Облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, 3 маусымда «Bazis Construction» ЖШС-нің 23 жұмысшысы түскі астан уланып қалған, деп хабарлайды Egemen.kz.
Аталған серіктестік газ-химия кешенінің құрылысын жүргізіп жатыр. Ал, тамақтан уланған жұмысшылар №2 облыстық инфекциялық ауруханасына жатқызылды.
«Инфекциялық ауруханаға 3 маусымда сағат 19:45-те 21 жұмысшы, 4 маусымда сағат 01:00-де тағы 2 адам түсті. Ауруханаға жатқан науқастардың бәрінде улану белгілері байқалды. Науқастар бас айналу, құсу, әлсіздік және диарея белгілеріне шағымданған» деп мәлім етті басқарманың баспасөз қызметінен.
Жұмысшылар «Bazis Construction» ЖШС-нің асханасында тамақтаныпты. Оларға алдын ала қойылған диагноз – тағамдық токсикоинфекция.
«Жұмысшыларға түскі аста манпар, бұршақ сорпалары, сиыр етінен дайындалған тағам, қайнатылған шұжық, пісірілген тауықтың төс еті, қайнатылған қарақұмық, макарон, қырыққабат салаты ұсынылған. Олар улануды түскі аспен байланыстырады» деп хабарлады басқарманың баспасөз қызметі.