Егемендіктің, елдіктің бір белгісі – Елтаңба. Төл таңбамыз қалай дүниеге келді? Ондағы әрбір деталь нені меңзейді? Мұндай сұрақтардың жаттанды жауаптарын бәріміз білерміз-ау, бірақ автордың ойы мен тарихи туындының тереңіне бойлай білдік пе? Көкейдегі көп дүниені, айтылмаған сыр мен ашылмаған құпияны білмекке бел буып, Елтаңба авторын сөзге тартқан едік.
– Жандарбек аға, Елтаңбаға қалай келдіңіз? Мұндай қайталанбас туындыны өмірге әкелу үшін ішкі дайындық болуы керек қой.
– Көп адам мені Елтаңба арқылы ғана таниды, тек осы еңбегіммен сәулетші болып қалыптасқандай көреді. Шын мәнінде өзің айтқандай, мен мұндай ірі жобаға үлкен дайындықпен келдім. Елтаңбаны ұзақ жыл толғаттым десем де болады. Себебі мен оның нобайын сызғанда тура 50 жаста едім.
– Иә, сол уақытта сіздің Ташкенттегі беделді сәулетшілердің бірі болғаныңызды білеміз. Бірақ ауыл баласының институтта орыс тобында оқығандығынан бейхабар екенбіз...
– Қазір Қызылорда облысына қарасты шежірелі шаһар – Сығанақтың жанындағы шағын разъездің орта мектебін 1959 жылы бітірдім. Оқушы кезімнен-ақ сурет-сызуға ерекше қызығатынмын. Соны жетілдіру үшін Ташкентке оқуға барғым келді. Одаққа таралатын «Пионерская правда» газетінен П.Беньков атындағы көркемөнер училищесінің шәкіртақы, тамақ және жатақханамен қамтамасыз ететіні туралы оқыған едім. Мен үшін осы оқу орны ыңғайлы көрінді. Өйткені анамнан 5 жасқа жетпей, әкемнен 15 жасымда айырылған мен үшін өзім қалаған оқу орны әрі әлеуметтік көмегі бар училище тиімді-тұғын. Бірақ жолға да қаражат болмады. Сондықтан ауылдағы бір кісіге 1 сомнан 10 мың кірпіш құйып беріп, жолпұлымды таптым. Ташкентке барғанда жататын жерім болмай, жергілікті бір өзбектің сарайында түнеген күндерім болды. Төсек те жоқ, шөптің үстінде жатамын. «Қайыршыға жел қарсы» деген ғой, құжатымды тапсырам деп жүргенде училищеге қабылдау аяқталып қойыпты. Кері қайтуға намысым жібермеді. Ташкентке пойызбен бара жатқан жолда танысқан жерлестерім Ташкент политехникалық институтына оқуға түсуге кеңес берді. Сәттілік серік болып, политехника институтының орыс тобына қабылдандым. Орыс тілін мүлде білмей бір, қаржы қорым таусылып екі қиналдым. Намыстан биік дүние жоқ, базарда жүкші болып нанымды тауып жүрдім.
– Намысқа тырысып жүріп талай белесті бағындырыпсыз. Өзбекстан мен Кубада І орынды иеленген ғылыми жұмысыңызды жазуға да сол қасиет итермеледі ме?
