Елордада емтихан кезінде қосулы кварц астында отырған 4 оқушы ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Оқиға Назарбаев Зияткерлік мектебіне үміткерлердің емтихан тапсыруы кезінде болған. Сыныпты кварцтауға арналған ультракүлгін шам өшірілмей қалған.
«Кварц астында отырғаннан кейін денсаулығына шағымданған оқушылар жедел жәрдем көлігімен елорданың №2 көбейінді қалалық балалар ауруханасына жеткізілді. 2004 жылы дүниеге келген 3 бала және 2005 жылғы бір бала ауруханаға жеткізілгеннен кейін бейінді мамандардың тексеруінен өтті, толық медициалық қарау жүргізілді. Олардың барлығының да жеңіл деңгейде көз алмасы зақымданған. Мамандар 4 баланы да тексергеннен кейін тұрғылықты жерлері бойынша амбулаторлық ем алу үшін үйлеріне жіберді», деді Нұр-Сұлтан Қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы.