Қазақстан шахмат федерациясының президенті, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов бүгін атақты қазақстандық гроссмейстер Жансая Әбдімәлікпен кездесіп, оны кәсіби жетістігімен жеке құттықтап, Шахмат федерациясының ең жоғары наградаларының бірі – «Дара» орденін тапсырды, деп хабарлайды Egemen.kz аталған ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Естеріңізге сала кетейік, Гибралтардағы әйелдер арасындағы шахматтан Гран-при кезеңіндегі ойынының қорытындысы бойынша Жансая Әбдімәлік тарихи жетістіктің авторы болды. Бірде-бір ойында жеңілмеген шахматшы мәртебелі жарыста мерзімінен бұрын жеңіске жетіп қана қоймай, сонымен қатар халықаралық гроссмейстер атағын алған алғашқы қазақстандық, сондай-ақ Орталық Азия өкілі болды.
Бейбіт Атамқұлов спортшыны жетістігімен шын жүректен құттықтап, еліміздің спорт жетістіктері қазынасына қосқан үлесі үшін алғыс білдірді. Сондай-ақ шахматшыға жаңа жетістіктер тіледі.