– Оның ең үлкен себепшісі – сол уақыттағы оқу жүйесі. Институттың күндізгі оқу бөлімінде оқитын құрылыс факультетінің студенттері кешке сабаққа әзірленіп, таңнан күн батқанға дейін жұмыс істейтін. Қазір біз толық енгізе алмай жүрген дуалды білім беру жүйесі дегенің осы еді. Теория мен тәжірибені ұштастыратын ең дұрыс шешім болды. Оның үстіне бізге саяси қуғын-сүргінге ұшырап, Орта Азияға жер аударылған мықты мамандар, білікті ұстаздар дәріс оқыды. Соның ішінде В.Архангельскийдің жетекшілігімен ІІІ курста ғылыми жұмыс жаздым. Қала құрылысына арналған еңбегім Өзбекстанда және Кубадағы халықаралық байқауда І орынды иеленді. Бұл мені осы салада одан әрі еңбектенуге шабыттандырды. ІV курста студенттермен бірге Украинаның астанасы Киевтегі жоғары оқу орнының химия факультетінің ғимаратын жөндеуге бардық. Осының барлығы біздің ертерек еңбек адамы болып қалыптасуымызға септігін тигізді. Соңғы курста Өзбекстан мемлекеттік қала құрылысы мекемесіне жұмысқа тұрдым. Сол жерде табан аудармай істеген 40 жылдық еңбек өтілімде Самарқан, Ангрен, Ахангаран, Ферғана, Ташкент қалаларындағы құрылыстарға жетекшілік еттім. Біз бірінші болып Самарқанда 9 балдық жер сілкінісіне төтеп беретін биік ғимарат тұрғыздық. Бұдан бөлек аталған қалалар мен басқа да облыстарда 100 шақты нысан салынды. Оның арасында тұрғын-үй кешендері, жатақхана, сауда орталықтары, әуежай бар. Айтпақшы, Самарқандағы музыкалық драма театрының құрылысы – төл туындым. 40 жылғы еңбегім еленіп, «Өзбекстанның құрметті сәулетшісі» атандым.
– Осынша білім мен біліктің нәтижесінде Елтаңба өмірге келді ғой?...
– Елтаңба – Отаныма деген сағынышымның жемісі, шеттегі қарадомалақтың терең тарихы, жоғары мәдениеті, өлмейтін рухы, тәрбие тұнған салт-дәстүрі, бай өнері сақталған егемен елінің бар екеніне деген мақтанышының, осының бәрін мойындамағандарға өз кәсібімен көрсеткісі келген сәулетші еңбегінің нәтижесі. Бұған қоса туған жерден жырақта жүрген жанға тәуелсіз мемлекетінің іргетасын қалауға атсалысу, осындай тарихи жолда қолтаңбасы мен өз ізін қалдыру – ештеңемен алмастырмайтын асқақ абырой, қасиетті қызмет.
– Тамаша! Ендеше, сол уақытқа кері оралайықшы.
– Мен о кезде Самарқандағы халықаралық қордың Әмір Темір цитаделі жобасына жарияланған байқауға қатысып жатыр едім. «Лениншіл жас» газеті қолыма тиді. Онда Қазақстан рәміздеріне байқау жарияланғаны жазылыпты. Сол уақытта тарихи археологиялық кітаптарды оқып, терең ойдың жетегінде жүрген болатынмын. Содан барлық қосымша жобаларды жиып қойып, Елтаңбаның сызбасын сызуға кірістім. Оның идеясы бір ай ішінде ойыма келді. Ақиқатында қасиетті Отаныма, туған жеріме деген перзенттік парызым мені алға жетеледі. Сөйтіп өзге елдердің елтаңбаларын қарадым, зерттедім. Біздің мөрімізде халқымыздың ата-бабалары – сақ, ғұн, түрік, қыпшақтан бастау алатын қанша мың жылдан аса тарихы мен мәдениетін көрсетуді көздедім. Осы мақсат миымның бір түкпірінен орын алып, шықпай қойғанда қазақтың күнделікті тұрмыста айтылатын «Шаңырағың биік, босағаң берік, керегең кең болсын!» деген тілектер санамда қайта жаңғырды. Осылайша мемлекетіміздің Елтаңбасында халқымыздың ең киелі ұғымы шаңырақты бейнелеуге белді бекем байладым. Өзбек мемлекеттік қала құрылысы мекемесіндегі негізгі жұмысыммен қатар байқаудың талаптарына сай Елтаңбаның макетін жасап, 1992 жылғы сәуір айының соңында Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесінің кеңсесіне апарып тапсырдым. Мен жұмысымды 173-ші болып өткіздім. Сөйтсем байқауға 293 жоба тапсырылыпты. Президент Нұрсұлтан Назарбаев бастаған, қоғам қайраткерлерінен, ХІІ шақырылымның депутаттарынан тұратын әділ қазылар жұмыстарды қатаң қарады.
