• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Спорт 07 Маусым, 2021

Елдос бесінші орында қалып қойды

836 рет
көрсетілді

Дзюдо күресінен Будапеште өтіп жатқан әлем чемпионатының алғашқы күні Ғұсман Қырғызбаев күміс медальді мойнына іліп, барша қазақстандық жанкүйерлерді қуантса, келесі тәулікте Елдос Жұмахановтың өнерін тамашаладық, деп хабарлайды Egemen.kz.

66 кило салмақ дәрежесінде сынға түскен Елдос Жұмаханов алғашқы айналымда Словенияның сайыпқыраны, 2018 жылғы Еуропа чемпионы, 2017 жылғы сол жарыстың күміс жүлдегері Андреа Гамбочты жолынын ығыстырса, іле-шала аустралиялық Натан Катц пен моңғолиялық Херлен Гандболдан айласын асырды. Бұл бәсекелердің аса шиеленісті өткені соншалық, жеңімпазды анықтау үшін қосымша уақыт қажет болды. Бұл ретте қазақ балуаны өзінің жанкештілігі мен табандылығының арқасында жеңіске жеткенін айта кетуге тиіспіз.

Ширек финалда беларуссиялық Дмитрий Минковтан басым түскен Жұмаханов жартылай финалда әлемдік рейтингтің көшбасшысы, биылғы жылғы Еуропа чемпионы, италиялық Мануэль Ломбардомен айқасты. Бәсеке барысында жарақат алғанына қарамастан қандасымыз барын салды. Бірақ Апеннин түбегінің түлегі біздің жігіттің алдын орады. Одан кейін Елдос қола медаль үшін таласуға тиіс еді. Алайда жарақатына байланысты Жұмаханов татамиге шықпады. Жеңіс Моңғолияның өкілі Йондонперненлей Басхуудің еншісінде жазылды. 

Ал 52 кило салмақтағы Нұрсұлу Ералиева өзінің тұсаукесер кездесуінде Олимпия ойындары мен әлем чемпионатының қола жүлдегері, Еуропа ойындарының жеңімпазы, құрлық чемпионы, бельгиялық Шарлин ван Сникке сан соқтырғанымен, келесі кездесуде моңғолиялық Сосорбарам Лхагвасуренге есе жіберді.