Батыс Қазақстан облысы пандемия деңгейі жөнінен «сары аймаққа» өткенімен, күн сайын вирус жұқтырушылар саны өткен жылғы ең қиын кезеңмен бірдей болып тұр. Сондықтан күзге қарай жағдай күрделене түсуі мүмкін.
– Биыл өңірде дәрі-дәрмекпен қамту жолға қойылды, керекті құрал-жабдық та бар. Жаңадан модульді инфекциялық аурухана іске қосылды. Осы шаралардың нәтижесінде біз коронавируспен жедел әрі нәтижелі күресіп отырмыз. Бірақ жағдай жақсы емес. Егер халық санына шағатын болсақ, біздегі ахуал Нұр-Сұлтан мен Алматы секілді ірі мегаполистармен салыстырғанда жақсы емес. Ауыр науқастар, қайтыс болғандар саны азаймай отыр. Сондықтан босаңсуға әлі ерте, – деді өңір басшысы Ғали Есқалиев коронавирусқа қарсы құрылған штаб отырысында.
Маусымның 6-сы күнгі мәліметке қарағанда, Батыс Қазақстан облысында індет басталғалы бері 23 010 адамнан коронавирус табылған екен. Соның ішінде 341 адам қайтыс болды. Дәрігерлер 17 978 адамның жазылып, қатарға қосылғанын айтады.
– Ауруханаға түскен науқастардың 61%-ында дерт асқынған формада өтті. Биылғы аурудың ең күшейген кезі мамыр айына сәйкес келді. Қайтыс болғандардың 2 пайызы ғана нақты коронавирустан көз жұмса, қалғаны бұрыннан келе жатқан созылмалы дерттерінің асқынуынан дүние салды, – дейді облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының директоры Нәдия Ахметова.
Мамандар сырқаттардың көбіне үйден емделіп, дәрігерге дер кезінде қаралмай, ауруын асқындырып алатынын айтады. Соңғы күндері covid-19-дың аса қауіпті жаңа түрі көршілес Ресейдің Самара мен Саратов облыстарынан да шыға бастаған. Үндістанда көп адамның өліміне себепкер болып, «қара күйе» аталған коронавирустың бұл түрі өте қауіпті.
Өңірдің бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Мұхамғали Арыспаевтың «Батыс Қазақстан облысы аумағындағы карантиндік шектеу шаралары және Ashyq жобасын енгізу туралы» жаңа қаулысы 2 маусымнан бастап күшіне енген болатын. Жаңа қаулыға сәйкес, өңірдегі Ashyq жобасына қатысатын әлеуметтік-экономикалық нысандардың жаңаша жұмыс кестесі бекітілді. Мәселен, қоғамдық тамақтану орындары, жазғы алаңдар, банкет залдары енді таңғы 07.00-ден түнгі 02.00-ге дейін ашық болады. Тек ондағы адам саны «қызыл», «сары» немесе «жасыл аймақ» болғанына байланысты 50, 60 және 70 адамға дейін өзгеріп отырады. Бұрынғыша ойын-сауық, ұжымдық, отбасылық, естелік іс-шараларды, оның ішінде жеке үйде банкет, үйлену тойы, мерейтой секілді адам көп жиналатын өзге де іс-шараларды өткізуге және оларға қатысуға тыйым салынған.
Санитар дәрігер мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор ұйымдары қызметкерлерінің және жеке кәсіпкерлік қызметкерлерінің кемінде 50%-ын қашықтан жұмыс істеуге ауыстыруды ұсынып отыр. Бірақ CОVID-19-ға қарсы вакцинаның толық курсын алған және соңғы 6 ай ішінде COVID-19-бен ауырып жазылған барлық қызметкер қалыпты режімде жұмыс істей береді.
Өңірде Ashyq жобасымен жұмыс істеуші мекеме-кәсіпорындар көбейіп келеді. Соңғы дерек бойынша 6 кинотеатр, 18 фитнес-клуб, 5 концерт залы, 19 сауна мен бассейн, көптеген компьютерлік клубтар, барлығы 481 нысан осындай жұмыс режіміне көшкен.
– Ashyq жобасымен жұмыс істеп жатқан нысандар көбейді. Бірақ келушілерді қатаң қадағалап, санитарлық талаптардың сақталуына назар аудару керек. Мәселен, «қызыл» және «сары» дәрежесі бар, яғни көпшіліктен оқшаулануы тиіс 185 адамның қоғамдық орындарда жүргені анықталды. Орал қаласында вирус таратушы 72 адам, Ақсай қаласында 9 адам емін-еркін қыдырып жүрген, – дейді бас санитар дәрігер.
Санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды бұзған адамдарға әкімшілік шара қолданылады.
Өңірде коронавирусқа қарсы вакциналау ісі де жүйелі жүріп жатыр. Жақында облысқа ресейлік «Спутник V» вакцинасының 27 500 дозасы жеткізілді. Осы кезге дейін 69 387 батысқазақстандық бұл екпенің бірінші бөлігін алып үлгерген. Ал толық компонент алған адам саны 33 мыңға жуықтаған. Жалпы облысқа осы кезге дейін 173 060 доза вакцина жеткізілген.
Батыс Қазақстан облысы