– Елтаңбаның алғашқы түпнұсқасы «КамАЗ»-бен жеткізілген екен...
– Иә, солай болды. Өйткені диаметрі 2 метр болатын Елтаңба ұшаққа да, пойызға да сыймады. Сондықтан амалсыз Шымкенттен жүк көлігін жалдап, Елтаңбаны Алматыға «КамАЗ»-бен жеткіздік. Комиссияның бірнеше отырысынан кейін, анығырақ айтқанда 1992 жылы 4 маусымда тарихи сәт те таяды. Әуелі таңертеңгі сағат 10-да Мемлекеттік Елтаңбаны талқылау басталды. 5-6 сағаттық қызу талқылаудан кейін, шамамен 17.00-де 293 жобаның ішінен 10 жоба іріктелді. Сол ондықтан менің жобам дараланып шықты. Сөйтсе мен жасаған Елтаңба комиссия мүшелерінің ғана емес, миллиондаған отандасымның көңіліндегіні дөп басыпты. Себебі әр адамның жүрегінде өзі туып-өскен қара шаңырақ ең бір қастерлі, киелі мұрасындай сақталған. Дегенмен кейбір комиссия мүшелері Елтаңбадағы жұлдызды тоталитарлық жүйенің сарқыты, діни астары бар ой деп қабылдай алмады. Сонда Президент Нұрсұлтан Назарбаев: «Бұл – темірқазық! Оның дінге де, Кеңес кезеңіне де еш қатысы жоқ. Қазақ халқы жұлдызың жансын, деп тілек айтқан. Біздің өз жұлдызымыз, өз даму жолымыз бар», деп тартысты талқылаудың нүктесін қойған еді. Сол себепті мен бір нәрсені үнемі айтып жүремін: Елтаңбада Елбасының қолтаңбасы бар. Ол жұлдызды өзі қадаған Елтаңбаға.
– Елтаңбадағы шаңырақты биіктетіп, берік етіп ұстап тұрған уықтарды – халықтар достығының символы, басқұрды дүниенің тепе-теңдігін сақтайтын ұғым деп жүрміз. Бірақ тұлпардағы мүйізге көп назар аудара бермейміз.
– Байқасаңыз, тұлпарда мүйіз ғана емес, қанат та бар. «Ер қанаты – ат» дейтін қазақ үшін тұлпардың қаншалықты қасиетті, киелі екені белгілі. Ал Елтаңбадағы тұлпар – қажымас қайрат пен жасымас жігердің, тәуелсіздікке, еркіндікке ұмтылған құлшыныстың бейнесі. Қанатты тұлпар қазақ мифологиясы мен фольклорында кең тараған. Бұл – ұшқыр арманның, биікке самғаған жасампаздықтың, алға өрлеудің, талмас талап пен асыл мұраттың белгісі. Қанатты жылқылар «Есік» қорғанынан табылған, бұдан 2,5 мың жыл бұрынғы сақ ханзадасы – «Алтын адамның» бас киімінде бейнеленген. Ал мүйіз қайдан алынды? 1969 жылы Жамбыл облысындағы Билікөлдің оң жағалауынан үш мүйізді бас киім киген адамның тасқа қашалып жасалған бейнесі табылған. Түркі дүниесіндегі әпсаналар бойынша мүйіз – батырлық, байлық, ырыс, дәулет, өсіп-өнудің символы, сондай-ақ биліктің, көсемдік пен өжеттіктің көрінісі. Шын мәнінде, бәрі тарихтан бастау алған. Бар ойым киіз үй пайда болғаннан бергі қазақтың болмыс-бітімін, терең тарихын, тегін көрсеткім келді. Ойымдағыны өнермен бейнелегенде бұл қарашаңырақты қоршаған, қазақ халқының өткені мен бүгінін, болашағын қанатына байлап, тұрақтылықтың таңбасындай ерге бекінген текті тұлпардың тұрпаты болып шықты.
– Ал мүйіздегі 7 бөлік ненің белгісі?
– Елтаңбадағы тұлпардың мүйізінде 7 сақина бар. Бұл мүйізді бөліп тұрған жоқ, керісінше біріктіреді. Сол 7 сақина – тектіліктің таңбасы. Қазақ – 7 атасын білген, 7 атаға дейін қыз алыспаған текті халық. Этнографтардың айтуынша, осы игі дәстүрді ұстанатын өзге ұлт жер бетінде жоқ. Аттың алып қанаты астындағы кіші, ортаншы және үлкен қауырсындар – ұлы жүз, орта жүз, кіші жүзді білдіреді. Арасындағы «Белестер белгісі» – қожа, сунақ, төрелер. Олар руға жатпағанымен, қазақтардың қатарына қосылып кеткен. Ал енді осының бәрі барып, жылқыдағы жота іспеттес омыртқаға бірігеді. Түбі бір қазақ дегеннің мағынасы осы. Этнограф, ғалым Ақселеу Сейдімбек: «Қазақта рушылдық болуы мүмкін емес. Оны болдырмайтын тетікті ата-бабаларымыз жасап кеткен. Өйткені менің шешем, әйелім, келінім басқа жүзден. Сонда басқа жүзден болғаны үшін шешемді, әйелімді, келінімді тәрк етуім керек пе? Оған бару мүмкін емес, қазақта рушылдық, жүзшілдік бар дейтін адам қазақ ұлтының ішкі этножаралым тетігін, механизмін білмейтін көрсоқырдың нақ өзі», депті. Осыдан асырып айта алмаспын.
– Елтаңбаның төменгі тұсында тұрған қошқар мүйіз қандай ойды білдіреді?
– Жөн, мұны айтпай кетуге болмас. Қазақтың бар ою-өрнегі қошқардың мүйізінен алынған. Бұл ою жазу-сызу пайда болмай тұрған кезде болған. Мұның өзі біздегі өнердің тереңдігін, мәдениетіміздің әріде жатқанын білдіреді. Ал мен қошқар мүйізбен босағаның екі тұсындағы желбауды бекітіп қойдым, «Босағаң берік болсын!» деген осы.
– Елтаңба мен оны жасау жолдары осыған дейін бірнеше рет өзгертілді. Неге?
– Өзгертілген жоқ, уақыт өткен сайын қажеттіліктеріне қарай дамытылып, жетілдіріліп отырды. Елтаңбаның алғашқы үлгісі пенопластан дайындалған. 1992 жылы 4 маусымда бекітілген жоба 5 жылдан соң, тарихи шешім кезінде қоладан құйылып, 32 килолық үлгіні жаңа астанамыз – Елордаға құрметті күзет сарбаздары жеткізді. 2004 жылы Елтаңба Астанада гипстен жасап шығарылды. Бірақ бұл үлгі технологиялық жағынан дамымаған еді. 2006 жылы мен Елтаңба элементтеріне ғылыми атаулар берумен айналысуға арнадым. Ондағы әр бөлшектің өлшемдерін анықтап, тарихи сипаттама, 41 атауға түсінік бердім. 2007-2014 жылдары CorelDRAW бағдарламасында компьютерлік сызба өлшемдерін жасадым. Ал оның 3D модельдік өлшемдерін құрастыру екі жылға созылды. Сол уақыт аралығында менің авторлық нұсқауыммен электронды жүйесі қалыпқа сәйкес қайта жасалып, оның үлгілері гипстен, силиконнан әзірленді.
– Мұның бәрі не үшін керек?
– Мемлекеттік таңба ешқандай бұрмалауға түспеуі тиіс. Осы мақсатта 2015 жылы сонау 2008 жылы бастаған маңызды жұмысымды соңына жеткізіп, Қазақстан мемлекеттік Стандарттау және метрология комитетінің мамандарымен, «Мекен KZ» компаниясының өндірістік ұжымымен бірге жаңа стандарт үлгісін жасап шықтым. Тұңғыш рет цифрлы компьютерлік жаңа технологияның нәтижесінде Мемлекеттік Елтаңбаға пропорциялық өлшемдердің автоматты өндірістік жасау тәсілі енгізілді. Авторлық талаптарым, сондай-ақ Парламент қабылдаған заңнама толық сақталды. Осы 7 жылдық жұмыстың жемісі, 2016 жылдың 1 қаңтарынан Мемлекеттік Елтаңбаның техникалық шарттары туралы жаңа стандарт бойынша (ҚР. СТ 989-2014) мемлекеттік рәміздің стандартты үлгісі өндіріске енгізілді. Бұл стандарт түрлі ауытқушылықтармен дайындалып, сатумен айналысқан мекемелердің ісіне және өзге де келеңсіздіктерге тосқауыл болды. Өйткені енді Елтаңба жасаушылар дизайнды электронды түрде орындауы тиіс. Сондай-ақ мұндай өндіріс орындары Елтаңбаны жасаудың әдістемелік нұсқаулығын қоса алуы керек.
Ал өзгеріс десек, 2019 жылғы 1 қарашадан бастап Елтаңба еліміздегі тағы бір тарихи шешімнің көшбасшысына айналды. Біз өз әліпбиімізге қайта келдік. Президенттің «Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы» Жарлығына сәйкес Елтаңбаға өзгеріс енгізілді. Ондағы еліміздің атауы латын қарпімен жазылды. Мемлекеттік Елтаңбаға латын қарпінің енуі – оны бүкіл ел болып қабыл алды деген сөз.
– Сіз осы сұхбатқа университеттегі жұмысыңыздан көңілді оралдыңыз. Талай биікті бағындырып, жастық шақтағы арман-мақсатының бәрі орындалған кісіні қуанта алатын қандай құдірет?
– Адамда арман-мақсат деген біткен бе? Иә, сексеннің сеңгіріне шыққанда бізді кез келген нәрсе таңдай қақтырып, көрінген дүние қуанта қоймайды. Көңілге қонса, қуантса, онда бұл ертеңгі ұрпақ, мәңгі жасаса деп армандайтын халқымыз, ұлтымыз үшін жанталасып жүрген жылдар бойғы жұмысымыздың жемісі болуы керек. Сондай бір қолға алғаным – қазақтың ұлттық архитектурасының негізін қалау. Ұлттық архитектураны бедерлейтін кез келді. Өзім жұмыс істейтін Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне Сәулет-құрылыс факультетінің деканы Темірхан Толқынбаев шақырып, Oitek архитектура академиясын ашуды ұсынды. Ғылыми-зерттеумен айналысатын орталық немесе бір институт болғанын қалаймын.
– Иә, біздің бүгінгі архитектураға ғылыми негіз жетіспей жатқан секілді. Себебі еліміздің тарихында қанша ғасыр өтсе де сүйегі сақталып тұрған көне ғимараттар бар. Сол сәулет өнері туындыларының құпиясы әлі ашылмай жатқандай...
– Дәл солай, көп сырдың беті әлі ашылған жоқ. Көне қалаларды көбіне археологтар мен тарихшылар зерттейді. Осы жүйелі жұмыстардан архитекторлар қалыс қалып қояды. Ғылыми негізсіз, зерттеусіз, жобалап жасала салған кез келген нәрсенің ғұмыры келте келеді. Ұлттық архитектура бізге не үшін керек? Қазір адамды, адамзатты бір дүниенің формасын көшіріп беріп таңғалдыра алмайсыз. Ал бізде төл өнер, сәулет өнері жоқ емес, бар ғой. Соны қайта жаңғыртсақ, ұлттық архитектурамызды қалыптастырсақ, төл туындыларымызды тудырсақ, ең әуелі ұлттық кодымызды, ұлттық болмысымызды сақтап қаламыз. Екіншіден, терең оймен, асқан шеберлікпен, ұлттық дәстүрмен салынған құрылыстар туристерді тартуға түрткі болады. Оңтүстіктегі Өзбек еліне туристер ағылады да жатады. Неге? Өйткені оларда ұлттық архитектурасының сарыны сақталған. Үшіншіден, бұл ұлттық сәулет өнерінің дамуына бастайды. Көрдіңіз бе, бір ғана ұлттық архитектура – мәдениет пен өркениеттің өлшемі, терең тарихымыздың көрсеткіші, ішкі туризмнің дамуы, айналып келгенде тұрақты экономиканың негізі бола алады.
