• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Спорт 03 Маусым, 2021

Қазақстан шайбалы хоккейден әлем чемпионатын қорытындылады

319 рет
көрсетілді

Қазақстан хоккей федерациясының баспасөз қызметі Латвиядағы әлем чемпионаты барысында жерлестеріміздің арасынан кімдердің дараланғаны жайында мәлімет таратты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Отандастарымыздың арасынан Роман Старченко ең көп гол соқты. Өскемен хоккей мектебінің түлегі жеті кездесуде қарсыластар қақпасына үш шайба енгізіп, төрт рет оңтайлы пас берді. Нәтижесінде ол 7 ұпай жиды.

Қарағанды облысына қарасты Сәтбаев қаласының тумасы Никита Михайлис  те үш голдың авторы атанса, канадалық легионер Кертис Волктың керемет пастарынан кейін біздің ойыншылар төрт мәрте мергендік танытты.

Қорғаушылар арасында ең үздік көрсеткіш Виктор Сведбергке тиесілі. Швециядан келген сайыпқыран алты ойында 4 ұпайға (1 гол+3 пас) иелік етті.

Әлихан Әсетов ең пайдалы ойыншылардың тізімінің алдыңғы легінен көрінді. Әлемдік додаға қандасымыздың өнері +3 деген бағаға ие болды.

Артём Лихотников қарсыластар қақпасына төрт соққы бағыттап, соның екеуінде шайба тордан табылды.

Даррен Диц әр матч барысында 26 минут 16 секунд бойы мұз айдынында ойқастады. Сондай-ақ, ол жеті кездесуде 27 соққы жасады. Бірақ олардың бірде-біреуі нәтижелі болмады.

Қақпашы Никита Бояркин алты ойында орта есеппен 2,27 шайба жіберіп алды. Ол өз қақпасына бағытталған соққылардың 92,93 пайызына тосқауыл қоя білді.

Ал жарыстың өзіне келер болсақ, ол әлі жалғасуда. Бүгін Швейцария мен Германия, АҚШ пен Словакия, Ресей мен Канада және Финляндия мен Чехия құрамалары арасында ширек финалдық сайыстар өтеді.