• RUB:
    4.99
  • USD:
    489.36
  • EUR:
    533.45
Басты сайтқа өту
Аймақтар 03 Маусым, 2021

Бескөл ауылындағы тұрғындардың неден уланғаны анықталды

495 рет
көрсетілді

Солтүстік Қазақстан облысы Бескөл ауылының тұрғындары краннан аққан суды ішіп уланып жатыр. Санитарлық дәрігерлер алған су сынамасынан оның микробқа толы екені анықталды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қызылжар аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасына аудандық ауруханадан 105 жедел хабарлама түскен. Дәрігерлер емдеу мекемесіне Бескөл ауылы тұрғындарының құсып, ыстығы көтеріліп, іші өтіп (диарея) келіп жатқанын айтқан. Медицина қызметкерлері сырқаттарға «энтеровирусты инфекция» диагнозын қойды.

«Қазіргі уақытта санитариялық-эпидемиологиялық қызмет эпидемияға қарсы және алдын алу іс-шараларын жүргізіп жатыр. Ауырғандардың үйінен және Есіл өзені құятын көлден судың сынамасы алынып, санитария-химиялық, бактериологиялық және вирусологиялық көрсеткіштерге тексерілді.

Нәтижесінде үйлерден алынған 6 сынама бактериологиялық көрсеткіштер бойынша оң нәтиже көрсетті. Яғни ауыз су ластанған. Қосымша сараптама тағайындалды», дейді Қызылжар ауданының бас мемлекеттік санитар дәрігері Жангелді Ибраев.

3 маусымдағы мәлімет бойынша, қазір емдеу мекемелеріне 18 адам жатқызылған. Оның біреуі ғана – ересек. Жағдайлары қалыпты. Ем-дом қабылдап жатыр.

«Жағдай дұрысталғанға дейін краннан су ішпеуге кеңес береміз. Ас-суға тек қана қайнатып қолдануға болады. Ішуге бөтелкедегі таза суды пайдалану керек. Сондай-ақ әзірге ашық су қоймаларында суға шомылмау қажеттігін ескертеміз», дейді Жангелді Ибраев.

Еске сала кетсек, Солтүстік Қазақстанда жаппай бір ауыл уланып, ауруханаға түскен еді.