– Ал ғылымға негізделген ұлттық архитектура қандай болуы керек?
– Біздің әрбір сәулет өнерімізден, тіпті мынау күнделікті салынып жатқан көпқабатты үйлерден де, түрлі ірі ғимараттардың құрылысынан да қазақылықтың исі аңқып тұруы тиіс. Бұл үшін қазіргі құрылыс нысандарының стандарттарын өзгерту керек. Біз әлі күнге дейін сонау 30 жыл бұрын күйреген Кеңес кезеңінің өлшемдері мен стандарттарынан арыла алмай келеміз. Бізге ұлттық құндылықтарымызға негізделген құрылыс стандарттары мен архитектурасы керек. Мен мұны Oitek архитектурасы деп атадым. Бұл – ұлы дала мәдениетінің философиялық құндылықтарын қамтитын жаңа бағыт әрі салт-дәстүрімізді дәріптейтін бірден-бір ғылым. Онда мемлекеттік рухани жаңғыру идеологиясы ұлттық санамыздың рухани негізі ретінде қарастырылады. Oitek «ой» және «тек» деген қазақ халқының ұғымындағы «ойлау» жүйесі мен «тектілік» түбірінен алынған.
Қазақ – текті халық. Бірақ сол тектілікті қалай көрсете аламыз? Осы мәселеге сәулетші ретінде қарап көрдім. Ұсынған шешімім – ұлттық архитектураның негізін рационалды түрде әлеуметтік инфрақұрылымда қолданысқа енгізу. Oitek архитектурасы ақыл, парасат, сана тұжырымдамасы арқылы дүниенің тұтастығын, қазақ елінің ішкі және сыртқы функциясындағы табиғи үйлесімділікті көрсетуге бағытталған. Мен осы Oitek архитектурасын ғылыми негіздеумен 10 жылдан аса уақыттан бері айналысып келемін. Бұл – ескілікті аңсау емес, болмыстан ажырамау, сананы жаңғырту арқылы ата-баба мен бүгінгі, келер ұрпақ арасындағы байланысты нығайтудың жолы.
– Сіз рухты жаңғыртуды әлдеқашан бастап кетіпсіз ғой. Ал осындай ой мен өнердің ұштасуынан туған туындылар бар ма бүгінде?
– Бар. Елбасының идеясымен, сызбасымен салынған «Бәйтерек» монументі – ой мен өнердің үйлесімді жемісі. «Бәйтерек» – тектілікті білдіретін функциялы, монументтік әрі интернационалды архитектуралық шаңырақтың нышаны. Мұнда «Елім, жерім, халқым бәйтеректей саялы, қасиетті болсын!» деген тілек жатыр. «Бәйтерек» ғимараты Париждегі «Эйфель» мұнарасымен шендеседі. Эйфель мұнарасы десе, Париж еске түсетіндей, «Бәйтерек» те Астана мен Қазақстан деген ұғымды асқақтатты. Сондай-ақ қаланың символына айналды. Дәл осы нысан ұлттық сәулет өнерінің – ұлттық архитектурамыздың негізін қалады деп толық айтуға болады.
Әңгімелескен
Айдана ШОТБАЙҚЫЗЫ,
«Egemen Qazaqstan»
P.S. Сұхбатты әзірлеп болған соң, журналистік қызығушылықпен кейіпкеріміз еңбек ететін Еуразия ұлттық университетіне барған болатынбыз. Тұтас кафедра академияға айналғандай. Академияға арналған кафедра есігінің маңдайшасында Oitek arhitekturasy деп жазылыпты. Ал дәліздегі ұзын қабырғада ұлттық архитектураның негізінде сызылған құрылыс нысандары жобаларының эскиздері ілулі тұр екен. Әлі іске асырылмаған жобалар атауларының («Ұршық», «Аңырақай», «Құрманғазы», «Жеті қазына) өзінен төл архитектураның иісі аңқиды. Ішкі мазмұны мен құрылыс философиясының болмысымыздан бағдар беретіні – бөлек әңгіме.