Қазақстан мемлекеттілігінің нығаюы қазақ халқының ұлттық санасына тікелей байланысты. Бұған дейін қазақ халқы тарихи дамудың белгілі бір кезеңдерінен өтіп, осының негізінде ол тайпалық пен ұлыстықтан да күрделірек ұлттық сана-сезім деңгейіне көтерілді.
Алайда бұл күрделі үдеріс осыған дейінгі кеңестік дәуірде азаматтар арасында қалыптасып қалған өмірлік көзқарастың келмеске кетіп, оның орнында бос кеңістіктің пайда болған кезінде жүрді. Ол ұлтаралық қатынастар мен экономикалық байланыстардың күйреуі сияқты әртүрлі келеңсіз жағдайларға әкеліп соқты. Соның салдарынан туындаған қарама-қайшылықтар ұлттың рухани-зияткерлік әлеуетін әлсіретті.
Жаһандану үдерісі барысында ұлттық сананың жаңғыруы елімізде азаматтық қоғамның қалыптасуымен қатар өрбіді. Егемендік пен жаһандану арасында қазақ халқына жан-жағына көз салып, туындаған жаңа жағдайды дұрыстап түйсінуге саңылау да қалмады. Батыстың коммунизм идеологиясын жоюға бағытталған жоспарының шеңберінен ауытқуға да посткеңестік республикалардың ешқайсысының мұршасы келмей қалды. Сондықтан экономикалық, саяси және рухани дағдарысты еңсеру нарықтық қатынастарға көшу, мәдениетті идеологиясыздандыру нәтижесінде мүмкін болды. Өкінішке қарай, бұл қоғамдағы мәдени нигилизмге әкеліп соқты. Соның негізінде сол қоғамға тән өзіндік сана мен сана-сезім қалыптаса бастады. Зақымданып, әбден бүлінген сана сәйкесінше өзі тәріздес мәдениетті тудырып отырды. Сөйтіп жалған мәдениет сана-сезімді одан әрі бұрмалап, оны уландыра түсті. Оның ұлтық тәуелсіздікті толыққанды сезініп, ана сүтіне жарымай жатып жаһандану мұхитының тұңғиығына сүңгуіне тура келді. Осылайша, ұлттық даму моделінен оның үстемдік алып келе жатқан әлдебір бірыңғай, әмбебап түріне өту ақиқатқа айналды. Нәтижесінде, мәдени жаһандану әр елдің өз моделінің барлығын ескерместен, барша адамзат өмірін біріздендіріп, яғни «демократияландырып», оны әлемдік үрдіске айналдырып жіберді.
Осыған орай, Қазақстан ұлттық сананы жаңартуды қолға ала бастады. Мұнда бірінші кезекте ұлттың, ұлттық сананың азаматтық бастауы ретіндегі маңызды бір белгісі болған ұлттық сана-сезімге баса назар аударылды. Өйткені ол көпэтносты мемлекетте әрбір этнос өкілдерінің өзінің шығу тегін, мәдени және ұлттық тамырларын түсіну, өз мәдениетін, тілін, ұлттық ерекшеліктерін, болмысы мен жалпыұлттық ынтымақтастықты мойындағанда ғана көпэтносты және көпконфессиялы елде ұлттық сана орныға алатын еді. Демек, ұлттық сананың негізі ұлттық сана-сезім екендігін дұрыс түсіну қажет болды. Өйткені ұлттық сана, әдетте, ұлт деңгейінде көрініс табады. Демек, ұлттық сана-сезімнің субъектісіне жеке тұлға және ұлттық қауымдастық жатса, ал ұлттық сананың субъектісі – ұлт. Ұлттық сана-сезімнің қалыптасуына этностық орта, этномәдени дәстүрлер, этностың діни наным-сенімдері, басқа көптеген фактор өз әсерін тигізері анық.
Ұлттық сана-сезімсіз толыққанды халық болмайды, ондай жерде біртұтас ұлттың қалыптаспайтыны да анық. Сондықтан ұлттың әрбір өкілі өзін оның толыққанды бөлігі деп сезініп, туа салысымен ұлттық мәдениетті өз бойына сіңіріп, оны тасымалдаушы болады. Осыны сезіну әр адамға оның саяси және қоғамдық байланыс жүйесіне қосылуына негіз болады. Ол сөйтіп тек өз ортақтығын ғана емес, сонымен бірге басқа да ортақтықтарды қалыптастыра бастайды, жалпыұлттық қазақстандық бірегейлікті түйсінеді. Бұл үдерісті үрдіске айналдыру үшін тарихтың тәлкегіне түсіп, әбден қансыраған ұлттық сананы тоталитарлық құлдықтың құрсауынан біржолата босату қажет. Мұндай қоғамда посткоммунистік, нарықтық-либералдық және консервативті-ұлттық сияқты санадағы үш толқынның сайысы кезінде қазақ халқының бойындағы ұлттық рухты нығайтып, оның ұлттық санасын өзгерту басымдыққа ие болуы шарт. Сондықтан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ұлттық кодты сақтап қалудың маңыздылығын көрсетіп берді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттың жаңа болмысын қалыптастыруға ерекше мән беріп отыр. Ол қазір сананың істен озып, одан бұрын жаңғырып отыруын қамтамасыз етудің өзектілігіне тоқтап, таным мен тағылым, қоғам мен құндылық, ұлағат пен ұстаным мәселелерін көтеруде. «Біз қуатты тәуелсіз мемлекетімізбен ғана ұлт ретінде жер бетінде сақталамыз» деген күмән келтірмейтін ақиқатты айта келе, Президентіміз отаншылдық пен жаңа ұлттық сана мәселесін жаһандану заманында жұтылып кетпеудің, ұлттық болмысымыздан, төл мәдениетіміз бен салт-дәстүрімізден ажырап қалмаудың бірден-бір кепілі ретінде қарастырады. Өйткені ұлттық болмыстың өзегіне негізделген шын отансүйгіштік қана жаңа ұлттық және қоғамдық сананы қалыптастыра алады.
Жапсарбай ҚУАНЫШЕВ,
қоғам қайраткері, саясаттанушы