып, орталық мешіттің жылу жүйесін жүргізіп берген. Ал Түркістан қаласының жастары жалғызбасты, көпбалалы анаға үй сыйлады. «Бекзат» шағын ауданының 1990 жылы ту­ған жігіттері 6 баланың анасына жаңа үй соғып, тарту етті. Айта кетер­лі­гі, үйдің құрылыс жұмыстарын де­меу­шілер мен жігіттер асарлатып, өздері жүргізген. Бұған дейін «Бекзат» шағын ауданының 1988 және 1989 жылы туған жігіттері Наурыз мерекесі қарсаңында екі отбасының баспаналы болуына себепші болған еді. Сондай-ақ Кентау қаласына қарас­ты Ащысай ауылы №7 Ж.Жабаев мектебінің 2001 жылғы түлектері саябаққа балалар ойын алаңшасын орнатып, бал­дыр­ғандарды қуантты. Дәл осындай тар­туды 1984 жылы туған түлектер 9 мамыр – Жеңіс күніне орай, ауыл пар­кінде орналасқан «Мәңгілік алау» мо­нументін қайта жаңартып, Ұлы Же­ңістің 76 жылдығына керемет сый жасаған болатын. Төле би ауданы Қайнар елді мекенінің «Қайнар» жалпы орта мектебінің 20 жыл бұрын түлеп ұшқан шәкірттері «Туған жерге туыңды тік» марафоны аясында ауылдың атауы жазылған кіреберіс қақпа орнатып, арнайы ашылу салтанатын өткізді. Қазығұрт ауданында білім ұясынан осыдан 20 жыл бұрын түлеп ұшқан Қаныш Сәтбаев мектебінің шәкірттері өздері білім алған мектепке заманауи, құны 4 млн теңгелік жазғы спорт алаңшасын салып берді.

Қайырымдылық шаралары жер­гі­лікті мәслихат депутаттары тара­пынан да жасалуда. Мысалы, Жетісай аудандық мәслихатының хатшысы, Nur Otan партиясынан сайланған аудан­дық мәслихат депутаты Әлихан Утанов отбасының атынан «Асықата» жалпы орта мектебіне заманауи спорт алаң­шасын салып берді. Шағын футбол, волейбол және баскетбол ойнауға болатын нысанның ашылу салтанатында депутат бүгінгі жеткен жетістіктердің барлығы да мектептен алған білім мен тәрбиенің арқасы екенін атап өтті. «Біз бұл мектепті бітіріп кеткенімізбен қазір біздің пер­зент­­теріміз, немерелеріміз осында білім алып жатыр. Келешекте түрлі жыл­дарда мектеп бітірген түлектер жи­налып, өздері оқыған мектептеріне осындай алаңшалар салып, көмек беріп отырса екен деген ниеттеміз», дейді заң ғылымдарының докторы, профессор, Жоғарғы Сот жанындағы ғылыми-консультативтік кеңестің мүшесі Мұқтархан Утанов.

Бәйдібек ауданы, Кеңестөбе ауы­лын­да облыстық мәслихат депутаты, кәсіпкер Ғабиден Қапалбаевтың демеушілігімен салынған заманауи шағын футбол алаңшасы пайдалануға берілді. Футболды жақсы көретін ауыл жастары үшін бұл – тамаша сыйлық. Яғни шынығамын, шыңдаламын деген ауыл жастары үшін бұл алаңшаның есігі әрдайым ашық болмақ. Бұл өңір­де­гі қайырымдылық және ауылдың гүл­ден­уіне үлес қосу мақсатындағы іс-шаралардың бірқатары ғана және осы бағыттағы игі істер жалғасын табатыны сөзсіз.