• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Медицина 04 Маусым, 2021

«Остеосаркома» қатерлі ісігіне алғаш рет операция жасалды

397 рет
көрсетілді

Жамбыл облысының дәрігерлері өңірде алғаш рет «Остеосаркома» қатерлі ісігіне күрделі операция жасады.

Тараз қаласының 23 жас­тағы тұрғыны ауруы жанына батып, бір аптадай ая­ғынан жүре алмай қалады. Жам­был облыстық көпбейінді ауру­ханасының онкологиялық құ­ры­лымына жүгінген оған медициналық тексеріс жасалып, сан сүйегінде қатерлі ісіктің бары анықталады. «Остеосаркома» деп аталатын бұл қатерлі ісік сүйек тінінен пайда болады және сүйектерде кездесетін қатерлі процесс.

Мұндай жағдайда уақыт өткізбей шұғыл түрде хирур­гиялық операция ар­қылы ісікті алып тастау қажет. Жамбыл облы­сында мұндай ота түрі бұрын-соңды жасалмаған. Бұл үшін науқастар Алматы немесе Нұр-Сұлтан қалаларындағы арнайы орталықтарға жіберіле­тін.

Жергілікті дәрігерлер өзара кеңесе келе, бірауыздан ота жасауды ұйғарады. 2 сағат­тан ас­там уақытқа созылған күр­делі ота түріне хирургтар мен онкологтар барын салды. Сәтті жасалған отадан соң науқас жансақтау бөліміне, кейінірек пала­таға ауыстырылған.

«Денсаулығым жақсы. Қазір еш жерім ауырмайды, сүйе­мелдесе жайлап жүре ала­мын. Мені аяққа тұрғызған дәрігерлерге алғысым шексіз. Енді алдағы уақытта қайтадан спорт­пен айналыса алатын бол­дым. Қуанышымда шек жоқ», дейді 23 жасар тараздық тұрғын.

Мамандардың пікірінше, бұл – өте сирек кездесетін кесел. Медицина тілімен айт­­қанда, саркомаға уақтылы опе­рация жаса­маса, кейін кеш болады. Мұндай жағ­дай­да жігіт­тің аяғын кесуге тура келетін еді. Онко­хирургтер қатерлі ісік­ті алып қана қой­май, эндопротез имплантациясын да қойды. Енді ол тізе буыны қызметін атқа­рады.

«Бұрын мұндай диагноз қойылған науқас үшін біздің медицина дәрменсіз бола­тын, ал қазір ісік жайылып кетсе де күресе алатын жағдайға жеттік. Енді па­циент әрі қарай химия, сәуле тера­пия­­ларын алып, емделе алады. Біз жаңа тех­нологиялардың көмегі мен заманауи қон­дырғылардың кө­ме­гімен нау­қастың ая­ғын сақтап қалдық. Енді оңал­ту шараларынан кейін пациентіміз толық­қанды өмірге оралады», дейді онколо­гиялық құрылымның онкохирургі Жандос Сейдахметов.

Алдағы уақытта Жамбыл облыстық көпбейінді ауру­хана­сының онкологиялық құ­ры­лымында мұндай ота түрі жасалатын болды.

 

Жамбыл облысы