• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Медицина 04 Маусым, 2021

Тіс қаптамасы Өскеменде өндіріледі

886 рет
көрсетілді

Израиль, Оңтүстік Корея сынды дамыған мемлекеттерде жасалатын абатмент дей-тұғын тіс қаптамасының тетігі енді Өскеменде зерттеліп, шығаруға дайын. Күр­делі іске Д.Серікбаев атындағы тех­ни­калық университеттің ғылыми қыз­­меткерлері білек сыбана кіріскен.

Жоғары оқу орнының қабырғасында ашылған «Материалдарды прототиптеу және өңдеу» ғылыми-өндірістік кешенінің мамандары 3D баспа арқылы титан, ко­бальт-хром қорытпаларынан имплант өнім­дерінің де түр-түрін жасап жүр. Жуық­та олар тіс қаптамасын да модельдеп, сызып, 3D принтер арқылы жонып көрген. Алғашқы сынақ ретінде шығарылғанымен, бәрі сәтті аяқталған. Зерттеу жұмыстарын одан әрі жетілдіру үшін Өскемен, Ал­маты, Нұр-Сұлтан қалаларындағы сто­матологиялық орталықтарымен де қоян-қол­тық жұмыс істесе бастаған. Тіпті Өс­кеменде өндірілген тіс қаптамасын па­циенттерге пайдаланып та үлгеріпті. Кешеннің ғылыми қызметкері Бағдат Азаматовтың айтуынша, тіс қаптамасы мен абатмент сүйекке бекімейтіндіктен клиникалық сынақтан өтпейді. Тек ғана, арнайы сертификат қажет.

– Стоматологтармен бірлесіп жұмыс істеп жатырмыз. 3D принтермен тіс қап­тамасын жасап көрдік. Әзірше бәрі сәтті жүзеге асты. Жұмыс барысына тоқталар болсам, емханадан пациенттің тісінің өл­шемін бізге жібереді. Мұнда біздің мамандар моделін жасап, басып шығарады. Қаптама кобальт-хромнан лазер күшімен басылып шығаратындықтан өнімде кернеу пайда болады. Пайда болған кернеу, кері әсерін тигізеді. Сондықтан келесі тенологиялық процесс – термиялық өңдеу. Бұл процесс арнайы вакуумды пеште 11500С өтеді. Кейін тіс технигі эмальмен қаптап, дәрігерге ұсынады, – деп түсін­дір­ді кешеннің ғылыми қызметкері Бағдат Азаматов.

3D принтерде жасалған тіс қаптамасы, бұрынғы құйып жасаған әдістен анағұрлым сапалы. Ұсақ-түйек ақау да болмайды. Әдетте, қаптаманы қалыпқа құю әдісі­мен жасағанда жұқа жерлері сынып кете­тін көрінеді. Оны техник қайта өңдеп-жөн­дейді. Ал заманауи құрылғы бір демде 100 пайыз өлшемге сай етіп шығарады. Тіс қап­тамасы әбден дайын болған соң абатмент арқылы сүйекте тұрған имплантқа бекиді. Атап өткендей, абатментті Бағдат Азаматов бастаған ғылыми қызметкерлер алдағы уақытта жасап көрмек. Тетік өте ұсақ болғандықтан, жасалу технологиясы күрделі. Сондықтан көп жерлерде жасала бермейді. Дейтұрғанмен, Д.Серікбаев университетінің қызметкерлері нар тәуе­келге бел буып, бұл іске де кіріспек. Олар­дың алаңсыз жұмыс істеуіне оқу орынның ректоры Жасұлан Шаймарданов жан-жақ­ты қолдау көрсетіп отыр.

– Әлемде технологияның қарыштап да­мыған заманында техникалық ғылымға көңіл бөлмеске болмайды. Заман көшіне іле­суіміз керек. Сондықтан да оқу орны­мызда әр түрлі ғылыми сынақтар жүр­гізіліп жатыр. Білікті мамандарымыз жет­кілікті. Жастардың талпынысы да жоғары, – дейді Д.Серікбаев атындағы универ­ситеттің ректоры Ж.Шаймарданов.

Айт­қандай, «Материалдарды прототиптеу және өңдеу» ғылыми-өндірістік кешенінде инженер зерттеуші Дмитрий Догат­кин, Ақбота Кәсенова, Сергей Руден­ко, Мұхаметбек Жақсылық сынды жас­тар тынымсыз еңбек етіп жүр. Заман көшінен қалыспайық десетіндер де солар. Білікті, білімді жастардан құралған топқа бас-көз болып, бағыт-бағдар беріп жүрген ғылыми қызметкер Бағдат Азаматтың еңбегі зор. Біле-білсек, Қазақстан бойынша 3D модельдеу арқылы тіс қаптамасын жасау Өскеменде ғана бар.

Осы орайда ғылыми кешен мамандарымен бірге еңбектеніп жүрген алдыңғы қатарлы стоматология зертханасына да бас сұғып көрдік. Мұнда да заманауи аппараттар тұрғанымен, университет қабырғасындағы құрылғылардың қауқары анағұрлым жоғары екен. Мамандар солай деседі.

– Ғажайып станок тісті өзі-ақ жасап береді. Бұйрық берсе болды. Жалпы біз қолға алып жатқан тіс тетіктері көп елдерде өндіріледі. Ертеңдері «Made in Kazakhstan» деп өндіріп жатсақ, несі жаман?! Университет мамандары тіс қаптамасын жасап жатқандарын естіп қуандым, – дейді тіс емханасындағы зертхана меңгерушісі Дмитрий Нушерванов.

Оның айтуынша, 3D принтерде өсірілген тістер пациенттерге салынды. Артықшылығы, баспа жоғары дәлдікте, модельмен сәйкес келтіріп жасайды. Механикалық қасиеті де жоғары, сапалы. Бір сөзбен айтқанда, адамның өз тісіндей.

Д.Серікбаев атындағы оқу орнының ғылыми қызметкерлері жоғарыда аталған жұмыстарды зерттеу ретінде жасап жатқандықтан, ешқандай ақы сұрамайды. Пациенттер дәрігерлермен ғана есептеседі. Оның үстіне университеттің мақсаты – ғылымға үлес қосу. Сондықтан жасаған өнімдерін сата алмайды. Ал Ресейде 3D принтерде имплант жасау, тіс тетіктерін шығару коммерциялық жолға қойылған. Бізде де өнімдер нарыққа шығатындай болса, кобальт-хромның сертификаты бар, құрылғылары халықаралық стандартқа сай.

 

Шығыс Қазақстан облысы