«Астана» халықаралық қаржы орталығының Қаржылық қызметтер көрсетуді реттеу жөніндегі комитеті кезекті компанияны тіркеп, осылайша қатысушылардың саны 800-ге жетті. Бұл туралы аталған қаржы орталығының баспасөз қызметі хабарлады.
Комитет өкілдерінің айтуынша, АХҚО қызметіне қызығушылық артып, қатысушылардың саны ұлғайып келеді. Қазір мұнда 53 елдің компаниялары тіркелді. Олардың қатарында Қазақстан, Ұлыбритания, АҚШ, ҚХР, РФ, Эстония, Латвия, Италия, Финляндия, Оңтүстік Корея, Сингапур, Малайзия, Үндістан, БАӘ, Түркия және басқа да мемлекеттердің коммерциялық ұйымдары бар. Аталған компаниялар банк, сақтандыру, қор нарығы, активтерді басқару, жеке банкинг, исламдық қаржыландыру, кредиттік рейтингтер, заңгерлік кеңес беру, бухгалтерлік есеп, холдингтік компаниялар қызметтері және басқа да көптеген салада қызмет түрлерін ұсынып келеді.
«Тағы бір жетістігімізді, атап айтқанда қатысушы компаниялардың саны 800-ге жеткенін қуанышпен хабарлаймыз. АХҚО-да жұмыс істеуге шешім қабылдаған компаниялар оның артықшылықтарын, нақты айтсақ ағылшын құқығы мен салықтық жеңілдіктерді, сондай-ақ шетелдік инвесторларды қорғау тетігін қолданып, өз бизнесін дамытуға ұмтылады. Іскерлік белсенділік пен өңірге инвестиция тартуға арналған инфрақұрылымды дамытуға байланысты жұмысты жалғастырып, қарқынымызды күшейте түсеміз», деді АХҚО Қаржылық қызметтер көрсетуді реттеу жөніндегі комитетінің бас директоры Мұхтар Бөбеев.
Былтырдан бері бұл комитет тіркеу рәсімдерін толығымен цифрландырды. Бұл тіркеу процесін орташа есеппен 3-5 күннен 1 күнге дейін қысқартуға мүмкіндік берді. Тіркеу рәсімдерімен бірге кейбір реттелетін қызмет түрлерін лицензиялау барысы, қаржы-технологиялық компанияларды аккредиттеу және лицензиялау рәсімдері цифрландырылды.
Еске сала кетейік, Қаржылық қызметтер көрсетуді реттеу жөніндегі комитет (AFSA) – Астана халықаралық қаржы орталығында қаржылық қызметтерді және онымен байланысты қызметті бақылау мақсатында құрылған тәуелсіз реттеуші саналады. АХҚО ережелері қаржы компаниялары мен нарық институттарын лицензиялауды, тіркеуді, аккредиттеуді және қадағалауды қамтамасыз етеді.